Жеңіс

Бугты кешкен Бөкенбаев

Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Мектеп қабырғасында жүрген бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды. 1939 жылдың дерегі бойынша, республикамызда 6,2 миллион адам тұрған. Соғыс жылдары кеңес әскерінің қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған.

Отан соғысында біздің жерлестеріміз де ерлікпен шайқасты. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық орден-медальдармен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Солардың қатарында жерлесіміз Малкеждар Бөкенбаев та бар.

Кеңес Одағының Батыры Малкеждар Бөкенбаев 1924 жылдың 6 наурызында Ақтөбе өңірінің сол кездегі Жұрын ауданында туған. Ол 1939 жылы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Дайындау халық комиссариатының аудандық өкілдігіне жұмысқа орналасады. Соғыс басталар алдында аудандық газеттің қызметкері болды. 1942 жылдың шілдесінде ол Қызыл әскер қатарына шақырылады. 1943 жылдың шілде айында 1-Белорусь майданындағы ұрыстарға қатысады. Ол  69-армияның 312-атқыштар дивизиясындағы 1081-атқыштар полкі құрамында болып, ұрыс даласында төрт рет жараланған.

Малкеждар Бөкенбаев Белгород түбінде болған ұрысқа қатынасты. Шайқас сегіз күнге созылды. Тек тоғызыншы тәулікте ғана зор шығынға ұшырап, фашистер кері шегінді. Батыл шабуыл алдындағы тыныс ұзаққа созылмады. Міне, үш сапер мен бес барлаушы түн жамылып майдан шебінен өтті. Қайткенде «тіл» алып келу қажет болды. Фашистердің жақын жердегі бекіністеріне бірнеше метр қалғанда бұларға пулеметтен оқ жаудырды. Малкеждар жолдастарына «Дұшпанның назарын аударыңдар», — деп бұйырды да, өзі тыл жағынан жасырынып келіп, автоматтан оқ атып, неміс пулеметшісін  жайратып салды, екіншісін тұтқынға түсірді. Лейтенант  Бөкенбаевтың взводы Бугтен өте бастады. Жаудың миномет пен артиллериядан нөсерлете оқ жаудыруына қарамастан өзеннен ойдағыдай өтті. Бірақ жағаға аттасымен мина төселген бөгетке тап болды. Саперлер жолды ашып, жауынгерлер «уралап», дұшпанның алдыңғы жақтағы траншеяларына лап қойды. Тез және батыл қимыл көрсетудің нәтижесінде жау күшті бекінген жағына қарай шегінді.

Маусымда таңертең Бөкенбаевтың взводы дұшпанды осы биіктіктен қуып шығу жөнінде бұйрық алды. Ол артиллерияның он минуттық атқылауы аяқталмай, жауынгерлерді тіке шабуылға бастады. Фашистер кеңес десантшы-солдаттарының мұндай тегеурінін күтпеген еді. Дзоттарға гранаталар лақтырылып жатқан кезде, тірі қалған гитлершілер тұтқынға берілуге асықты. Осы ұрыста жаудың 102 солдаты мен офицері қолға түсірілді.

1944 жылы 20 шілдеде өз бөлімшесімен бірге Малкеждар Люблин-Брестовск шабуыл операциясы барысында Батыс Буг өзенін кесіп өтті. Архив құжаттарынан табылған Бөкенбаевтың қолжазбасында (21.09.1945): «Я, Герой Советского Союза, младший лейтенант в 1944 году 1-Беларусском фронте своим взводом форсировал реку Западный Буг, нас было со мной вместе всего 21 человек. За день уничтожили два дзота и взяли в плен 102 человек, 2 офицера, а так же прорвали оборону противника и без потерь ни единого человека. За эти боевые подвиги правительство присвоил нам звания Героя Советского Союза. Хорошо действовали в этой операции сержант Симененко Сибиряк, сержант Карагувурдян К.А., красноармеец Жавнер П.А., а так же и другие товарищи. Вот краткий боевой подвиг», — делінген.

Бұл ұрыста лейтенант Бөкенбаев фашист офицерін атып тастап, бесеуін тұтқынға алды. Шайқас кезінде ауыр жарақат алса да ұрыс алаңынан кетпей,1081-атқыштар полкінің негізгі бөлімі келгенше взводты басқарды. Десантшылар взводы жауынгерлерінің ерлігі жоғары бағаланып, олардың бәрі ордендермен марапаттауға ұсынылды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 27 ақпандағы Жарлығы бойынша 312-Қызыл Тулы Смоленск атқыштар дивизиясы 1081-атқыштар полкінің взвод командирі, лейтенант М.Бөкенбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ол соғыстан кейін жоғары партия мектебін бітіріп, Ақтөбе қаласында қызмет етті. «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 1962 жылдың қаңтарынан 1972 жылдың наурызына дейін облыстық ішкі істер басқармасында қызмет атқарып, зейнеткерлер қатарына қосылды.

Малкеждар Бөкенбаевтың хаттарына көз салсақ, оның халқына, Отанына, отбасына деген жанашырлығы сезіледі. Майдан даласынан жазылған бір хатында: «Амандық  — Қабар! Жанико денің сау ма? Қанипаның дені сау ма? Үй іші сондай тегіс аман ба? Ал барлық тума-туысқанның үй іші тегіс аман ба? Ал мен тарапынан хал-жай сұрасаң, денім сау. Сол денсаулықтың арқасында көп-көп сәлемімді жолдаймын», — депті. Бұл — 31.10.1943 жылы жолданған хат.

Қызы Шахизада Бөкенбаева әкесі туралы айтқан естелігінде: «Ол өмірде өте жайдары адам еді, мейірімді, батыл, баритон даусы бар, әнді әдемі орындап, домбыра шертетін», — деп еске алады.

Ардагердің қызының айтуынша, бейбіт заман орнаған соң майдангер облыстық партия комитетінде, кейін 20 жыл ішкі істер басқармасында табанды еңбек етті.

Шахизада Бөкенбаева батыр атанған майдангер әкесін бүгінде жылы еске алады, оның жасаған ерлігін шынайы мақтан тұтады.

Жеңістің 70 жылдығына орай Ақтөбеде Кеңес Одағының Батыры Малкеждар Бөкенбаевтың құрметіне мүсін орнатылды. Сонымен қатар мектеп-интернатқа, заң институтына және Ақтөбедегі бір көшеге жауынгердің есімі берілді. Малкеждар ағамыз 2002 жылдың 13 маусымында дүниеден өтті.

Біз Жеңіс күнін жақындатқан, қара түнек фашизмге қарсы жан аямай  күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Соғыс салған зардап әлі күнге дейін толық жойылған жоқ. Батырларымыздың Отан үшін от кешкен әрбір қадамы, жеңісті жақындата түскен әрбір күні ұмытылмайды. Бұл — ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ.

 Мархабат СӘТБЕКОВА,

тарих магистрі, облыстық мемлекеттік архив қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button