Жаңалықтар

Пешті қыздырып жағып, үйді жауып кетуге болмайды

Брифинг

Биылғы жылыту маусымында адамдардың табиғи газдан улануы мен ыс тиюі негізінен  тартпайтын пештер мен мұржа, желдеткіштері дұрыс жұмыс істемейтін табиғи газбен жылытылатын қондырғылардан шықты.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Евгений Овчарский  мен осы департаменттің басқарма басшысы Айбат Жаңабергенов баяндады.

Осы  жылыту маусымында  облыс аумағында 196 өрт тіркеліп, одан 7 адам қайтыс болған. Сонымен қатар 4 адамға  ыс тиіп, газдан уланған. Евгений Овчарскийдің айтуынша, тұрғындар  қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, пештерін жөндеп, тазартпайды.

7 желтоқсанда Құрашасай елді мекенінде сөндірілмеген темекі тұқылы себебінен тұрғын үйдегі шыққан өрттен 4 адам қайтыс болған. 21 қаңтарда Ақтөбеде  ағайынды Жұбановтар көшесіндегі көп қабатты үйдегі пәтерде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шығып, екі бала тұншықтырғыш газдан уланған.

2 қаңтарда «Автомобилист» бау-бақша ұжымында ақауы бар пештен  бір ересек адам екі баласымен  ыс тиіп уланып қалды. 11 қаңтарда Қандыағашта бір үйден   кірпіштен қаланған ескі пештің саңылауынан шыққан улы газдан 4 бала,  екі ересек адам уланды. 30 қаңтарда осы қалада тағы бір тұрғын үйде мұржасы тартпайтын газбен жылытылатын қондырғы сөніп қалып, желдеткішінің жоқтығынан улы газ үйдің ішіне жайылған. Кеңқияқ елді мекенінде де жыл басында тап осындай жағдай болды.

— Адамдар  пеш мұржасын тазаламайды, іштегі  газ пешіне жалғанған мұржаның  ұзындығы үйдің шатырынан бір метрден жоғары болуы керек. Өкініштісі, бұл ережені тұрғындар  сақтай бермейді, — дейді  Евгений Овчарский. ТЖД қызметкерлері қаладағы 12 мың отбасының жылыту қондырғыларын тексеріп, 155 үйдің пешінен ақау тапқан.

Улы газдан сақтанудың қазіргі тәсілі — тұрғын үйлерге улы газ шықса, дабыл беретін қондырғылар орнату. Мұндай қондырғының ең арзаны — 2-3 мың теңге, жарамдылық мерзімі де 2-3 жыл. Айбат Жаңабергенов  қалалық әкімшіліктің  жақында 100 дабыл қондырғысын сатып алғанын хабарлады. Алдағы күндері  осы құралдар әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жалғызілікті адамдардың үйлеріне, әсіресе көмірмен жылытылатын пештері бар үйлерге қондырыла бастайды.

ТЖД мамандары көбіне  пешті жағып, үйді құлыптап кетіп қалатын бау-бақша ұжымдарындағы  адамдардың әрекетіне қатты алаңдайды. Пешті қатты қыздырып, қараусыз кетіп қалуға болмайтынын ескертеді ТЖД мамандары. Өрт осындай жерлерден жиі шығады.

                                                                            Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button