Жаңалықтар

Президенттік жастар кадр резервіне өткендер жаңа лауазымдарға тағайындалды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат отырысында  жаңадан тағайындалған бірнеше лауазым иелері таныстырылды.

Облыс әкімінің өкімімен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне Айбек Көпенов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы лауазымына ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен, Президенттік жастар кадр резервіне өткен Қайрат Райымқұлов тағайындалды.

Отыз бес жастағы Айбек Көпенов жоғары білімді, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы Ақтөбе облысының балалардың құқықтарын қорғау департаментінің жетекші маманы болып бастаған. 2017 жылдың қараша айынан бастап осы күнге дейін облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.

 

Қайрат Райымқұлов 1988 жылы туған. Жоғары білімді, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық, Қазақ гуманитарлық заң университеттерін бітірген. Еңбек жолын 2010 жылы Ақтөбе облысының қаржы басқармасында жетекші маман болып бастаған. Ақтөбе қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы, облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.

Сонымен қатар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының бұйрығымен ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен Президенттік жастар кадр резерві қатарына алынған Адайбек Есенаманов облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.Ол 1990 жылы туған. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік  университетін бітірген. Еңбек жолын 2012 жылы Ақтөбе облысының қаржы басқармасының нақты секторды қаржыландыру бөлімінің бас  маманы болып бастаған. Облыстық қаржы басқармасының бөлімдерінде басшылық қызмет атқарды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының инвестициялық жоспарлау бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келді.

Президенттік жастар кадр резервіне өткен Әлібек Айдарбеков облыстық қаржы басқармасы басшысының бұйрығымен, ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен Ақтөбе облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.  Отыз бір жастағы Әлібек Айдарбеков жоғары білімді, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры және магистрі» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2015 жылы Ақтөбе облысының қаржы басқармасының бюджеттің орындалуын үйлестіру және талдау бөлімінің  бас маманы болып бастаған. Әртүрлі жылдары осы басқарманың бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуын талдау, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік кірісті жоспарлау бөлімдерінің  басшысы лауазымдарын  атқарып келді.

«Ақтөбе өңірінен Президенттік жастар кадр резервіне 12 жас маман өтті. Бұл —республика бойынша жоғарғы көрсеткіш. Тағы да төрт кадр орталық атқарушы органдар тарапынан ұсыныстар алды. Бұның өзі білімі мен тәжірибесі бар жастарға берілген зор мүмкіндік екенін айта отырып, жаңа қызметтеріңізге сәттілік тілеймін, жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп сенемін», — деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button