Басты бет » Әкімдер есебі » Жыл қорытындысы: жарты миллиард теңге пайда

Жыл қорытындысы: жарты миллиард теңге пайда

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Шалқар ауданына іссапармен келіп, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің «Шалқар ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2020 жылға арналған міндеттері туралы» тұрғындар алдындағы есебіне қатысты.

Алдымен аудан әкімі өзінің жылдық есебін баяндап, атқарылып жатқан нақты істер мен алға қойған міндеттерге тоқталды.

— Биыл ғы жылда да  Шалқар ауданы үш жыл қатарынан жарты миллиард теңге пайдамен аяқтады. Бұл аудан тұрғындарының еңбегі, ұйымшылдық пен бірліктің, алға ұмтылыстың нәтижесі.

Алдағы уақытта Шалқар көлі табанын тазарту, Өзбекстан шекарасынан кеден бекетін ашу, Бозойға дейін жолды асфальттау, Шалқардан Қандыағашқа дейін  тегіс жол салу жоспарланып отыр. Жолдар тартылса жүргіншілер көбейіп, оның бойында тіршілік жанданады. Тоғыз, Шілікті бағытындағы құны 1 миллиард теңгеге ауызсу тарту мәселесін шешу, Қарашоқат елді мекенінде мектеп ғимараты құрылысын салу — алға қойылған міндеттердің бірі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, ауыл тұрмысы назардан тыс қалмайды. Сондықтан ауданымыздың басқа да елді мекендерінде де клуб, медпункт, спорт алаңдарын салу көзделіп отыр. Әр жылдың өз несібесі мен халыққа тигізер ырыс-берекесі болады. Сондықтан да ынтымақта жұмыс істеп, ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін алға қойған міндеттерді тізе қосып бірге атқарсақ, алынбайтын қамал жоқ. Биылғы жылға да жоспарланған тың бастамалар бар. Бұл игі істерге алдағы уақыттарда аудан жұртшылығы куә болатынына сенімдімін, — деп сөзін түйіндеді аудан басшысы.

Есепті кездесуде Шалқар қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Қалыбаев биылғы Еріктілер жылына орай ауданда олардың  қызметін күшейтіп, мұқтаж жандар отбастарына көмекті жандандыруды ұсынса, еңбек ардагері Өмірзақ Жұмабаев Бозой ауылдық округіндегі шаруаларда су тапшылығын айта келіп, қожалықтарға су ұңғымаларын қаздыруға қандай жеңілдіктер болатындығын сұрады.

Кішіқұм ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Аққайыр Оразбаев Шілікті, Тоғыз ауылдарына таяу маңдағы Толағай  ауызсу қорынан су тарту мәселесін жеделдетуді өтінсе, Байқадам ауылының тұрғыны Бисенқұл Манасов Аққайтым, Байқадам бекеттеріне «Алматы-Маңғышлақ» жолаушылар пойызын аялдатуға облыс басшысының ықпал етуін сұрады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев аудан орталығындағы теміржол вокзалындағы жүк қоймасы тұрақты жұмыс істесе деген жалпы халықтың өтінішін жеткізді.

Тыл ардагері Қартбай Қабақбаев газдың, жарықтың есептегіштерін тексеруден өткізу үшін тұрғындардың облыс орталығына арнайы баруы қиынға түсіп отырғандығын айтса, еңбек ардагері Болатбай Елеусіз табиғатты тиімді пайдалану үшін Шалқардан өндіріс орнын ашу туралы ұсынысын жеткізді.

Бұдан өзге де сұрақтар қойылып, жергілікті жердегі тиісті мекеме, бөлім басшыларынан, аудан әкімінен қанағаттанарлық жауаптар алынды. Бірқатар мәселелерге қатысты облыс басшысы түсінік берді.

Шалқар ауданының құрметті азаматы, елдің ақсақалы Қалмақан Төлеуов облыс басшысының игі қадамдарына сәттілік тілеп, батасын берді.

Есепті жиыннан соң облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Кездесуден кейін облыс басшысы Оңдасын Оразалин Шалқар қаласының орталық көшесінде орналасқан, таяуда ғана пайдалануға берілген «Анаға тағзым» орталығында болып, ондағы халыққа қызмет көрсететін орындардың жұмысымен танысты. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова екі қабатты, заман талабына сай жабдықталған ғимараттың ішінде орналасқан қызмет көрсету орындарының жұмыстарына жеке тоқталып, олардың халық игілігі үшін атқаратын жұмыстарын түсіндірді.

Облыс басшысы аталған орталықтың дәстүр залында аналар мен жастардың қатысуымен өтіп жатқан тәрбиелік мәні мол «Өмірдің шырағы — ана» атты дөңгелек үстелге қатысты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Маржангүл Бекетова тағылымды шараға арнайы келіп, ақ жаулықты аналардың мәнді де мағыналы кеңестеріне құлақ түріп, жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тілеген облыс басшысына алғысын білдірді.

Өз кезегінде Оңдасын Сейілұлы ақ жаулықты аналарды ортаға алып, олардың тәлімді тәрбиемен ұштасатын ақыл-кеңестерін тыңдаудың жастар үшін еш артықшылығы жоқ екендігін айта келіп, орталық жұмысына шынайы ризашылығын білдірді. Ардагер аналар атынан 98 жастағы Нәзира Қараж әже облыс басшысына аналық алғысын айтып, батасын берді. Облыс әкімі жасының ұлғайғандығына қарамай жастардың тәлім-тәрбиесіне ортақтасып, көпті көрген қария ретінде мәнді шараны шырайландырып отырған ғасыр жасаған кейуананың иығына камзол-бешпент жапты.

Облыс басшысы «Анаға тағзым» орталығының қызметі өзгелерге үлгі болуы тиіс» деп, зәулім ғимаратта қызмет ететін барлық қызметкерлердің жұмыстарына сәттілік тіледі.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.