Білім

Жаңа заң: үлкен қолдау және мол мүмкіндік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Педагог мерейін үстем етуде жаңа заңның талаптары қандай? Мұғалімдерге көрсетілетін қолдау, көмек және басқа да басымдықтар туралы біз облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен сұхбаттасқан едік.

Аталған заң педагогтердің беделін көтеріп, қоғамдағы артықшылықтарды сезінуге мүмкіндік береді. Педагогтер құқығын бекіткен заңды облыс мұғалімдері қалай қабылдады?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдау қажеттігін айтып, құзырлы органдарға нақты міндет жүктеген болатын. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі ауқымды жұмыстар жүргізіп, нақты істер атқарды. Қоғамның талқылауынан өтіп, педагог қауымының ұсыныстары негізінде мұқият әзірленген жаңа Заң мұғалім мәртебесінің қоғамдағы беделін шынайы көтереді деген сенімдеміз. Ұстаздың беделі — қоғамның беделі, мемлекет болашағының нақты кепілі.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң — білім жүйесіндегі бетбұрыс. Мұнда педагогтердің жағдайын жақсартатын барлық нормалар бекітілді. Сондықтан заңды әр ұстаз қуана қабылдағаны анық.

Педагогтер үшін өте маңызды құжаттың негізгі ережелерімен таныстырып, басты жаңалықтарды облыстың ұстаздарға жеткізсеңіз.

— «Педагог мәртебесі туралы» Заң 21 баптан тұрады. Мұнда педагогтің кәсіптік қызметтегі материалдық қамтамасыз етілуі, көтермелеу, әлеуметтік кепілдіктерге құқықтары, педагогтің міндеттері туралы жазылған. Жаңа заңды қабылдау арқылы 9 заңнамалық актіге (1 кодекс және 8 заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Ең алдымен Қазақстан Республикасының «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» Заңдарына «педагог» бірыңғай ұғымы енгізілгенін атап өткім келеді.

— Бұл нені білдіреді?

— Егер биылға дейін педагог қызметкерлер мен педагог қызметкерлерге теңестірілген қызметкерлер лауазымдарының арасында сатылық жіктелу болса, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан кейін бірыңғай ұғым пайда болды. Тиісінше педагогтер лауазымдарының тізбесі 28 атауға дейін кеңейтілді.

Педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту түрлерін таңдауда кәсіптік құқықтары кеңейтілді.

— Заңда педагогтің материалдық қамтамасыз етілуіне байланысты құқықтары көрсетілген бе?

— Мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамын арттыру мақсатында магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша ақы төленеді. Бұл — әлемдік тәжірибе.

Орта білім беру ұйымына жұмысқа алғаш қабылданған педагогке бір оқу жылы кезеңінде тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіледі. Тәлімгерлерге бір базалық лауазымдық жалақы көлемінде қосымша ақы төленеді.

Сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы мөлшері екі есеге өсті.

Педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақы барлық педагогтерге лауазымдық жалақының 30 пайызынан 50 пайызға дейінгі мөлшерінде белгіленді.

Бұл ретте білім беру ұйымдарының басқару құрамы үшін лауазымдық жалақының 30 пайызынан 100 пайызға дейінгі мөлшерде басқарушылық шеберлігі үшін қосымша ақы төленетін болады.

— Ел тарихында алғаш рет педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты заң жүзінде регламенттелді. Педагогке жүктемені қысқарту бойынша қандай нормалар қарастырылған?

— Кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынды. Заң талабы бұзылған жағдайда құқықбұзушыға алдымен ескерту беріледі, қайталанса, 60-тан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Қазіргі уақытта ардагер ұстаздар, білім саласының білікті қызметкерлерінен құралған 12 топ аудандардағы, шалғай ауылдардағы білім беру ұйымдарының педагогтеріне жаңа Заңның негізгі бағыттарын түсіндіріп жатыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button