Басты бет » Денсаулық » Скандинавиялық жүріс — денсаулық кепілі

Скандинавиялық жүріс — денсаулық кепілі

Марафон

«Денсаулық» саябағында скандинавиялық жүріс марафоны өтті. Бұған дәрігерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Күн боран болса да саябаққа жиналғандар марафонды ерекше шабытпен бастады. «Арасан-Ақтөбе» серіктестігінің директоры Дәмеш Қайдарова жиналғандарға аталған жүрістің пайдасы туралы айтып, сәттілік тіледі. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің дәрігері Фая Орынбаеваның скандинавиялық жүріспен шұғылданғанына он жылдан асыпты.

Адам үлкейген сайын буын, омыртқа ауруларынан зардап шегеді. Ал скандинавиялық жүрістің осы ауруларды емдеуде пайдасы көп. Омыртқа, жүрек, тыныс алу жолдары, яғни организмнің қалыпты жұмыс жасауына ықпал етеді. Осы жүрістің арқасында жасым елуден асса да денсаулығыма шағым айтып көрмедім, — дейді дәрігер. Ал «Медикус» медициналық орталығының медбикесі Ғазиза Сүлейменованың скандинавиялық жүріспен шұғылданғанына үш жылдан асқан.

Адам қозғалу керек. Сонда ғана аурудан аулақ боласың. Бұл жүрістің пайдасын білген соң бірден бастап кеттім. Нәтижесі керемет! Қазір жақындарым мен достарыма осы жүріспен шұғылдан деп кеңес беремін, — дейді Ғазиза.

Мамандардың айтуынша, скандинавиялық жүріс  омыртқаға жақсы әсер етеді.  Адамның дене бітімін жақсартып, денені түзу, жинақы ұстауға септігін тигізеді. Қан тамырлары мен жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Қарапайым жүрістен бұл жүрістің айырмашылығы өте көп. Бұл жүрісте жылдамдық маңызды емес, жүріп келе жатып тынығып, жаттығулар жасауға болады. Өзін-өзі бастан-аяқ қалыпты ұстап, жүрістің заңын бұзбаған жүргінші ғана артық салмақтан арылып, жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.

Скандинавиялық жүріс —  спорттың жаңа түрі. Бұл жүріспен еуропалықтардың әуестене бастағанына көп болған жоқ. 1990-жылдары ғана Еуропаға кеңінен таныла бастады. 2000 жылы Халықаралық скандинавиялық жүріс одағында  тек қана үш мемлекет болса, қазір оның қатары жиырмадан асады. Соңғы жылдары қазақстандықтар да осы жүріспен шұғылдана бастады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.