Әкімдер есебі

Қызмет сапасы жақсару үшін әлі 80 автобус қажет

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин Астана ауданы тұрғындарының алдында есеп берді. Облыс орталығының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен 2020 жылға арналған міндеттері туралы айтылған жиын қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасованың төрағалығымен өтті.

Қалалық Мәдениет үйі ғимаратында өткен есеп беру кездесуінде алдымен Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов баяндама жасап, жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы ұйымдастырылған Ашық есік күндерінде аудан әкімдігіне 273 тұрғын жолығып, 384 сұрақ түскен. Сұрақтардың дені әлеуметтік көмектің тағайындалуына қатысты болса, тұрғын үй мәселесі бойынша жолыққандар да баршылық. Бүгінгі күні  аталған сұрақтардың 125-і шешімін тауып, 259 сұраққа түсініктеме беріліп, қажетті құжаттарды жинақтауға көмек көрсетілген.

Бағжан Тілегеновтің баяндамасынан соң қала әкімі Мавр Абдуллин сөз алып, Ақтөбе қаласы бойынша өткен жылы жасалған жұмыстарды нақты мысалдармен айта келе, биыл іске асырылуы тиісті мәселелерге кеңінен тоқталды.

— Өткен жылы жалпы құны 25,2 миллиард теңгені құрайтын 38 жаңа жоба іске қосылып, 1700 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл жалпы құны 102,0 миллиард теңге  болатын  жаңа 3200 жұмыс орындарын ашатын 76 ірі жобаны жүзеге асыруымыз қажет. Атап айтар болсақ,  жобалық құны 7,0 миллиард теңге болатын «Көктас Ақтөбе» акционерлік қоғамының силикат кірпіш өндіру зауыты, құны 9,2 миллиард теңге болатын «Зерде-Керамика Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  керамикалық бұйымдар өндіру зауыты, құны 1,5 миллиард теңге  болатын «Kazakhstan Resourses Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  темірбетон бұйымдар өндіру зауыты, жобалық құны 2,0 миллиард теңге болатын «Техноскаут» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірітілмелі пакеттер өндіру зауытының құрылысын аяқтап іске қосу жоспары тұр, — деген қала әкімі өз баяндамасында қаладағы құрылыс-сәулет, білім беру, әлеуметтік қорғау, жол құрылысы мен инженерлік желі, жолаушылар тасымалы саласында атқарылған істермен қатар биылғы жылға жоспарланған жұмыстарға да тоқталды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 70,7 миллиард теңгені құрап, 88,7 пайызға орындалған. Дегенмен бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда  328,4 миллион теңгеге төмен. Өткен жылы барлық меншік есебінен 778 445 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бюджет есебінен төрт 9 қабатты және 16 аз қабатты тұрғын үйлер салынса, жеке қаражат есебінен 24 көп қабатты үй салынған.

— Бүгінгі күні мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде 23756  отбасы, ал тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алу кезегінде 143,5 мыңнан астам адам кезекте тұр. Инженерлік желілердің болмауына байланысты жер учаскелерін беру тоқтатылды. Өткен жылы барлығы 116 жер учаскесі берілген болатын.

Биыл бюджет есебінен 1756 пәтер болатын бес 9 қабатты және 11 аз қабатты тұрғын үй құрылысын аяқтап, 950 пәтерлік үш 9 қабатты үй құрылысын бастау белгіленді. Ал жеке қаражат есебінен 3028 пәтер болатын 27 көп қабатты үй құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 1000-нан аса, ал кезекте тұрған 998 адамға пәтер беру міндеті тұр, — деді Мавр Абдуллин.

Қала әкімі өз есебінде автомобиль жолдары мен халық ең көп шағымданатын жолаушылар тасымалын да ұмыт қалдырған жоқ. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша 54 бағытта күн сайын 317 автобус қызмет көрсететінін айтқан Мавр Абдуллин қызмет көрсету деңгейі жоғары болуы үшін әлі де 80 автобус қажет екендігін айтты.

— Қызмет сапасын жақсарту үшін жаңа 100 автобус сатып алу қажет. Бүгінгі таңда автобустар электрондық төлеу жүйесіне көшіп, төлем терминалдарымен жабдықталуда. Биылғы жоспар наурыз айына дейін барлық автобустарға электрондық төлем жүйесін енгізіп, бейнекамералар, дауыспен хабарландыру құрылғыларын орнатып, қызметкерлерді бірыңғай киім үлгісіне көшіру. Сонымен қатар аялдамалардың атауларын өзгерту бағытындағы жұмыстарды аяқтауымыз қажет, — деді.

Әкім есебі аяқталған соң қала тұрғындары залға қойылған микрофондар арқылы өз сауалдарын қойып, өтініш-тілектерін білдірді. Олардың арасында қала көлемінде атқарылған жұмыстарға көңілі толатындығын айтып, өз ризашылықтарын білдіргендер де, құқық қорғау саласы қызметкерлері үстінен шағым айтқан тұрғындар да болды.

Оңтүстік-батыс-2 елді мекенінің тұрғындары жаңа мектеп пен балалар ойнайтын алаң сұрады. Сондай-ақ 2005 жылдан бері аталған ауылда тұрып жатқан халық көшелерге атау беру мәселесін көтерді.

Бұған қала әкімі:

— Елді мекен болған соң ол жерде балабақша мен мектеп міндетті түрде болуы тиіс. Мен ол жерге арнайы барып көрдім. Жағдаймен таныстым. Қазіргі таңда мектеп ғимаратын салатын инвестор іздестіріп жатырмыз.

Ал көше атауларына келер болсақ, бүгінгі күні Ақтөбенің маңында 44 елді мекен бар. Жаңадан құрылған ауылдардың барлығы участокпен тұр. Бұл бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, ономастикалық комиссияға ұсыныс берілді. 149 көшеге атау беру мәселесін біз өздеріңізбен келісе отырып шешетін боламыз, — деп жауап берді.

Тұрғын үй мәселесін айтып келген тұрғындарға:

— Құрметті қала тұрғындары! Тұрғын үй, жер барлық тұрғындарға заң бойынша кезекпен беріледі. Кезектен тыс біз бірде-бір адамға тұрғын үй бере алмаймыз. Әрине, баспанаға шын мұқтаж тұрғындар мәселесін кәсіпкерлердің көмегімен шешуге тырысамыз, — деді.

Жиын соңында қала әкімі тұрғындарды сұрақтары мен мәселелері бойынша жеке қабылдады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button