Әлеумет

Есепте тұрғандар жұмысқа орналаса ма?

Қазіргі таңда істі болғандарды жұмыспен қамту — өзекті мәселе. Осы орайда Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті  Өнер орталығында «Бос жұмыс орындарының форумы — 2020» жәрмеңкесін ұйымдастырды. Департаментке қарасты Астана, Алматы аудандарының пробация қызметі мен КА-168/2, КА-168/3 мекемелерінің қызметкерлері жәрмеңкеге қатысып, есепке тұрғандарға жұмыс іздеді. Сондай-ақ жұмыс іздеуші қала тұрғындарына мекемеден бос жұмыс орындарын ұсынды.

Есепте тұрған азаматтарға Ақтөбедегі «Бриг», «Ақтөбе метрология», «Батыс-Мұнай», «Гелиос», «Медная компания», «Табыс Опторг», «АДМ investment», «Батыс Секьюрити» ЖШС және «Технодом», «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы секілді ірі мекемелерге жұмысқа тұруға жолдамалар берді.

— Жолдама арқылы азаматтар жұмыс беруші компанияларға барып, жолығады. Жасыратыны жоқ, есепте тұрған азаматтардың көбісі өздеріне ұсынылған жұмысқа қанағаттанбай, бас тартады. Сондықтан осындай іс-шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Егер олар жұмысқа тұрса, қоғамнан оқшауланбайды, екінші қайтара қылмыс жасамайды. Сол үшін осындай жәрмеңкелердің маңызы зор, — дейді Ақтөбе қаласы Астана аудандық пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Азат Төлегенов.

Жәрмеңкеде департаментке  қарасты мекемелерде қызмет еткісі келетін жұмыс іздеушілерге ондағы бос жұмыс орындарының жалақысы, жұмыс тәртібі мен еңбек шарттары түсіндірілді.

Мекемеде тылмен қамтамасыз ету бөлімінің инженері, қаржымен қамтамасыз ету қызметінің есепшісі және медбике лауазымдарына бос жұмыс орындары бар. Алайда, жұмыс іздеушілердің ішінде жастар жағы «бақылаушы» лауазымына қызығады. Бұл лауазымға келу үшін олар аттестация тапсыруы қажет. Сондықтан біз жұмыс іздеушілерге таңдаған қызмет түріне байланысты бағыттар мен үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жөнінде кеңестер бердік, —  дейді КА-168/3 мекемесінің кадр саясаты тобының аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Ұлжан Умарова.

КА-168/2 мекемесінің кадр саясаты бөлімшесінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Қанат Әбілқайыровтың айтуынша, мекемелердегі бос жұмыс орындары туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі қызметкерлерге ай сайын хабарлама беріледі. Орта және жоғары оқу орындарына хаттар жолданып, жас мамандар шақырылады,  бос жұмыс орындары туралы хабарландырулар газеттер мен департаменттің сайтында жүйелі түрде жарияланып тұрады.  Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен тығыз әріптестік қатынаста жұмыс жасайды. Нәтижесінде есепте тұрған азаматтардың арасында жұмысқа орналасып, еңбек етіп жүргендер көп.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button