Әкімдер есебі

Мәселенің бірі — бағаны бақылау

Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі тұрғындар Орталық базардағы бағаны бақылауға алып, көлік жолы бойына бірнеше бағдаршам мен жарықшамдарды орнатуды, жаяу жүргіншілер жолағын салуды, сондай-ақ қоқыс шығару мәселесін шешуді сұрайды. Дүйсенбі күні №62 орта мектеп ғимаратында өткізілген Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаевтың есеп беру жиынында негізінен осы түйткілдер қозғалды.

Өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланған кездесуге Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, мемлекеттік мекемелер басшылары мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ жоғарыда аталған аумақтың тұрғындары қатысты.

Әділкерей Әуелбаев өз баяндамасында алдымен Алматы ауданында 230 мыңнан астам тұрғынның тіркелгенін, артынша 42 орта мектеп, 9 арнаулы орта, 3 жоғары білім беретін мекеме, 2 музыкалық мектеп, 2 спорттық мектеп, «Жас натуралистер станциясы», 2 Мәдениет үйі, 9 кітапхана, 84 мектепке дейінгі білім беретін ұйым жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Ал денсаулық сақтау саласында барлығы 30 мекеме тұрғындарға қызмет етеді екен.

Алматы ауданы әкімінің айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы  «Нұр Ақтөбе»   шағын ауданында 1337 пәтер пайдалануға берілген.

Ал 9 басқарушы компания санитарлық тазалау жұмыстары бойынша жыл басынан бастап 1 мамырға дейін қызмет көрсеткен. 1 мамыр айынан аудан аумағын санитарлық тазалау бойынша 3 лотқа бөлініп, келісімшартқа сәйкес 3 мердігер компания — «Протон МК» ЖШС (Заречный-2,4, Қарғалы, Ақжар-1, Қызылжар-1,2,3, «Нұр Ақтөбе», К.Нокин, Пригородное, Шилісай, Бекқұл баба, Рауан тұрғын алаптарында), «Қарғалы Сервис» ЖШС (Ясный-1,2, 41-ші бекет, Сүт зауыты аумағы, ескі қала, Малышка аудандары), «Өтес Ақтөбе» ЖШС (Құрмыш ауданы, Ақжар-2, Кірпішті, Қурайлы, Өрлеу тұрғын алаптарында) қызметін жүргізген. Жалпы, аталған аудан аумағында  311 қоқыс алаңы мен 1150 қоқыс контейнерлері бары белгілі болды. Сондай-ақ, былтыр қаланың ескі бөлігіндегі Ш.Уәлиханов көшесі №29 көп қабатты үй маңына жаңадан контейнерлерге арналған қоқыс алаңының салынғаны тілге тиек етілді.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша аудан аумағында 2 мердігер мекеме қызмет көрсетіп келеді. Олар — «Нео плюс» ЖШС (Сүт зауыты аумағы, Ясный-1, 41-ші бекет) және «Басқарушы Компания №27» ЖШС (Құрмыш, қаланың ескі бөлігі, Ақжар 1,2, Заречный 1,2,3,4, Қарғалы, К Нокин, Пригородное, Садовое, Бекқұл баба, Рауан, Қурайлы, Өрлеу). Бірақ «Басқарушы компания №27» ЖШС тұрғындардың төлемді уақтылы жүргізбеуіне және арнаулы техникалардың жетіспеуіне байланысты өз жұмысын тоқтатып, қала әкімдігінің шешімімен 2019 жылдың 1 желтоқсанынан бастап жеке кәсіпкер «Таза Қарғалы» тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарын жалғастыруда.

Құқықбұзушылық жайы да назардан тыс қалмады. Айталық, ауданға қарасты мектептер  бойынша 6 қылмыстық іс тіркеліп, кәмелетке толмағандар арасында полицияның есебіне 18 оқушы алынса, 100 оқушы мектепшілік есепте тұр.

Есесіне, кәсіпкерлік саласында ілгерілеу бар. Алматы ауданы бойынша кәсіпкерлік бағытында қызмет ететін тұлғалардың саны 17 мыңнан асыпты. Өткен жылы өз ісімді жүргіземін деген азаматтарға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін  8  жер телімі бөлінген. Олар: кемпинг, 2 газ құю станциясы, көлік жуу бекеті, 2 жылыжай, т.б.

Тұрғындардың сұрақтары әрқилы болды. Бірінші боп сөз алған Амангелді ата Қонаев көшесінде бағдаршамның тым аздығын, қоқыс шығару бойынша тариф көтерілгенімен, апталап тұрмыстық қалдықтардың шығарылмайтынын, сондай-ақ Орталық базардағы саудагерлер қалаған уақытында бағаны шарықтататынын, оларды ешкім бақыламайтынын айтып, көтерілген мәселелерді шешіп беруді сұрады. Ал Қабыл ақсақал Интернационал-Ахтанов көшелерінің қиылысына бағдаршам немесе арнаулы жол белгісі орнатылса, Орталық базар аялдамасы таксилерден тазартылып, автотұраққа айналмаса деген ұсыныс-тілегін ортаға салды. Сондай-ақ Кереев көшесіне жарықшамды орнату керектігін айтқандар болды. Шернияз көшесінің бойындағы көп қабатты үйлер, әсіресе, Орталық базар маңында жарықтандыру әлсіз, полицейлер қоғамдық тәртіпті күшейтсе дегендер кездесті. Сол сияқты А.Пушкин атындағы саябақ ретке келтірілсе, саяжайлардан қатынап оқитын №62 мектептің оқушылары үшін автобус бөлінсе деп жанайқайын білдіргендерге соңында  Алматы ауданының әкімі барлық арыз-шағымдар, ұсыныстардың міндетті түрде ескеріліп, алдағы жұмыс жоспарына енгізілетінін айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button