Абай — 175

Оқушылар Абай өлеңдерін оқыды

Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейі ұжымының ұйымдастыруымен Ембі қалалық №1 орта мектебінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған  «Аңызға айналған тұлға» атты  әдеби-сазды кеш өтті.

Музей қызметкерлері оқушыларға қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы турасында жан-жақты түсіндіріп, олардың тақырыпқа байланысты қойған сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында Ембідегі №2 аула клубының вокал үйірмесінің  оқушылары Абайдың «Көзімнің  қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін орындап, «Жазғытұрым», «Қыс», «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» атты  өлеңдерін жатқа айтып, кештің шырайын келтірді.

Мектеп кітапханашылары Қ.Құрантаева, О.Қалиевалар  кітапхана қорынан  жасақталған «Абай — ұлы ақын» көрмесіне  шолу жасады.

 Анархан САМИҒҰЛЛАҚЫЗЫ,

Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық

музейінің қор сақтаушысы.

Мұғалжар ауданы.

 

КӨРМЕ ӨТКІЗІЛДІ, БҰРЫШ АШЫЛДЫ

Ақши ауылдық модельді  кітапханасында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жылдығына «Абай — дана, Абай — дара қазақта» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кітап көрмесіне Абайдың шығармалары, ұлы ақын туралы деректер қойылды. Кітап көрмесіне қойылған ақынның терең ойлары мен асыл сөздерімен аудан әкімінің  орынбасары А.Тұртаев бастаған ақпараттық топ мүшелері танысып, кітапханашылар  библиографиялық шолу жасады.

Айта кету керек, бүгінгі күні аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай әлемі» атты бұрыш жұмыс істейді. Кез келген оқырман аталған бұрыштан ұлы ақынның шығармаларын оқып, Абайдың өмір жолымен таныса алады.

Д.ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

ҮЗДІК ОҚЫЛҒАН ШЫҒАРМА — «АЛТЫНШЫ ҚАРА СӨЗ»

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы және №27 орта мектеп-лицейінің 5-11 сынып оқушылары арасында «Абай — дана, Абай — дара қазақта» атты байқау ұйымдастырылды.

Байқау екі кезеңнен тұрды. 1-кезеңде қатысушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, 2-кезеңде ақынның шығармашылығы мен өміріне қатысты сұрақтарға жауап берді.

Байқауда қазылар алқасында құрамында айтыскер ақын, халық шығармашылық үйінің қызметкері Марат Ахметов, «Үкіметтік емес ұйымдар» қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова, жас ақын, «Үздік ақын-2019» номинациясының жеңімпазы Нұрсұлтан Әбжан, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдиналар болды.

Шарада байқауға қатысушылар арасында Ниса Гасанова Абайдың «Күз», Дилназ Шағалаева «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», Алина Амангельдина «Базарға қарап тұрсам, әркім барар», Гүлназ Уызбек «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», Әмина Оразова «Интернатта оқып жүр», Ақжүніс Жұмағалиева «Қуанбаңдар жастыққа», Ақбота Нұржаубаева «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», Нұрсезім Мәмбетова «Жетінші қара сөзін», ал Жансұлу Әміралина «Алтыншы қара сөзін» жатқа оқыды.

Сонымен қатар шарада ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін жас өнерпаздар Дана Бажирова мен Азиза Аманжол, ал «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін Мария Сагидуллина орындады.

2-кезеңде ақын шығармашылығы мен өміріне қатысты сұрақтар қойылып, қатысушылар өз білімдерінің деңгейін көрсетті.

Айта кету керек, байқауға қатысушыларды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Н.Қалабаева, А.Әлиева, А.Ажымбетова, Ш.Өтешова, К.Сабирова, Ж.Тамировалар даярлады.

Байқау соңында кітапхана қызметкері Айнұр Төлегенова Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына кеңінен тоқталып, барлық қатысушыларға Алғыс хат және «Ақ қауырсын» ақындар клубының қолдауымен шыққан «Ақ айдын» кітабын табыстады. Ал байқау қорытындысы бойынша С.Жиенбаев атындағы  арнайы жүлдемен Жансұлу Әміралина марапатталды.

Шара барысында «Абай  — әлемдік тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана қызметкері Назерке Жолдиева библиографиялық шолу жасады.

                                                                                 Шырайлым ҚҰДАСОВА,

С.Жиенбаев атындағы 

облыстық жасөспірімдер

кітапханасының кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button