Денсаулық

«Қызметіміздің бағасын халық бергені жөн»

Ол — көпке танымал, жан-жағына сыйлы азамат. Қандай ортада болмасын жарқын жүзді қалпында айналасына шуақ шашып жүреді. Бәлкім, бұған мамандығының да әсері бар шығар. Өйткені,  ол — адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жан.

 Ишанбайдан дәріс алған

Ақтөбе қаласындағы №6 емхананың бас дәрігері Жексенби Көптілеуов қаңтардың жиырмасында пайғамбар жасына толды. Денсаулық сақтау саласында қырық жылдан астам жемісті қызмет істеп келе жатқан азаматты жаңа белесімен құттықтап, газет оқырмандарымен жүздестіру мақсатында әңгімеге тартқан едік. Алайда бастапқыда кейіпкеріміз: «Алпыс екі айлам бар, соның ең тәуірі көзге көрінбеген» деп түлкі айтты дегендей, мен өзі нан жеп жүрген жерімізді келістіріп алайық деген оймен, көп көзге түспеуге тырысушы едім. Өздеріңіз ықыластанып тұрғасын, қарсылық білдірудің  де жөні жоқ сияқты», — деп қымсыныңқырап бастап:  «Шалқардың жігітімін. Құмда өскенбіз. Шалқар ауданының әр жағында Айшуақ селолық советі дейді, бір кезде Елтай ауылдық советі атанған, сонда Жіңішке деген құм бар. Сол құм арасында жұрттың бәрі «Киізқора» атаған ауыл болған. Баяғыда  киізбен, терімен, малдан қалған сақтынмен қымтап қора істеп, қыста малды соған қамап, аман алып қалған ғой. Содан «Киізқора» атанған. Біздің әкеміз қой фермасының есепшісі болған. Сол жерде туған баламыз. Есейгенше орыс көрмей өстім. Сөйтіп жүріп дәрігер болуды армандадым. Мектепте осы мамандыққа бейім пәндерді ықыласпен оқыдым. Айшуақ орта мектебінің алғашқы түлегі болдым. Бала күннен армандаған оқуыма түсуіме үкіметтің де қамқорлығы тиді. Аудандық атқару комитеті арқылы жолдама алдым. Жолдамасы бар талапкер конкурсқа қатыспайтын. Соның арқасында Алматының медициналық институтының стоматология факультетіне түстім», — деді.

Жексенбидің әңгімесі студенттік шаққа қарай ойысқанда, есіме осы жігіттің таяуда фейсбуктан өлеңдерін оқығаным, оның ішінен «Кездестірдім ұлыларды, дәріс алдым Ишанбайдан» деген жолдарының жадымда жатталып қалғаны түсті.  Сірә, өзім Ойылдан болғасын, ойылдық атақты ғалым ағаның есімі ыстық көрінсе керек.

— Ол рас, Ишанбайдан дәріс алған адаммын. Мен институтта оқығанда сабақ берді. Тамаша адам еді. Біліктілігі, білімділігі аңғарған адамға әр әңгімесінен көрініп тұратын. Нағыз қазақы мінез. Орыс тілінде лекция оқып тұрып, арасында қазақша: «Қазақтың жігіттері, орыстан әйел алмаңдар!» деп айқайлайтын. «Өзіңіз неге олай жасадыңыз?» деп оңашада сұрағанымызда, «Ой, айналайындар-ай, біз алайық деп алдық па, күніміз үшін алдық қой» деп ақталатын. Сөйтіп тұрып сәлден кейін пәлен жыл отасқан орыс кемпірін мақтай жөнелетін. Сондай қызық адам еді. Ол үйдегі орыс шешеміз де бізге сабақ берді. Жамандығын көргеніміз жоқ, — дейді ғалым аға туралы сауалыма.

Жексенбидің осы әңгімесінен студент кезінен-ақ пысықтықты, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйласуға бейімділігін аңғара қоясың. Бұл қасиеттері институтты ойдағыдай тәмамдап, елге оралғанда да алдынан шыққандай. Оқуды бітірген бойда Ақтөбе қаласындағы облыстық стоматологиялық емханадан мамандығы бойынша қызмет алады.

Сол тұстағы белгілі стоматолог, Ақтөбе медициналық институтының доценті  Мақсот Сумановтың қарамағында еңбек жолын бастайды.

Алайда көп ұзамай Шалқар ауданы өзінің жолдамасымен оқу бітірген маманды іздеп, кері қайтаруды талап етеді.

— Ол кезде жаспыз. Жасыратыны жоқ, қаладан ауданға барғымыз келмеді. Жан-жағымыз бар адамбыз, араға ағамызды салдық, әкемізді салдық. Естуіңіз болар, менің туған ағайым Нетқали Көптілеуов Шалқар ауданында 24 жыл совхоз директоры болды. Сол аға: «Айналайын, қалаға үлгересің ғой, ауылға барып елге қызмет істе» — деп соңғы сөзді айтты. Баруға тура келді. Содан тапжылмай ауданда 33 жыл жұмыс істедім. Қатардағы стоматолог дәрігер қызметін атқарып, одан екі жылдай аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жасағасын, аудандық ауруханаға бас дәрігер лауазымына оралдым. Осында 21 жыл бас дәрігерлік қызмет атқарғаннан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мені Хромтау ауданына бас дәрігер етіп аударды, — деді Жексенби өткен еңбек жолын шолып.

Шалқар сынды қазақы өңірде ұзақ жыл қызмет атқарған басшы сан ұлттың өкілдерінен тұратын Хромтау ауданында қызметке жүрексіне кіріскенін айтады.Тіпті жанашырлық танытқан кей жолдастарының: «Ай, ол жерде жұмыс істей алмайсың» — дегенін де жасырмайды.

— Бірақ ұжымның, елдің азаматтарының  жақсылығы ма екен, үш жылға жуық қызмет істедім, абыройсыз болғаным жоқ. Шалқардан кеткесін де артыма қарайлап, құлақ тігіп жүрдім, жаман сөз естімедім, — дейді өткен қызметтерін еске алып.

Жарас мергеннің ұрпағы

Ақ халатты абзал жандарды «Адам жанының инженері» деп атап жатады. Демек, адам жанын, жүрегін дәрігерден артық түсінетіндер кемде-кем. Содан да шығар, дәрігерлердің арасынан да қалам тартатындарды ұшырастырамыз. Біздің кейіпкеріміздің  де көңіліне оралған жолдарды өлең жолдарына айналдырып, қойын дәптеріне түртіп қоятын ғадеті бар екен. Мүмкін, өлеңдерінің көркемдігінің жетпей жатқан тұстары көп болар, бірақ шындықты жеткізуімен құнды екені ақиқат. Мысалы, бір өлеңінде: «Ши мылтықты ұстап көрдім, Жарас атам пайдаланған», — дейді. Мұның мәнісі — Жексенби ініміз Қабақ руының Жарас аталығынан екен. Жарас батыр өзінің заманында білтемен оталатын ши мылтық ұстап, мергендігімен қырық үйді асырап аты шыққан. Осыдан пәлен ғасыр бұрын өткен сол бабамыздың ши мылтығын ұрпақтары бүгінге дейін сақтап, жеткізген  деп естуші едік. Жарас батырдың тікелей ұрпағы Жексенби Көптілеуов мұны тағы бір растады.

— Бұл көне жәдігер атадан-балаға жалғасып, бізге жетті. Мен оны ұстап көрдім. Кешегі Айшуақ кеңшарында Қарашолақ деген атамыз болды. Жасы 110-ға жетіп қайтыс болды. Ол мылтық атаның қара шаңырағында ілулі тұр әлі. Марқұм ұста кісі еді. Үштаған пілте мылтықтың көне тетігін алып тастап, жетілдірген. Өзінің айтуынша, соңғы рет ши мылтықты атып көрген сол кісі. Атаның жақын туыстары біздер ғой. Кезінде көне жәдігер ретінде ши мылтықты музейге тапсыралық деп ұсыныс білдіргенбіз. Бұған ақсақал: «Менің осынша жасқа келгенім осы мылтықтың арқасы. Өзім өлмей бермеймін, өлсем бірге көмілетін шығар» деп жолатпады. Сосын мен Жарас атамыз тұтынған мылтықтың  макетін істеттім. Қызым дизайнер еді, сол істеді. Түпнұсқамен бірдей, салмағында ғана айырма бар, мылтықтың ұңғысы шойын, ал біз жасаған макетте ол темір ұңғыдан жасалған, жеңіл. Жарас атамыз тұтынған бұл ши мылтық заманында Франциядан шыққан дейді. Аңшылығымен, мергендігімен бір елді асыраған атамыз білтемен тұтанатын ши мылтықты мейлінше меңгергені сондай: «Атқанда дауысын дауысына қосасың ба?» деген сауалға: «Дауысын дауысына қостым деп айтпай-ақ қояйын, бірақ түтінін түтініне қосқаным рас», — депті. Жарас мергеннің ұрпағы атасымен байланысты осындай талай әпсаналарды бізге жыр қып шертті.

Бір мәселе — кадр тұрақтамауы

Ақтөбе қаласында ашылған №6 емхананың тізгінін бас дәрігер 2015 жылдың 1 қаңтарында қолға алыпты. Содан бері арада бес жыл өткен. Емхана — қала халқының бір бөлігіне, 36 мың тұрғынға алғашқы дәрігерлік санитарлық көмек көрсетеді, 300-ге тарта қызметкері бар. Бұған қоса, қаладағы бұрынғы ардагерлер емханасы осы денсаулық сақтау орнына бір бөлімшесі ретінде қарайды.

— Емхана бойынша 70-ке жуық дәрігер, 120-ның үстінде медбике, әкімшілік, өзге де қызметкерлер еңбек етеді. Жалпы біздің емхананың қызметі туралы басқа адамдар, емделушілер айтқаны, бағасын халық бергені жөн сияқты. Бірақ мына мәселелерді айтуға болады, мен келгенде емхананың материалдық базасы нашар еді, қаражат тауып нығайттық. Күрделі жөндеу жүргіздік. Емхана 90-95 пайыз қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұны толық жүзеге асыруға болар еді, оған емхананың материалдық базасы мүмкіндік бермейді. Емхана көп қабатты тұрғын үйлердің  астында орналасқандықтан, зиянды әсері бар деп, кейбір медициналық жабдықтарды орналастыруға ұлықсат бермейді. Алайда ол жұмыстарды да өзге орындармен реттестіріп, атқарып келеміз, — дейді бас дәрігер.

Басшының айтуынша, емдеу орындарындағы бүгінгі басты проблема —кадрлардың тұрақтамауы. Жылына тек осы емдеу орнына жоғары оқу орнын бітіріп 10-15 маман келсе, содан төрт-бесеуі ғана жұмыс істеп қалады. Өйткені жас мамандардың білігі төмен бе, халықпен сөйлесе алмай, тайсақтайды. Тұрақтамаудың негізгі себебі де осы сияқты. Бұған Жексенби француздың бір дана дәрігерінің: «Науқас дәрігермен сөйлескеннен кейін өзіне жеңілдік таппаса, ол дәрігер емес» деген сөзін мысалға келтіреді. Бас дәрігердің ғұмыр бойы ұстанған басты өлшемі бұл.

— Қазіргі медицинаның қолындағы құрал-жабдықтар өте күшті. Дәрі-дәрмектер де жеткілікті. Демек, бізде бәрі бар. Бұрынғы дәрігердің қан қысымын өлшейтін тонометрі, тыңдайтын құралы, сосын бес саусағы ғана болды. Сонымен де адам емдеген. Мен осыны айтсам, кейбір әріптестеріміз жаратпайды. Менің пайымдауымша, біздің бүгінгі дәрігерлердің  білімі, білігі осы заманғы техникалардың дамуына ілесе алмай тұрған сияқты. Сол себептен цифрлық техниканы енгізу талабы қойылып отыр, — деп түйіндеді әңгімесін бас дәрігер.

Денсаулық мәселесі қозғалғанда, көп жағдайда дәрігерлердің айлығы төмен деп жатады ғой. Бас дәрігер бұл сала қызметкерлерінің айлығы теңесіп қалғанын алға тартады. Мәселен, ол басқаратын емханадағы дәрігерлердің орташа айлығы, қосымшаны қосқанда, 130-165 мың теңге, медбикелердің айлығы 95-100 мың теңге. Техникалық қызметкерлердің де жалақысы өсу үстінде.

Стоматологияға қызығушылық

Жексенби — тоғыз ағайынды Көптілеуовтердің екіншісі. Біз білетін ауыл өмірінде отбасындағы балалар үлкенді көшбасшы тұтады, соның ізімен жүреді. Ағаның, әкенің стоматология мамандығын қалауы бұл әулетке де ықпал еткенге ұқсайды. Болмаса, бір қарындасы мен інісінің, екі қызының осы жолды қууын қалай түсіндіруге болады? Қазір білмеймін, бір кезде келіншектер сау тісті жұлдырып алтын тіс салдыратын заманда, стоматологтардың түкірігі жерге түспей тұрды. Осыны еске салған сауалыма:

— Тек тіс салмайды, стоматологияның саласы көп. Расында да, мен жұмыс бастаған тұста дәрігерлердің ішінде үш мамандық иесі — хирург, гинеколог, стоматолог беделді болды. Біз де шүкір болдық қой. Әрине, ол бәрі жақсы болды деген сөз емес, адамның өзіне байланысты. Кезінде мен стоматолог болды деп, сендер де барып жүрмеңдер, жүрек қалауларың болсын деп ескерткенмін іні, қарындастарыма, қыздарыма. Менің жолдасым Гүлназ да дәрігер, институтты бірге бітірдік, бірге ұзақ жыл қызмет істедік, қазір зейнеткер. Мектептің 4- сыныбында оқитын немереміз Жарасханды бағып, үйде отыр. Төрт қызымыз тұрмыста. Үшінші қызым Венера дизайнер, Жарас атаның мылтығының макетін жасаған сол. Ең кіші қызымның мамандығы теміржолшы, экономист, — деді.

Бас дәрігер қызмет бабында негізінен төрт көрсеткішті жіті бақылайды екен. Онысы — ананың, баланың саулығы, аурушаңдықты болдырмау және салауатты өмір салтын қалыптастыру.  Ол басқарған емхана осы төрт көрсеткіш бойынша да ілгері.

Салауатты өмір салтын қалыптастыруда бас дәрігердің өзі үлгі көрсетуге тырысады. Жасында, тіпті 1985 жылға дейін футболды серік қылып келген азаматтың  кейін велосипедке көңілі ауған. Жаз бойы күнбе-күн таңнан тұрып 1,5 сағат велосипед тебу дағдысы. Сосынғы қолы бос кездегі серігі — скандинавия таяғымен жүру.

Медицина қызметкерлерінің тікелей араласуымен тұрғызылған «Денсаулық» саябағы үйінің жанында тұр. Міне, Жексенби таяғын қолына алса, көбіне осы жерде жүреді. «Бұл таяқты қазақ асатаяқ атап, баяғыдан пайдаланған. Арқаға ұстап керіліп жүрсең, тынысың кеңейе қояды. Шаршасаң сүйеу болады. Әрі қорғаныш» дейді дәрігер. Пайғамбар жасындағы азаматтар айтатын жаны бар сөз ғой.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button