Мәдениет

Қарабұтақ жастары үздік атанды

Фестиваль

Әйтеке би аудандық «Целинник» мәдениет үйінде аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Замандас» халықтық театрының ұйымдастыруымен «Ауыл тірегі — жігерлі жастар-2» ауыл жастарының фестивалі өтті.

Шараның басты мақсаты — ауыл жастарының мәдениті мен рухани байлығын дамыту, талантты да дарынды жастарды қолдау, ауыл жастарының мәртебесін көтеру.

Фестивальге Аралтөбе, Жабасақ, Ақтасты, Үшқатты, Жамбыл, Құмқұдық,  Қарабұтақ  және Комсомол ауылдық округінің белсенді де талантты жастары қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Сайысқа қатысушылар «Үздік вайн», «Үздік интермедия», «Үздік өнерпаз», «Үздік клип» номинациялары бойынша сынға түсті.

Нәтижесінде Қарабұтақ жастары «Үздік ауыл жастары» атағын жеңіп алса, жүлделі ІІ орынды Жамбыл жастары еншіледі. Ал ІІІ орынға Құмқұдық жастары ие болды.

Сондай-ақ «Замандас» халықтық театрының негізін қалаушы М.Қалмағанбетовтің арнайы жүлдесі тағайындалып, «Үздік актер» номинациясына Қарабұтақ ауылының дарынды жасы Нұрасыл Нұрсейіт, «Үздік актриса» номинациясына Жамбыл ауылынан келген Жанар Әлиева ие болды.

Шараға белсене қатысқандары үшін барлық ауылдық округтер Алғыс хаттармен марапатталды.

Дәстүрлі фестиваль соңында «Замандас» халықтық театрының әнұраны шырқалып, көрермендер көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button