Ауыл

Сауда үйін салды, 400 түп алма ағашын екті

Кәсіпкерлік

Ойылдық  Дархан Айдаров екі жылдан бері кәсіпкерлікке бет бұрып, ауылдастарына іскерлігімен танылды.  Өткен жылы құрылысы басталған «Керуен сарай» атты сауда үйі іске қосылып,  енді өз тұтынушыларына қызмет етеді.

Бұл — аудан орталығындағы жаңа жылдың басында ашылған алғашқы нысан.  Бұған дейін ол өз дүкендерінің желісін ашқан болатын. Кәсіпкерлік саласында бірнеше істі қатар жүргізген жігіт жаңа ғимаратты еш жерден несие алмай, өз қаржысына тұрғызған. Сауда үйінің ашылу салтанатында «жақсыны көрмекке» жиналған жұрт батасын беріп, село әкімі Сәндібек Дәулетқалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, лебіздерін айтты.

Жаңалықты шашуларымен бөліскен ағайындарының атынан сөйлеген Дарханның әкесі Қондыбай ағай көпшіліктің пейіліне риза болып алғысын білдірді.

Жаңа сауда үйінде тұрғындардың талғамына қарай киім-кешек, ыдыс-аяқ секілді тұрмыстық заттар сатылады. Алғашқы күні кәсіпкер сатып алушыларға 30 пайыз жеңілдік жасады.

Дархан өткен жылы бақша салып, табиғи өнімдерімен тұтынушылардың талғамын тап басты. Ол бұрынғы алма бағын қайта жандандырмақшы. Село іргесінен 25 гектар жер телімін алып,  400 түп алма ағашын отырғызды. Бұдан былай жеміс ағашының түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.

— Ойылда алма бағын өсіріп, жемісін көбейткім келеді. Таза, табиғи жердің өнімі қашанда сұранысқа ие болады. Сонымен бірге алмұрт, өрік ағаштарын ексем деймін. Былтыр бақшаны өзен суымен суардым. Жалпы бақша ісіне жұмысшы керек. Бірақ ешкім келгісі келмейді. Аудан әкіміне біраз ұсыныстарымды айттым. Соның бірі — субсидияның төленуі.  Су мен электр жарығы тартылса, жұмысымыз жеңілдеп әрі үлкен көмек болар еді, — дейді Д.Айдаров.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button