Әкімдер есебі

Ақтөбе қаласының тұрғындарын не толғандырады?  

Есептік кездесу

Есепті кездесуде тұрғындар «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің сапасы, әсіресе жалдамалы пәтерлердің жағдайы, сондай-ақ осы аумақта ұялы байланыс әлі күнге бір ізге қойылмағаны туралы айтты. Ал қала маңында орналасқан елді мекендер тұрғындары көшедегі жарықтандыру, қар шығару, көлік жолындағы арнаулы белгілер мен аялдама павильондарының аздығына қатысты шағымданды. Бұның барлығы өткен жұма күні облыс орталығындағы «Геолог» мәдениет үйінде ұйымдастырылған Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің есеп беру кездесуінде сөз болды.

Өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланған кездесуге Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, мемлекеттік мекемелер басшылары, БАҚ өкілдері мен шаһардың ескі бөлігінің тұрғындары қатысты. Алдымен Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаевтың есебі тыңдалды. Оның сөзінше, аудан құрамына  28 елді мекен кіреді, тұрғындардың жалпы саны 230 мыңнан асады. Алматы ауданы аумағында 42 орта мектеп, 9 арнаулы орта, 3 жоғары білім беретін мекеме, 2 музыкалық мектеп, 2 спорттық мектеп, «Жас натуралистер станциясы», 2 Мәдениет үйі, 9 кітапхана, 84 мектепке дейінгі білім беретін ұйым жұмыс істеп тұр. Сол сияқты денсаулық сақтау саласында барлығы 30 мекеме тұрғындарға қызмет көрсетеді екен. Өткен жылы Ясный-2 елді мекенінде жаңа амбулатория, Ақшат елді мекенінде 140 балаға арналған «Алаң» балабақшасы, ал Украинка мен Бекқұл баба елді мекенінде 300 орынға шақталған мектептер пайдалануға берілген. Ал нәтижелі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар аясында былтыр қысқа мерзімді кәсіби оқуға, соның ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға 349 жұмыссыз азамат жіберіліп, соның 277-сі курсты тәмамдаған. Кейіннен 209 ақтөбелік соның арқасында тұрақты жұмысқа орналасыпты. Жоғарыда аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 32 адам 377032 мың теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 17 адам 149 300 мың теңге, «Ақтөбе ауыл микрокредит» арқылы 1 адам 16 млн теңге, «Ақтөбе Несие» ЖШС арқылы 1 адам 6 млн теңге қаржы көлемінде шағын несие алғанын айта кету керек. Барлығы 51 адам өткен жылы 548 332 мың теңге қаржы көлеміндегі несие алған. Сол секілді «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өз бизнесін ашуға 98 адам 47589128 теңгенің грантын иеленген. Мұнымен бірге, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздерін 126 адам оқыған. Дей тұрғанмен, жұмыссыздар саны әлі де аз емес. Ресми дерекке сүйенсек, Алматы ауданы бойынша қазіргі таңда тіркелген жұмыссыздар саны — 597.

Одан соң Ақтөбе қаласы әкімі Мавр Абдуллиннің баяндамасына кезек берілді. Шаһар басшысының айтуынша, былтыр 150 жылдығын атап өткен Ақтөбе қаласында халық саны 500 мың адамға жеткен.

Өткен жылы бюджеттің кіріс бөлігі 41,4 миллиард теңгені құрады. Бюджеттік шығыстар бойынша республикалық, облыстық және қалалық бюджеттердегі 79,6 миллиард теңге көлеміндегі аударымдар 99,5 пайызға игерілді.

2019 жылы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 572,3 миллиард теңгені құрады, жоспар 98,8 пайызға орындалды. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 200,7 миллиард теңгені құрап, 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 110,3 пайызға артты. Бұл көрсеткішке қаланың 90 негізгі кәсіпорны мен ұйымдарының инвестициялық салымдары арқылы қол жеткізілді. Жалпы, былтыр жалпы құны 25,2 миллиард теңге құрайтын 38 жаңа жоба іске қосылып, 1700 жұмыс орны ашылды.

Ірі жобалардан жобалық құны 3 миллиард теңге болатын «Фотон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұяшықты бетон өндіру зауыты жаңғыртылды, құны 1,7 миллиард теңгенің «Ақтөбе хром қосындылар зауыты» акционерлік қоғамның пигмент хром оксидін өндіру цехы, жобалық құны 3,2 миллиард теңге  болатын «Фаэтон компаниясы» серіктестігінің «А» дәрежелі логистика орталығы, 7,1 миллиард теңгенің «Грин Капитал Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешені құрылысының 1-кезеңі іске қосылды.

Ақтөбе облысы агломерациясын дамыту жоспарына сәйкес, 7 негізгі бағыт бойынша атқарылатын шаралар белгіленіп, жұмыстар жүргізілуде, — деді ол.

Кәсіпкерлік саласына келсек, былтыр Ақтөбе қаласында жаңадан 2240 бірлік шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, жалпы саны 48,3 мың бірлікті құраған. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының саны 39,6 мыңға жеткен. Ал осы салада еңбек ететін жерлестердің саны — 106,3 мың.

2019 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының барлық бағыттары бойынша 11,3 миллиард теңгеге 241 жобаға қолдау көрсетілсе, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 4,5 миллиард теңге көлеміндегі 20 жоба мақұлданған. Өз кезегінде кәсіпкерлік субъектілеріне аукцион арқылы 291,4 миллиард теңгеге жалпы аумағы 123,4 гектар 105 жер учаскесі сатылыпты.

Өткен жылы бюджет есебінен төрт 9 қабатты және 16 аз қабатты тұрғын үй салынса, жеке қаражат есебінен 24 көп қабатты үй бой көтерген. Бүгінгі таңда мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде 23756  отбасы тұр. Өз кезегінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1405 пәтер, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 485 пәтер, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 797 пәтер пайдалануға берілгендігі белгілі болды. Қазіргі уақытта тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алу кезегінде 143,5 мыңнан астам адам кезекте тұр. Алайда инженерлік желілердің болмауына байланысты жер учаскелерін беру тоқтатылғанын, өткен жылы тек 116 жер учаскесі берілгенін айта кету керек. Осы орайда қаладағы 346 көп қабатты ғимаратта 829 лифттің барын, оның техникалық ақауларға байланысты 282-сінің пайдалану мерзімі өткені айтылды. 2019 жылы 18 жеделсаты ауыстырылған екен.

Көлік жолынан бөлек, жолаушылар тасымалы — ақтөбеліктерді ерекше толғандыратын мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Ақтөбеде бұл қызметпен екі кәсіпорын — «ПАТП» пен «Автопарк» ЖШС-лары айналысады. Олардың ұсынған дерегінше, 54 бағыт бойынша күн сайын 317 автобус қатынайды. Алайда толық қызмет көрсету үшін әлі де 80 автобус қажеттігін Ақтөбе қаласының әкімі атап өтті.

— Автобустар электрондық төлеу жүйесінің төлем терминалдарымен жабдықталып жатыр. Алдағы наурыз айына дейін барлық автобустарға электрондық төлеу жүйесін енгізіп, бейнекамералар, дауыспен хабарландыру құрылғыларын орнатып, қызметкерлерді бірыңғай киім үлгісіне көшіру және аялдамалар атауларын өзгерту бағытындағы жұмыстарды аяқтауымыз қажет. Сонымен қатар, қызмет көрсетуді жақсарту үшін жаңа 100 автобус сатып алу қажет, — деді өз баяндамасында Мавр Абдуллин.

Сондай-ақ, қазіргі таңда қалада үш ауысымдық 7 мектептің (№12, №53, №56,  №60,  №63, №64, №68) бары, аталған түйткілді шешу үшін биыл 5 мектепті ашу жоспарланып отырғаны тілге тиек етілді. Олар — Батыс-2 шағын ауданында 1200 орындық және 400 орындық екі жеке мектеп, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 900 орындық, Рауан және Шилісай елді мекендеріндегі 300 орындық екі мектеп.

Тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар аз болған жоқ. Мәселен, есептік кездесуге қатысқан Пригородный елді мекенінің тұрғындары тым болмаса басты көшенің көлік жолын жөндеп, Мәдениет үйін қалыпқа келтіруді сұрады, сондай-ақ жарықтандыру жайы сын көтермейтінін айтты. Ал Украинка ауылынан келген ақсақал Фарид Ахметжанов қыс мезгілінде жолдардың қардан тазартылмайтынына, тұрғылықты емханада білікті дәрігерлердің аздығына шағымданды. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының бір топ тұрғындары аумақта байланыс желісінің нашарлығын, аялдама павильондарының жоқтығын жеткізіп, олар жақта да қарды аршу жұмыстарының жүргізілмейтініне арызданды. Сол сияқты «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан бірер жылдықта жалдамалы пәтер алғандардың құрылысты жүргізген мердігер мекемеге өкпесі қара қазандай: пәтерлердегі тоқ желілері дұрыс жалғанбаған, үй іші суық, жертөле пен подъездің жағдайы — бөлек әңгіме. Ал аталған баспаналарда негізінен жалғызбасты, көпбалалы аналар тұрады екен.

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин арнаулы техникалардың алдымен қала жолдарын, қоғамдық көлік өтетін жерлерді қардан тазартатынын, кейіннен елді мекендердің басты жолдарына баратынын, ал көлік жолын жөндеу, әлеуметтік нысандар салу жоспарда барын айтты. Жарықтандыру жайы, аялдама павильондарын орнату да биылғы жоспарға енгізіліпті. Арендалы пәтерлер иелерінің мәселесі жауапты мамандарға тапсырылды. «Әр мердігер мекеменің тұрғын үй алдындағы міндеттемесі бар, ол белгілі бір уақытты қамтиды. Дереу сол бойынша құрылыс компанияларын жауапқа тартыңыздар. Егер көнбесе, сотқа беру керек. Тұрғындарды мұндай күйге салуға болмайды. Мәселені тездетіп шешіңіздер», — деп ескертті қалалық әкімдік қызметкерлеріне Мавр Абдуллин.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button