Әкімдер есебі

Хромтау: 102,7 млрд теңге инвестиция тартылды

Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров халық алдындағы есеп беру кездесуін өткізді. 2019 жылды қорытындылау жиынына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық басқарма басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, жергілікті тұрғындар қатысты. Сонымен қатар аудан әкімінің есебіне шалғайдағы ауыл тұрғындары  видео байланыс арқылы  қатысуға мүмкіндік алды.

Өткен жылы ауданның барлық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері ілгерілеген.  Өнеркәсіпте өнім өндіру  302,4 млрд теңге құраса, 102,7 млрд теңге  инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылы 70,8 млрд теңге болған еді.

Ауданда 2472 шағын және орта кәсіпкерлік орындары жұмыс жасайды. Өткен жылы құны 650 млн теңгеге гипермаркет, 60 млн теңгеге кемпинг ашылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 21,8 млрд теңгеге жеткен. 102,3 мың га жерге дәнді дақылдар егілген. Білім саласы бойынша 16,5 млн теңгеге 5 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.  2020 жылы Хромтау қаласында құны 60 млн теңге болатын  50  орындық  балабақша салыну жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мұғалімдер еңбек ақысына жергілікті бюджеттен 1 642,4 млн теңге, республикалық бюджеттен 757,4 млн теңге, барлығы 2 399,8 млн теңге бөлінген.

Денсаулық саласында ауданда анестезиолог, акушер-гинеколог, жалпы практика дәрігерлері мамандарына қажеттіліктер бар. Тұрғындар жарықтандыру, қоғамдық көліктердің бағыттарын көбейту, тозығы жеткен  кейбір көп қабатты үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, Табантал ауылдық округінің   жолын жөндеу, денешынықтыру-  спорттық  кешендер, Абай ауылына көпір салу сынды мәселелерді көтерді. Тұрғындар  қойған сауалдарына   тиісті жауаптарын алды.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы облыстың  2019 жылы  әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің артқанын айтып өтті. Сондай-ақ өткен жылы тұрғындардың өтініші мен сұрақтарының орындалу барысына шолу жасады.

«Бюджетіміз нығайып, экономикамыздың артуы — сіз бен біздің еңбегіміздің жемісі. Әрбір адамды толғандыратын жалақы мәселесіне келсек, өткен жылы облыс тұрғындарының орташа айлық жалақысы 15%-ға өсіп, 153 мың теңгеге жетті. Сонымен қатар, ең төменгі жалақы 1,5 есе өсті. Сіздердің тұрмыстарыңыздың жақсаруы үшін үздіксіз еңбек ету — біздің міндетіміз, болашақта жасалатын жұмыстар мен жоспарлар көп», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Сонымен бірге, аудан әкімі Нағымжан Алдияровқа жоспарланған көшелерді жарықтандыру, болашағы бар ауылдық аймақтарға кезең-кезеңімен жолдар салуды, модернизациялау бағыты бойынша көп қабатты үйлерге жөндеу жүргізу жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button