Әкімдер есебі

Қоғамдық кеңес есепті талқылады

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин қоғамдық кеңес алдында есеп берді. Ақтөбе қаласының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен 2020 жылға арналған міндеттері туралы айтылған жиынға қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

150 жылдық тарихы бар қарқынды дамып келе жатқан облыс орталығындағы халық саны 2019 жылы 500 мың адамға жеткен.

Өткен жылғы есептік кездесулердің қорытындысы бойынша өзекті мәселелер іс-шаралар жоспарына 11 шара енгізіліп, оның 5-еуі өз шешімін тапқан. Ал алтауы — шешілу сатысында. Атап айтар болсақ, Ақшат тұрғын алабына су жүргізу, өзендер арналарын тереңдету мен кеңейту, Жаңақоныс-2,3 тұрғын алаптарына инженерлік желілер тарту мен қала аумағында ардагерлер аллеясын салу және «Космос» қонақүй кешенін салу жұмыстары биыл аяқталатын болады.

— Өткен жылы бюджеттің кіріс бөлігі 41,4 миллиард теңгені құрады. Ал бюджеттік шығыстар бойынша республикалық, облыстық, қалалық бюджеттердегі 79,6 миллиард теңге көлеміндегі аударымдар 99,5 пайызға игерілді. Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 572,3 миллиард теңгені құраса, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 200,7 миллиард теңгені құрап, 2018 жылғы деңгеймен салыстырғанда 110,3 пайызға артты. Бұл көрсеткішке қаланың 90 негізгі кәсіпорны мен ұйымдарының инвестициялық салымдары арқылы қол жеткізілді, — деген Мавр Абдуллин өткен жылы жалпы құны 25,2 миллиард теңгені құрайтын 38 жаңа жоба іске қосылып, 1700 жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты.

Мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында қалада шағын және орта бизнес саласы да қарқынды дамып келеді.  Мәселен, тек өткен жылы жаңадан 2240 бірлік шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, жалпы саны 48,3 мың бірлікті құраған. Сөйтіп, бұл салада жұмыс жасайтын ақтөбеліктер саны 106 мыңнан астам адамға жетті. Ал 2020 жылы кемінде 2300 шағын және орта бизнес субъектілерін ашу жоспары тұр.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 70,7 миллиард теңгені құрап, 88,7 пайызға орындалған. Дегенмен бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда  328,4 миллион теңгеге төмен. Өткен жылы барлық меншік есебінен 778 445 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал бүгінгі күні мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде 23 756 отбасы тұр.

Қала әкімі сондай-ақ өз баяндамасында қаладағы құрылыс-сәулет, білім беру, әлеуметтік қорғау, жол құрылысы мен инженерлік желі, жолаушылар тасымалы саласында атқарылған істермен қатар биылғы жылға жоспарланған жұмыстарға да тоқталды.

Есепті жиында қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасованың да өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың «тұрғын үй мәселесіне қатысты сауалдарды жиі қоятындығын айтқан Сұлупан Шынтасова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» халық арасында әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жеткізіліксіз жүргізіп жатқандығына тоқтала келе, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін айтты.

Жиын соңында  қоғамдық кеңес мүшелері қала әкімі мен қалалық мәслихат хатшысының есепті кезеңде атқарылған жұмыстарын талқылап, өз бағаларын берді. Сондай-ақ көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button