Денсаулық

Ішіп жүрген суымыздың сапасы қандай?

«Су — тіршілік көзі». Әрине,  адам баласының күнделікті тіршілігін сусыз елестету мүмкін емес. Алайда, Жаратқанның берген несібесін есепсіз, ысыраппен пайдалану адамзатты сумен байланысты жаңа проблемалармен бетпе-бет ұшырасуға әкеп отыр. Солардың бірі  —  халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің қиындығы. Әртүрлі жұқпалы аурулардың басым көпшілігі ауа, тамақ, ауыз су арқылы жұғатынын ескерсек, бұл проблеманың шын мәнінде қаншалықты өзекті екенін байқаймыз.

Әрине, республикамыздың немесе облысымыздың түкпір-түкпіріндегі ара қашықтығы бір-бірінен жүздеген шақырым алшақ жатқан елді мекендерді түгел дерлік таза ауыз сумен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Бәрімізге белгілі, су — стратегиялық нысан. Себебі, ауыз су уланса, халық қырылады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, адамзат ауруының 90 пайызы сапасыз судың салдарынан туындайды екен.  Жасуша ағзасына қорек заттарды (дәрумендер мен минерал тұздары) жеткізетін де, ағзаны лас заттардан тазартатын да — осы су. Одан басқа су тыныс алу мен жылу реттеу процестеріне де қатысады.

Сондықтан да микробиологиялық және химиялық көрсеткіштерге сай емес ауыз суды пайдалану қауіпті: түрлі микроағзалардан тұратын су кейде оба, тырысқақ, гепатит және гастроэнтерит секілді жаман ауруларға шалдықтыратыны белгілі.

***

Біз облыстағы ауыз су сапасы жайында ҚР ДСМ облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Құралай Әлжановаға бірнеше сұрақ қойған едік. Әлқисса…

— Соңғы сынамалар бойынша, облыс аудандарындағы ауыз су жағдайы қандай?

— Облыс тұрғындарының пайдаланып отырған ауыз су сапасы қазіргі күні  жақсарып келе жатыр деп ойлаймын. Осы жылдың өткен 7 айында ауыз су сапасының микробиологиялық көрсеткішке сәйкессіздігі өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда 0,4 пайызға төмендеді. Былтыр — 2,1, биыл — 1,7 пайыз. Орта облыстық деңгейден жоғары микробиологиялық көрсеткіштер Ақтөбе қаласында — 2,8, Әйтеке би ауданында — 2,5,  Мұғалжар ауданында — 11,1,  Байғанин ауданында — 2,0, Темір ауданында — 4,8 пайыз  боп тіркелді.

Өткен айларда Ақтөбе облысы бойынша санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 1200 ауыз су сынамасы алынды, оның ішінде сәйкес келмейтіні — 7 немесе  0,6 пайыз.  Былтырғы 7 айда — 1,9 пайыз. Мұнда орта облыстық деңгейден жоғары санитарлық-химиялық көрсеткіштер Әйтеке би ауданында — 2,1,  Алға ауданында — 2,6, Байғанин ауданында — 2,6, Қобда ауданында — 4,3 пайыз екендігі анықталды. Қобда, Әйтеке би, Байғанин, Алға аудандарынан алынған сынамаларда, негізінен, жалпы су қаттылығы, хлоридтер, нитраттар, перманганат қышқылдығының нормадан көп мөлшерде болғандығы белгілі болды.

— Құдықтар мен бұлақ суларының сапалық көрсеткіші, құрамы?

— Қоғамдық құдықтардан микробиологиялық көрсеткішке  алынған ауыз су сынамаларының сапасының былтырғы жылмен салыстырғанда сәйкессіздігі 3,5 пайыздан 4,6 пайызға көбейіп отыр. Ақтөбе қаласы — 100, Алға ауданы — 11,7, Байғанин ауданы — 8,6 пайыз және Ырғыз ауданы 18,2 пайыз  есебінен,  санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша қоғамдық құдықтардағы ауыз судың сапасы 1,1 пайызға жақсарды.

— Өндірісті аудандардың тұрғындары қандай су ішіп отыр?

— Су көзін таңдау кезінде міндетті түрде санитарлық қорғау аймағының болуы қаралады. Яғни, бізде  өндірістік аудандардағы және өндіріс жоқ аудандардағы халық сапалы ауыз суымен қамтамасыз етіліп отыр.

— Елек суының ластығы қай деңгейде?

— Елек суының ластану дәрежесі «орташа» деп  бағаланады. Елек өзенінің суы ауыз суға пайдаланылмайды, тек қана шомылуға арналған.

— Қобда тас жолы бойындағы «Асыл су» бұлағына тұрғындар көп барады. Оның суы қаншалықты таза?

— Қобда тас жолы бойындағы «Асыл су» бұлағы санитарлық қызметте есепте тұрған жоқ. Себебі елді мекеннен тыс жерде орналасқан су көзін халық ауыз суға пайдаланбайды. 

— Үйге кіріп тұрған кран суының сапасына тоқталсаңыз?

— Үйге кіріп тұрған кран суы сапалы деп айтуға болады. Ауыз судың сапасы  санитарлық қызметпен қатаң қадағалануда, әр тоқсан сайын су құбырлары тексеріліп, ауыз суы микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сынама алынады және су құбырлары беріп жатқан ауыз суына өндірістік  бақылау жүргізіледі. Осы 7 ай ішінде Ақтөбе қаласы бойынша микробиологиялық көрсеткішке  213 ауыз су сынамасы алынып, оның 6-уы санитарлық талаптарға сай болмай шықты, бұл — 2,8 пайыз, анықталған сәйкессіздік бойынша су құбырларына жуу, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, екінші қайтара алынған су сынамасында ауытқушылық анықталған жоқ.  Санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 393 ауыз су сынамасы алынды, оң мәндісі анықталған жоқ, яғни, сәйкессіздік кездеспеді.

— Дүкендегі 5 литрлік, 1 және 0,5 литрлік ыдыстардағы ауыз сулардың сапасы қандай? Сынама алынды ма?

— Бөтелденген ауыз су шығаратын өндірістер су дайындау процесінде суды тазарту, фильтрлеу, зарарсыздандырудан өткізіп, озондайды. Сол себепті су  санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келеді. Осы кезең ішінде микробиологиялық және санитарлық-химиялық  көрсеткіштерге  40 сынама алынып, сәйкессіздік  анықталған жоқ.

— Тұрғындар қандай су ішкендері жөн?

— Тұрғындар өз қалауына қарай ауыз суын пайдаланғаны жөн, барлық ауыз су шығаратын нысандар санитарлық қызметтің бақылауында тұр.

Әңгімеңізге рахмет!

P.S. Су… Сенің түсің де, иісің де, дәмің де жоқ. Сондықтан сені суреттеу мүмкін емес. Бірақ сен адамға рақат сыйлайсың. Сені тіршілікке қажет деп айту аздық етеді. Сен тіршіліктің өзісің! (Антуан де Сент-Экзюпери).

Ия, ересек адам ағзасының 60-70 пайызы, ал балалар ағзасының 80 пайызы судан тұрады. Бес айлық эмбрионның 94 пайызы — су. Сондықтан да жүкті әйелдер үшін сапалы ауыз суын ішу өте маңызды.

Судың ластығы ағзада бірден сезілмейді, жылдар өте келе әр жеріңіз ауыратын болады. Ендеше, өзіңіздің және ұрпағыңыздың дені сау болсын десеңіз, таза су ішіңіз!

  • Пайдаңызға жаратыңыз!

Таза су ішем десеңіз…

Халық тұрмыста суды түрлі тәсілмен тазартады. Алайда, көбі оны қалай тиімді жасауды және жағымсыз әсерлерге қалай ұрынбау керектігін біле бермейді. Су сүзгімен және сүзгісіз тазартылады. Сүзгісі бар түрлі ыдыстар бар, сондай-ақ, сүзгі кран шүмегіне де орнатылады.  Тазартудың бұл түрі кеңінен таралған. Сондай-ақ, суды сүзгісіз тазартудың қарапайым мынадай тәсілдері де бар…

Қайнату

Қайнамаған суды ішуге болмайтынын бала кезімізден білеміз. Қайнату әдісі судағы вирустар мен бактериялардан, микроорганизмдерді өлтіріп, ондағы төмен температуралы радион, аммиак секілді газдар мен хлордан арылу үшін қолданылады. Бұл әдіс белгілі бір дәрежеде суды тазартады, бірақ, бұл процестің бірқатар жағымсыз әсерлері бар.

Біріншіден, судың құрылымы өзгереді, яғни, қайнаған кезде оттегі буланып шығып кетеді де, өзі «өлі» суға айналады. Көбірек қайнатсақ, құрамындағы патогендер де көбірек өледі, адам ағзасына да титтей де пайдасы болмай қалады.

Екіншіден, қайнаған кезде, булану процесі жүріп, тұздардың концентрациясы да көбейе түседі. Олар шәйнек қабырғаларына қақ боп тұрып, қолданған сайын адам ағзасына түсіп отырады. Ал адам ағзасында жиналған тұздар, түрлі ауруларға буын ауруларынан бастап, бүйрекке тас жиналу мен бауырдың тасқа айналуы (цирроз), артериосклероз, инфаркт ауруларына шалдықтырады. Сонымен қатар, көптеген вирус қайнау процесінен жеңіл өтеді, оларды жою үшін өте жоғары температура қажет. Оған қоса су қайнағанда одан газ тәрізді хлор бөлініп шығады.

Қорытынды: Қайнатқаннан кейін біз механикалық бөлшектер мен ауыр металл тұздары, хлор мен вирустары бар «өлі» су ішеміз.

Тұндыру

Бұл процесс суды хлордан ажырату үшін қолданылады. Ол үшін су құбырынан шелекке су құйып алып, бірнеше сағатқа қойып қояды.  Араластырылмаған шелектегі судың түбінде, шамамен су бетінен 1/3 тереңдікте газ тәрізді хлор тұнады.

Қорытынды: Бұл тәсілдің тиімділігі сол, одан да жақсы болуын тілейміз. Тұндырылған суды қайнату қажет!

Мұздату

Бұл әдіс суды тиімді тазарту үшін қайта кристалдандыру көмегімен жүзеге асады.

Көпшілік бұл әдістен мынаны түсіне алады: ыдысқа су құйып, тоңазытқышқа салып, мұз болғанша қоямыз. Ыдысты тоңазытқыштан алып, қатпаған бөлігін бөлек құйып аламыз да, мұзды ерітіп барып, ішуге қолданамыз.

Қорытынды: Қайнату әдісінен гөрі тиімдірек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button