Жеңіс

Әскери медбикенің әңгімесі

Фашистік Германия бастаған сұрапыл соғыс қазақ халқы үшін де ауыр болды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақ жігіттері мен қыздарының ел қорғау мазмұнындағы бейбіт өмірді, өз жері мен елін қорғау турасындағы өтініштері әскери комиссариаттарға толастамай түсіп жатты. Соғыс ауыртпалығын қазақ қыздары да ер-азаматтармен бірдей көтерді. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбісі медициналық-санитарлық батальондар мен госпитальдарда борышын өтеді. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Солардың қатарында Шалқар ауданының тұрғыны, сол кездері тұрмысқа шыққанына көп уақыт бола қоймаған ержүрек Айыш Жанұзақова да болатын.

Айыш апай майданға өмірлік серігі Сағынтаймен бірге аттанған. Он тоғыз жастағы жас келін бастапқыда Приморский өлкесінің Краскино селосында болып, кейін Владивосток қаласында тоғыз ай медбикелік курстан өтеді.  Ол соғыс жылдарында жауынгерлердің жарасын таңып, емдеп, олардың ұрыс алаңына оралуына жәрдем етті.  Алғашқы кезде ол медициналық-санитарлық батальонда рота санитаркасы, №376 бөлімшеде аға медбике болып, кіші сержант әскери дәрежесінде қызмет атқарады. Айыш Жанұзақованың майдандағы осындай ерліктері шекаралас Пхеньян, Хунчунь қалаларында жалғасқан.

Әскери медбике көзі тірісінде Шалқар аудандық газетіне берген сұхбатында былай депті: «Елдегі азаматтар бірінен соң бірі майданға кетіп жатты. 1942 жылдың 15 шілдесінде өрімдей қыздарды да майданға ала бастады. Солардың қатарында мен де болдым. Шалқардан әскери эшелонмен шығып, Ақтөбе қаласында екі күн,  Орынборда екі күн аялдадық. Содан соң әрі қарай Ворошиловградқа жетіп, сонда бізді әр жерге бөлді. Қызыл вагондағы сөре тақтайға қаз-қатар жайғасқан біздер неше күн жүргенімізді ұмыттық, әйтеуір қиян шет — Қиыр Шығыстың Приморский өлкесінен бір-ақ шығыппыз».

Айыш апай сияқты әскери медбикелердің қолынан айығып шыққан талай жауынгер жаумен шайқаста ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға үлес қосты. Жеңіс күнін шалғай жерде қарсы алған Айыш апай 1946 жылы көктемде отты майданнан отбасына, еліне аман-есен оралыпты.

Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Айыш Жанұзақованың жауынгерлік жолын бейнелейтін  фотосуреттермен қатар, медбикелік курстан өткенін растайтын куәлігі және оның атына берілген Мақтау грамотасы сақталған. Соғыстан елге ораларда алған сыйлығы — хирургиялық қайшысы және градусник қорабы музейдің «Ұлы Отан соғысы» залының экспозициясына қойылған. Әскери медбикенің осындай заттарымен қатар оның кеудесіне тағылған «Отан соғысы» ордені мен медальдары бейбіт өмір үшін күрескен нәзік жанның ерлігін дәлелдейді.

Жолдасы Сағынтай Жанұзақов соғыс, еңбек ардагері болған. Қазіргі кезде олардың артында қалған қызы Алма мен күйеу баласы Бақытжанның шаңырағында жиен немерелер өсіп, өніп жатыр.

Қайрат ТАЛЖАНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің сектор меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button