АуылБасты жаңалықтар

Қаңтарда қияр гүлдетті

Кәсіпкерлік

Миржан Құлбаевтың бағбандықты отбасылық кәсіп қылғанына біраз болды. Ол үшін сәуір-мамыр айлары  қарбалас шақ. Ауласындағы шағын аумақты жазда иранбаққа айналдырып қояды.

Өзінің былайғы шаруаға да қолы шебер. Үнемі ізденіп, техника саласындағы жаңалықтарға құлағын түріп жүреді. Тіпті ғылымның жаңалықтарын өз тәжірибесінде қолданып жасаған дүниелері талайдың таңдайын қақтырды. Қолдың қысқалығы көсілуге кедергі болғаны рас. Бірақ барды ұқсатып, қарабайырлау болса да, ұсынықты қолдың ізі бар шағын жылыжайының өнімдерін мамыр айында-ақ тұтынушыларына ұсынып жүретін.

Биыл шаруасын кеңейтіп, ойын жүзеге асыруға мүмкіндік тапты. Бұған көмекке аудандық кәсіпкерлік палатасы келді. Жолдасы Сапура «Бастау Бизнес» жобасы арқылы арнайы курсын оқып алды.Нәтижесінде несие алып, отбасылық кәсіптің көшіне ілесті.Сөйтіп,Ойыл тарихында алғаш рет жылыжай ашылды.

Қияры түйнектеп, қызанағы гүлдеп, пияздары сатуға жарап қалған жылыжайдың жемісін көрер күн де алыс емес.«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту-Еңбек» бағдарламасы арқылы 5 миллион теңге алып, жазда кәсібін бастаған жігіттің жаңалығына көпшілік қуанды.

— «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту-Еңбек» бағдарламасы арқылы өткен жылы аудан кәсіпкерлері 360 миллион теңге несие алса, соның бірі — Сапура Мырзағалиева. Мемлекеттің қолдауының куәсі — осы, — деген аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, лебізін білдірді.

Қаңтардың ішінде қызанағы гүлдеп, қияры түйнектеп тұрған жылыжай иесі наурыз айында тұтынушыларына өнімін ұсынуды көздеп отыр.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button