БілімБасты жаңалықтар

Ақылы жобаларға тыйым салынды ма?

Өткен жылғы республикалық Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ақылы жобаларды сынға алған болатын. «Ақылы байқаулар көбейіп кетті. Ата-аналар кейде амалсыз балаларын қатыстыруға мәжбүр болады. Ол байқаулардың пайдасы да жоқ. Кейбір интернетолимпиадаларда қағазға басып, ақша төлеп, тапсырма алып үйіне қайтқан бала бүкіл отбасы болып, тапсырманы шешіп, ақыры қандай да бір орын алады. Бұл қаншалықты пайдалы, қаншалықты дұрыс? Сондықтан олимпиадалар бойынша Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы бар — мектептерде қазіргідей көп әрі ақылы форматта олимпиадалар болмауы керек. Олимпиадалар мен байқаулар бізде болады. Олар керек! Бірақ бұл ретте министрлік тарапынан нақты регламент болады», — деген-ді министр. Министр айтқанмен, мектеп оқушылары ақылы байқаулардан тыс қалып жатқан жоқ. Ұйымдастырылып жатыр. Мұның себебі неде? Министрлік тарапынан да қолдау тауып, өткізіліп жатқан ақылы жобалар бар. Мұны қалай түсінуге болады? Біз осы мәселе турасында және республикалық «Дарын» орталығының  тікелей қолдауымен  ұйымдастырылатын олимпиада, жоба, байқаулар туралы «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Жаңылсын Нұрғалиевамен сөйлескен едік.

Бұйрық және хаттар

Рас, ақылы байқаулар ұйымдастыратын жеке мекемелер көбейіп кетті. Әсіресе, 2018 жылдан бастап ақылы жобалар өткізумен айналысатын мекемелердің белсенділігі күрт артты. Әр оқушының қатысуы үшін төлейтін жарнасы да біраз қаржы. Сол себептен де болар, былтыр ұсынылған пәндік олимпиадалардың, кәсіби конкурстардың, ғылыми жобалардың, спорттық жарыстардың және басқа да шығармашылық іс-шаралардың тізбесін бекіту туралы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушы Бибігүл Асылованың 2018 жылғы №226 бұйрығы күшін жойды. Содан бері біз ақылы байқаулардың үйлестірушісі емеспіз. Жоғарыда аталған бұйрық күшінде болған кезде республикалық «Дарын» орталығынан жеке мекемелер мен олар ұйымдастыратын ақылы жобалардың тізімі келетін-ді. Облыстық білім басқармасына хат негізінде келген бұл құжаттың көшірмелерін біз қалалық және аудандық білім бөлімдеріне тарататынбыз. Олар тиісінше өздеріне қарасты мектептерге жіберетін. Бұйрық жойылғаннан бастап ақылы жоба, байқаулар туралы хаттарды жан-жаққа таратпаймыз. Былтыр наурыз айынан бастап тіркелген құжаттарды қарағанбыз. Сол кездегі хаттардың бәрінде де біз «жеке мекемелер ұйымдастыратын ақылы байқауларға таратылым жасалмайды» деген мазмұндағы хаттарды жібергенбіз.

Дегенмен біз таратпасақ та ақылы байқаулар ұйымдастырылып жатыр. Оларға заң бойынша тыйым сала алмаймыз, — дейді Жаңылсын Нұрғалиева.

Оның айтуынша, №226 бұйрық күшін жойғанға дейін ақылы жобаларға қатысқан баланың жүлдесі педагог үшін де, оқушы үшін де жетістік ретінде бағаланып, мұғалімдерді аттестациялау, санатын көтеру сынды сынақтарда ескерілетін болған. Қазір бұл артықшылардың бірі де жоқ.

Ақылы байқауларға баласын қатыстырып, қатыстырмау — ата-ананың еркіндегі іс. Кейбір ата-аналар балалары тәжірибе жинақтасын, орта көрсін, сахнаға үйреніссін, бәсекелестік қабілеті дамысын, өз өзіне сенімділігі артсын деген мақсатта қатыстырады.

Жеке мекемелердің іс-шаралары мектеп ғимаратында өткізілмейді. Шара өтетін орталықты ұйымдастырушылардың өздері табады, — дейді Жаңылсын Нұрғалиева.

Бағы асқан байқаулар

Бұйрық күшін жойса да, министрлік тарапынан қолдау көрсетілетін де ақылы байқаулар жоқ емес. Олардың нақты бекітілген тізімі бар: «Адам және табиғат» (мектеп оқушылары), «Адам және табиғат» (мектепке дейінгі ұйымдар үшін), «Ақбота» ойын байқауы, «Русский медвежонок», «British Bulldog», «Кенгуру», (математика), «Кенгуру» (лингвистика), «Золотое руно». Бұл байқаулардың үйлестірушісі — «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының өңірлік орталықтары. Аталған байқаулар ақылы болса да, жүлдегерлерінің өздеріне де, жетекшісіне де тигізер көмегі көп. Яғни жеңімпаз бен жүлдегерлердің жетістігі педагог үшін де абырой болмақ, мұғалімнің кәсіби көтерілуінде ескеріледі екен.

Аталған жобалардың басқа ақылы байқаулардан ерекшелігі неде? Бұл туралы орталық директоры былай дейді:

  • Оқушының логикалық қабілетін дамытады. Әрі балалардың әртүрлі жас ерекшеліктеріне байланысты ұйымдастырылады. Бұл байқаулардың сапасы жоғары екені дәлелденген. Қатысу ақысы да қымбат емес: небары 350-500 теңге. Бәрі де тест түрінде өткізіледі. Бұл қаражат тапсырмалардың тасымалы үшін (Нұр-Сұлтан қаласынан ұшақ арқылы жіберіледі, балалардың еңбегін кері қарай жібереміз), сертификат үшін кететін шығындарды өтейді. Қысқасы, бұл байқаулар талдау негізінде сараптаудан өткен жобалар. Сол себепті де артықшылықтар беріліп отыр.

Нағыз бәйге

Ата-аналар баласын мүмкіндігінше «Дарын» орталығы ұйымдастырған жобалар мен байқауларға қатыстырғаны жөн. Өйткені аталған мекеменің ұйытқы болуымен өткізілетін барлық іс-шаралар тегін ұйымдастырылады. Сондай-ақ баланың қабілетін арттыра түсуде септігі мол. Мұндай байқаулардың «Дарын» республикалық орталығы бекіткен арнайы тізімі бар. Бұл байқауларды ұйымдастыру, шығындарын өтеу үшін бюджеттен арнайы қаржы да бөлінеді. Мысалы, 2018 жылы бұл мақсатта 284 миллион 891 мың теңге бөлінсе, былтыр бөлінген қаржы — 255 миллион 417 мың теңге.

«Ақтөбе-Дарын» өңірлік орталығы интеллектуалдық (зияткерлік олимпиадалар), инновациялық (дарынды балаларды даярлайтын мұғалімдермен жұмыс жүргізіледі), шығармашылық (түрлі шығармашылық жарыстар), спорттық және ақпараттық (ақпараттық қолдау) бағытта жұмыс жасайды.

  • Әр шараның алдымен мектепішілік, аудандық (қалалық) кезеңдері өткізілген соң, біздің тарапымыздан облыстық кезеңі үйлестіріліп, оның республикалық жалғасы ұйымдастырылады. Айта кету керек, бір ғана шығармашылық бағытта ұйымдастырылатын байқаулардың республикалық жалғасы бар 18 түрі бар. Олардың арасында Абай, Шәкәрім оқулары, «Яссауитану» білім байқауы, Әбіш оқулары, Мағжан оқулары, «Ақберен» байқауы, «Абайтану» олимпиадасы, «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» тақырыбындағы айтыс, тағы да басқа жобалар бар. Сондай-ақ, халықаралық жалғасы бар 17 зияткерлік олимпиадалар бар. Олардың арасында халықаралық Жәутіков олимпиадасы, «математика және жобалау» халықаралық ғылыми байқауы, Халықаралық Сәтбаев атындағы олимпиадалар (Математика, физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша) бар.

Дәстүрлі түрде өткізілетін байқауларды мектеп әкімшіліктері алдын ала біліп, балаларды даярлай бастайды.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және Сақтаған Бәйішев университетімен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары «Жалын» орталығында республикалық олимпиадаға дайындалады. Бұл орталықтарда аталған жоғары оқу орындарының мықты педагогтері, ғалымдары жұмыс істейді. Олардың еңбегі үшін қаржы бюджеттен төленеді. Оқытушылар әр баланы өз пәні бойынша жеке даярлайды. Оның нәтижесі өте жақсы көрсеткіштер беріп отыр. Мысалы, соңғы 10 жыл ішінде облыс құрама командасына енген 572 оқушы дайындықтан өтіп, 365-і облыс абыройын арттырды, — дейді Жаңылсын Нұрғалиева.

Өткен жылы зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалардың «Зерде» байқауының қорытындысында біздің облыс жоғары көрсеткішке жеткен. Облыс намысын қорғауға барған 21 баланың 21-і де жүлделі орындарға ие болыпты. Күні кеше ғана Щучье қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында ұйымдастырылған  «Зерде» байқауына біздің облыстан 20 бала қатысқан болатын. Бәрі де жүлделі орындарды иеленді. Бұл сайыста М.Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, облыстық «Білім-инновация» лицейі, облыстық физика-математика мектеп-интернатының балалары бақ сынады. Сондай-ақ жарысқа қатысушылардың арасында ауыл балалары — Байғанин, Әйтеке би, Қобда, Қарғалы, Ойыл, Темір аудандарының оқушылары да бар. Ақтөбе қаласындағы №33, №23, №22, №71 мектептердің оқушылары да қатысты.

2018-2019 оқу жылында облыс бойынша спорттық, шығармашылық, интеллектуалдық бағыттарда өткен республикалық шараларға барлығы 364 оқушы қатысып, 121-і медаль иеленді.

Облыстық «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Ерназар Қуан — халықаралық деңгейдегі байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Жақында ғана өткен  республикалық ІІ «Абайтану» олимпиадасында біздің облыстың екі оқушысы жеңімпаз атанды.

Облыстық білім басқармасының тапсырмасымен Абайдың 175 жылдығына байланысты түрлі номинациялар бойынша облыстық жарыс өткізіледі.

P.S.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңда мұғалімдерге көрсетілетін қолдау көп. Солардың бірі — халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын даярлаған мұғалім еңбегі ерекше бағаланады. Мұндай жетістіктерге ие болған педагогтерге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылған.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button