Жаңалықтар

Құтқарушылар жүкті әйелге көмектесті

Қарлы боран

Демалыс күндері аймақта ауа райының күрт бұзылуына байланысты облыстық, республикалық маңыздағы тас жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Жолда қалған жүргізушілерге барынша жағдай жасалды. Мұндай іс-шаралар облыстың Қобда, Мұғалжар, Байғанин, Темір, Мәртөк, Алға аудандарында тіркелді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне 26 қаңтарда сағат 11.40-та Самара-Шымкент тас жолының 598 шақырымында жеңіл автокөліктің қар құрсауында қалғаны турасында ақпарат түседі. Бұл — Қобда ауданының Сарбұлақ ауылы маңы. Арнайы құрылым шақырту орнына сол күні сағат 12.45-те жетеді. Жедел іс-шаралардың арқасында жолда қалған 3 жолаушы Қобда ауылына жеткізіліпті.

Мұндай жағдай Ақтөбе-Родниковка автомобиль жолының 9 шақырымында да тіркеліпті. Мәртөк ауданының Бұтақ ауылы маңында тұрған екі жеңіл көлік қар құрсауынан шығарылып, ішіндегі 3 адам Ақтөбе қаласына жеткізілген.

Ақ түтек боран алғалықтарды да әбігерге салды. Қарағаш ауылы маңында қалған 4 жеңіл және 2 жүк көлігін қар құрсауынан шығарған департаменттің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» мекемесінің №6 өрт сөндіру бөлімінің мамандары жол бойында қалған көліктермен қоса, ішіндегі жолаушыларды қауіпсіз жол учаскесіне шығаруға ықпал еткен. Сол күні сағат 22.40-та Алға ауданының Нұрбұлақ ауылының Атыраубаев көшесіндегі №41 үйдің тұрғыны, 1989 жылы туған жүкті әйел Қ.Наурызоваға медициналық көмектің керек екені, алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты дәрігерлердің ауылға жете алмайтыны турасында департаментке хабарлама түседі. Осы хабарламадан кейін шақырту орнына департаменттің №21 өрт сөндіру-құтқару бекетінің жеке құрамынан 2 адам, 1 «Трэкол» маркалы көлігі шығып, сағат 02.00-де жетеді. Сол сияқты қосымша «103» қызметінің мамандары жіберіледі. Құтқарушылардың көмегімен жүкті әйел Ақтөбе қаласындағы ауруханаға жеткізілді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button