Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ер Едігеге ескерткіш қойылды

Ақтөбеден Қобда бағытына шығар жолдағы үлкен көше Едіге есімімен аталады. Енді сол көше бойындағы көрнекті жерге Едіге ердің ескерткіші орнатылды.

Осы ескерткіштің ашылуына арналған салтанатты жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин тарихи тұлғаны ұлықтаудың маңыздылығына назар аударды, өткенімізді түгендеу келер ұрпаққа жеткізілетін өнеге екеніне тоқталды. 

— Қазақ даласының тарихы ежелден аңызға толы. Аттың жалы, түйенің қомында, толарсақтан саз кешіп жүріп елдігімізді бекем, өрлігімізді көркем қылған бабаларымыз аз болмаған. Осы өлкеде де елі мен жерін ерлікпен қорғаған талай батырлар өткен. Бүгінде осындай батыр бабаларымызға арнап ескерткіштер орнатып, олардың есімін ұлықтау — келер ұрпақ алдындағы біздің аманатымыз.

Осы орайда, бүгін орта ғасырдағы айбынды мемлекетіміз Алтын Орданың 750 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған бүгінгі шараның да орны айрықша. Күллі түркі әлемі ардақ тұтқан Ер Едігенің есімін ұлықтау мақсатында бабамызға арналып ескерткіш ашылып отыр.

Жалпы, Едігенің есімі «Едіге батыр» эпосы арқылы күллі түркі халықтарына мәлім. Біздің бәріміз үшін «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді» деген нұсқа көңілімізге жылылық орнатады, оны үлгі ретінде ұстанамыз.

Едіге батырды барша қазақ жұртшылығы ұлықтау қажет деп есептейміз. Ерлер есімін ұлықтаған елдің рухы әрқашан да биіктей бермек, — деді көпшілік алдында сөйлеген сөзінде ол.

Көпшілік алдында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов, «Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы Ахат Мырзалин сөз сөйлеп, бұл елдіктің ескерткіші екендігін айтты.

Ескерткіш авторлары — Жеңіс Жұбанғосов пен Тоқтар Ермеков. Бұрын Ақтөбедегі Әйтеке бидің, Бөкенбай батырдың ескерткіштерін дүниеге әкелген сәулеткер Жеңіс маман ретінде ұлы баба бейнесін сомдаудың өзіндік ерекшеліктері болғанын алға тартып, жұмыс барысындағы ізденістерімен бөлісті. «Ең алдымен оның тұлғасынан кеңдіктің, ізгіліктің, кемеңгерліктің, сондай-ақ батырлықтың сипаттарын көрсетуге күш салдық», — дейді ол.

Биік тұғыр үстінде орнатылып, қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі 4,5 метр құрайды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асан: «Биыл Алтын Орданың 750 жылдығына орай Ақтөбеде ескерткіш орнатылуы ерекше оқиға болды. Жалпы эпостың 60-тан астам нұсқасы бар. Бұл Едігенің ел сүйіктісі болғанын білдіреді. Татар, ноғай, башқұрт, өзбек секілді түркі тілдес халықта бірнеше нұсқасы айтылады. Біздің мақсат — Ер Едігенің жерленген жерін табу. Атақты тарихшы Қадырғали Жалайыр «Елек өзенінің үстінде Үш бөрте бар. Сол Үш бөртенің ортаңғы бөлігінде өлді» деп жазады. Бұл біздің Мәртөк ауданы екені белгілі. Атыраумен шектескен жерде Едіге ойпаты бар. Едігенің жалы деген жер Байғанин ауданында. Дәл сол Байғанинде Едіге моласы да бар. Бәрі зерттеуді қажет етеді», — деді өз сөзінде.

Едіге ескерткіші орналасқан алаң бұған дейін көріктендіріліп, демалыс орны ретінде жасақталған болатын. Бұл игілікті шаруа Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мерекесіне орай Қобда ауданының сыйлығы ретінде жүзеге асырылды. Оған «Алихан Ойл» ЖШС бастамашы болды.

Салтанатты шара соңында ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі болды.

Сондай-ақ,  «Қазақстан — өз елім» атты музыкалық композиция қойылды.

…Сонымен, облыс орталығынан елдік пен ерліктің тағы бір ескерткіші бой көтерді. Ер Едігенің алып тұлғасы жырда айтылғандай, азаматтарды елдің қамын жеуге шақырып тұрғандай.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button