Басты бет » Ауыл » Шалғайдағы екі ауылдың шаттығы

Шалғайдағы екі ауылдың шаттығы

Байғанин ауданындағы екі бірдей ауылға газ берілді. Бұлақтыкөл және Жаңатаң ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр.

Салтанатты шараға Қызылбұлақ ауылдық округінің әкімі Жалғас Талдықов қатысып, жиналған жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады.

Аталған қос ауыл осы ауылдық округке қарайды. Қазір Бұлақтыкөлде — 534, ал Жаңатаңда  — 537 адам тұрады.

— Сол маңға жақын орналасқан «Аманмұнай» компаниясы бұл екі ауылға да газды әзірге тегін пайдалануға мүмкіндік жасап отыр. Тұрғындар ауылға тартылған жеткізуші газ құбырынан газды үйлеріне дейін тартуды ғана өз қаражаттарына жүргізді, — дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас

маманы Мекемтас Сейтқазин.

Округ орталығы Кемершиге көгілдір отын жыл аяғына дейін беріледі деп жоспарланып отыр. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, биыл Көлтабан ауылдық округінің орталығы Жарлы ауылына да газ құбыры тартылады.

— Бүгін — көптен күткен қуанышты күн. Халық, ел болып қуанып, мәз болып жатырмыз. Шалғайдағы ауыл тұрғындары көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Бұл — ауылға халық тұрақтауына кепіл болмақ.

Елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге сеп болатын мұндай үлкен шаруаларды тындыруға қолдау, көмек көрсеткен атқарушы билік өкілдеріне айтар алғысымыз көп, — дейді Жаңатаң ауылының ақсақалы Қанат Байдіров.

Аталған ауылдарға газ құбырын жүргізіп берген мердігер мекеме — «Техногаз» ЖШС.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.