Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ойыл ауданында ауыл шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай жасалған

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ойыл ауданына арнайы іссапармен барып, аудан әкімінің дәстүрлі есеп беру жиынына қатысты.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаев ауданның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2020 жылға арналған міндеттері туралы баяндады.
Есеп беру жиынына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов, аудан тұрғындары, аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында аймақ басшысы аудан әкіміне суармалы жерлерді игеру, елді мекендерге газ құбырын тарту мәселесін шешуді тапсырды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, аудан әкіміне халықпен тығыз байланыста жұмыс жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Облыс басшысы Оңдасын Оразалин аудан әкімінің есебін тыңдап, өзінің оң бағасын беріп өтті.
— Ойыл ауданы — атакәсіп — ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан келешегі зор аудан. Кезінде бұл жерде Көкжар жәрмеңкесі өтіп, ел тарихында қалар көптеген игі істер атқарылды. Ауданда ауылшаруашылық, өндіріс, шағын және орта бизнес, құрылыс саласында да алға ілгерілеу байқалады. Аудан көрсеткіштері де жаман емес. Көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Бірақ бәрі де ретімен шешіледі. Атқарушы органдар ел тұрғындарымен тығыз байланыс жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуі тиіс. Қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ел ертеңіне аянбай қызмет етуіміз қажет, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарынан өзінің әлеуметтік желісіне келіп түскен сұрақтарға тоқталып, орындалу барысын қадағалауды тапсырды.
Атап өтейік, өткен жылы Ойыл ауданының кәсіпкерлері тарапынан 664,0 миллион теңге инвестиция тартылып, Ойыл ауылында жаңа 10 азық-түлік дүкені, 1 тойхана, қонақ үйі бар автобекет және жылыжай салынған.

2019 жылға арналған халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспарға сәйкес 2236 адам жұмыспен қамтылып, 505 жаңа жұмыс орындары ашылған.

Есепті мерзімде 501 отбасына 337,6 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, азаматтарға төленген. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 69 адамға 26,7 миллион теңгеге гранттар берілген.
Есепті кездесу барысында облыс әкімі бірнеше аудан тұрғындарымен жеке қабылдау жүргізіп, ұсыныс-пікірлеріне жауап берді.
Жеке қабылдауға келген 7 тұрғын аймақ басшысына арендалық тұрғын үй, әлеуметтік көмек, жайылымдық жер, мемлекеттік несие рәсімдеу мәселелері бойынша сұрақтар қойып, жауаптарын алды.

Өңір басшысы аудан әкіміне және мемлекеттік мекемелердің басшыларына аталған мәселелерді орындау үшін заң аясында шешім қабылдауды тапсырды.
Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин іске асырылып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық бағасын беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға байланысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button