Әлеумет

Алғашқы форум: 70-тен астам мекеме. 556 жұмыс орны 

Кеше Ақтөбеде алғаш рет қалалық бос жұмыс орындар форумы өтті. Шарада 70-тен астам мекеме бойынша 556 жұмыс орны ұсынылды.

Мақсат — жұмыссыз, өзін-өзі қамтушыларды және аз қамтылған отбасылардың жұмысқа қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтылуы үшін мүмкіндік жасау.

Форумның ашылу рәсімінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы МақпалТұрмағамбетова сөз алып, шараның маңыздылығы туралы айтты.

Форум барысында біздің облыспен қатар Атырау, Нұр-Сұлтан қалаларынан жұмыс беруші компаниялар, мекемелердің өкілдері келді. «Болашақ», «Fircroft»,«Airswift»,«FSSA» сияқты еліміздегі мықты компаниялардың өкілдері шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. Бұл компаниялар әлем бойынша азаматтарды жұмысқа орналастырумен айналысады. Осы агенттіктердің көмегі, қолдауымен азаматтардың «Теңізшевройл», «Шелл», «Тоталь», «НКОК» және басқа да белгілі компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері бар.

Шарада «Қазақтелеком» АҚ облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған жоба ұсынды. Мақсат — осы жоба арқылы студенттерді жұмысқа тарту. Жоба барысында жастар өздерінің мүмкіндіктерін көрсете алады. Олармен кәсіби тәлімгерлер жұмыс жасап, ірі ұлттық компанияға қажетті дағдыларды дамытудың негізгі заманауи негіздерін үйретеді.

  • Былтыр 101 студенттің арасынан 26-сы таңдалып алынды. Олар 3 ай оқыды. Сертификаттар табыс етілді. Дегенмен 26 студенттің арасынан 7-еуі ғана жұмыспен қамтылды.

Мұндай шара биыл да өткізіледі.  Негізінен техникалық мамандықтарда оқып жатқан студенттерді  тартамыз. Наурыздан бастап жоғары оқуорындарын аралап, үміткер студенттердің тізімін жинаймыз. Оларды таңдаймыз. Іріктеуден өткендерін 3 ай бойы тегін оқытамыз. Курс аяқталған соң жастарды жұмысқа орналастырамыз.

Айта кету керек, мұндай шаралар Ақтөбемен бірге еліміздің батысындағы үш қала — Ақтау, Атырау, Оралдағы оқу орындарындағы студенттердің арасында да ұйымдастырылады. Ондағы жастар сол қалаларда үш айлық курстан өткізіледі, — дейді«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының кадр жөніндегі жетекші маманы Жанар Өтеуова.

Форумға Ақтөбе қаласындағы еріктілер де қатысты.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button