Денсаулық

Бұл дерт неге жасарады?

Тіршілікте ақпараттың 90 пайызын қос жанарымыз арқылы аламыз. Алайда, дәрігерлер соңғы жылдары көзінің көру мүмкіндігі азайған жандардың көбейіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Мәселен, ілгеріде көз ауруларына 50 жастан асқан адамдар жиі шалдығатын болса, қазір 20-дан асқан жастар да осы дерттің құрығына ілігуде. Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе, қалада тұратын адамдардың қашықтан көру қабілеті төмен екен. Өйткені аспанмен таласқан үйлер, қызыл-жасыл жарнамалар, көше шамдары көздің көру қабілетін төмендетіп, алысқа көз тігуге, көкжиекке қарауға  мүмкіндік бермейді.

Катаракта — көздің қарауытуы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас  офтальмологі, медицина ғылымдарының кандидаты Төлеген Талиповтың айтуынша, соңғы жылдары облысымызда көз ауруларына шалдыққан жандардың қатары көбейіп барады. Оның ішінде катарактаға шалдыққандардың қатары басым екен.

Катаракта  — көз бұршағының қарауытуы. Ауру туа біткен және туғаннан кейін пайда болатын катаракта болып екіге  бөлінеді. Ол, әсіресе, 50 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын ағзадағы зат алмасу процесі бұзылып, көз жанары да сола бастайды. Көзді қоректендіретін дәрумендердің жеткіліксіздігінен көру қабілеті төмендеп, көз қарашығының  ішкі, сыртқы құрылысының қызметі бұзылады. Көздің мөлдір қабығының жұмысы нашарлап, айқындылығы кемиді. Үлкендердің «көзімді шел басты» дейтін себебінің бірі осында. Ал жалпы ауру, әр түрлі себепке байланысты пайда болады. Мәселен, ультракүлгін сәулелер, электр тогы, радиоактивті заттар, т.б. көз нұрына зиян. Өйткені көз бұршағы радиацияға өте сезімтал келетіндіктен, осындай сәулелермен жұмыс істейтін адамдар катарактаға жиі шалдығады.  Тіпті, күн көзінде ұзақ жүру де жанарымызға кері әсерін тигізеді екен.  Сонымен қатар көздің жарақаттануы және ағзаның өзге мүшелерінің зақымдануы да аталған ауруға әкеліп соқтырады. Катаракта алғаш басталған кезде адамның көз алдында ұшып жүрген қара нүктелер пайда болады. Кейде ол үлкейіп те көрінеді. Ал ауру асқынған кезде қарашықтың ортасын ақсұрғылт шел басады. Бұндай жағдайда адамдарға ота жасау арқылы ғана жарық дүниені сыйлауға болады. Облысымызда көз ауруына шалдыққан науқастар М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина орталығының көз аурулары бөліміне келіп ем алады. Емхана дәрігерлері  емдеуге жатқызу бюросы  арқылы науқастарды осында  жібереді.

— Ауруханаға келген науқас  толық тексеруден өтіп, қандай аурумен ауыратыны анықталады. Егер науқастың ауруы күрделі немесе ота жасау қажет  болса, квота арқылы Алматы, Астана қалаларындағы ғылыми-зерттеу институтарына жібереміз. Осы мақсатта медицина орталығының және денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан жыл сайын квота бөлінеді.

Астана қаласындағы институт биыл ашылды. Бұл орталықтардың барлығы халықаралық талапқа сай жұмыс істейді.

Жуырда біздің бөлімге  көзге ота жасауға арналған жаңа аппарат әкелінді. Аппарат арқылы катарактаның барлық түріне емес, яғни жұмсақ линза салатын түріне ғана ота жасауға болады. Бұндай әдіспен ота жасаудың артықшылығы өте көп. Бұрын ота жасау кезінде  көз он миллиметрге дейін кесіліп, науқастар бір аптаға дейін ауруханада жататын. Ал жаңа аппарат арқылы пышақ тиетін жердің көлемі екі-үш миллиметрден аспайды, әрі науқастың бір күннен кейін-ақ ауруханадан шығуына болады. Өйткені ескі әдіс секілді ота жасау аса күрделі жағдайда өтпейді. Аппарат алғаш келген күні алматылық ғалымдар жиырмаға жуық адамға ота жасады, — деді бас офтальмолог.

Американдық «Алкон» фирмасынан сатып алынған аппарат ультрадыбыстық әдіс бойынша ота жасауға мүмкіндік береді. Яғни, аппарат ота жасау кезінде дәрігерге науқастың қандай күйде екенін, тіпті көз ішіндегі қан қысымы мен тамыр соғысын да экраннан көрсетіп отырады. Ота жасау сәтін арнайы бейне материалдан көрсеткен Төлеген Кәрімұлы аппараттың тиімділігін айтып, тіпті  қалай жұмыс жасау керектігін де түсіндіріп берді. Қарашықтың ортасындағы шелді алу үшін арнайы құралдар арқылы мөлдір қабық тесіліп, сұйықтық жіберіледі. Құралдардың көмегімен қарашықтағы ақсұрғылт шел мұқият тазартылып, жасанды линза салынады. Бұндай линзамен  адам өмірінің соңына дейін жарық дүниені көре алады. Төлеген Кәрімұлы бұл қымбат медициналық қызмет түрі екенін жеткізді. Мәселен, линзаның өзі қыруар қаржыны талап етсе, арнайы сұйықтық пен қажетті құралдар да қымбат тұрады екен. Линза бірнеше түрге бөлінеді, әрі түріне қарай бағасы да әр қилы. Сондықтан квота арқылы келген азаматтар ғана тегін медициналық көмекке қол жеткізе алады. Бұрын облыс тұрғындары ота жасау үшін көрші Орынбор қаласына баруға мәжбүр болатын. Ал бүгінде бұндай медициналық қызмет түрін  өз дәрігерлеріміз де көрсете алады. Дегенмен бас офтальмолог азаматтардың қандай емдеу мекемесінің қызметіне жүгінетіні өз еріктерінде екенін жеткізді.

Қазіргі күні орталық дәрігерлері жаңа әдіспен жұмыс жасау мақсатында  білімін жетілдіріп келіпті. Осы салада он жылдан астам уақыт еңбек еткен Төлеген Талипов аппараттың қыр-сырын Ресей ғалымдарынан үйренген. Қыркүйек айынан бастап дәрігерлер алғашқы отаны жасамақ.

Жалпы, бүгінгі күні орталықтың көз аурулары бөлімі жаңа технологиялармен жабдықталған. Бөлім 58 кереуетке негізделген. Білікті дәрігерлердің де қатары толық. Нақты диагноз қоюға арналған қажетті құралдардың барлығы жеткілікті. Қазіргі таңда бөлімде 40-қа жуық азамат емделуде.

Компьютер мен ата-ананың кінәсі

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі әрбір үшінші бала түрлі көз ауруымен ауырады екен. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың басым бөлігі көзілдірік киюге мәжбүр. Дәрігерлер аурудың асқынып кетуіне алдымен ата- аналардың кінәлі екенін айтады.

— Біз бала кезімізде үнемі далада ойнайтынбыз, мысалы,  доп қуалап жүруші едік. Ал қазіргі балалар компьютерлік ойындарға әуес. Ал компьютер — көз ауруына апаратын бірден- бір жол. Бала емес, үлкен адамның өзі компьютер алдында жарты сағаттан артық  отырса, көзінің талғанын байқайды. Ал жас баланың жанары экран сәулесіне төтеп бере алмай, тез зақымданады. Бүгінде кейбір ата-аналар балаларына күні бойы ойын ойнатып, теледидар қаратып қояды. Ұзақ уақыт көгілдір экранның алдында отырған баланың жанары солып, жүйкесі жұқарады. Ашуға тез бой алдырады. Мектепке дейін компьютер ойнап, көзін талдырған бала ертең, білім ордасына барған соң тіпті қиналады.  Мәселен, алысқа көзі жетпеушілік, яғни миопия ауруы бала кезде пайда болады. Көзге шамадан тыс салмақ түскендіктен, көздің көру мүмкіндігі нашарлайды. Сондықтан үй жұмысын орындағанда, сабақ оқығанда жарықтың түсуін қадағалау керек. Дәрігерлердің, мұғалімдердің «партада дұрыс отыр», «көзге жиі жаттығу жаса» дегенін үйде ата-аналар да ескеруі қажет. Егер баланың көзі алыстан немесе жақыннан дұрыс көрмейтін болса, бұған салғырт қарамаған жөн. Кейде балалардың екі көзі екі түрлі қашықтықта көреді. Егер бұндай кезде жүйелі  ем жүргізбесе, ауру асқынып кетуі мүмкін. Өйткені көз аурулары жүйке жүйесі, ми қан тамырларымен тікелей байланысты. Әсіресе, тұқым қуалаушылықтың әсері өте күшті. Егер ата-анасы көз ауруымен ауырса, баланың да ауруға бейімділігі жоғары болады. Сондай-ақ шешек, қызылша ауруларының асқынуынан және шаң-тозаңнан да түрлі  көз аурулары пайда болуы мүмкін, — дейді.

Дәрігердің айтуынша көздің көру мүмкіндігі жүйке талшықтарымен тікелей байланысты. Мәселен,  орталық және шеткі жүйке жүйесі, жүрек-қан тамыр ауруларымен ауыратын және  қан қысымы жоғары  адамдардың көзінің көру қабілеті бұзылады. Егерде көздегі  сұйықтықтың айналу қызметі  қалыпты жағдайдан ауытқыса, көз ішінің қысымы жоғарылап глаукома, яғни суқараңғылық ауруы пайда болады екен. Бұндай аурудан жазылу қиын.

Жастардың арасында көз тамырларының қабынуы, көздің ішкі қан қысымы, миопия, гиперметропия, катаракта, ақ түсу, яғни лейкома, коньюктивит, түрлі соққылардан кейін пайда болған көз аурулары жиі кездеседі екен. Әсіресе, жастардың көпшілігі ауруды дер кезінде емдемей асқындырып  алады.

Технология жеткілікті, маман тапшы

Осыдан 5-6 жыл бұрын еліміздің денсаулық сақтау мекемелерінің басты мәселесі  жаңа технологиялармен жабдықталу болатын. Ал қазір бұл шаруа шешімін тауып, ендігі мәселе мамандарға зәрулікте болып отыр. Мәселен, облыс орталығынан шалғай Ырғыз, Әйтеке би, Қобда, Ойыл аудандарында көз дәрігері жоқ. Ал Хромтау ауданына офтальмолог жуырда ғана барыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Әсет Қалиевтің айтуынша ауданның емдеу мекемелері лор, хирург секілді мамандарға зәру. Ал жас мамандардың ауылға аттап басқысы жоқ. Әсіресе, әлгі аталған аудандар күзгі және көктемгі  әскерге шақырту кезінде қиындықтарға тап келеді. Онысыз да маманға тапшы қала емханалары мен медицина университетінен  дәрігерлер шақыртуға мәжбүр.

Жастарды ауылға тарту мақсатында түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда  оқу бітірген жастардың бірқатары қалада еңбек еткенді қаласа, бірі жалақысы көп өзге кәсіппен айналысып кетеді. Сондықтан оларды  ауылға күштеп апара алмайсың. Бұрын, кеңес заманында жоғары оқу орнын бітірген жас маман ауылда үш жыл жұмыс істеп, содан кейін барып қалаға келетін. Ал қазіргі таңда бұндай жүйе жоқ, — дейді бас хирург.

Егер мамандар аудандарға бара қалса, жергілікті орын құшақ жая қарсы алуға әзір.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button