Абай — 175Білім

Екі ақтөбелік оқушы жеңімпаз атанды

Олимпиада

Біздің облыстың екі оқушысы Абайдың 175 жылдығына арналған ІІ республикалық «Абайтану» олимпиадасында жеңімпаз атанды.  Олар — М.Құсайынов атындағы  облыстық дарынды балаларға арналған   мамандандырылған мектеп-интернатының  оқушысы  Нұрай Қабдол  мен Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназиясының  оқушысы  Рамазан Бақырадинов.  

Білім бәйгесінің І орын иегерлері жоғары оқу орындарына грантқа түсуге мүмкіндік алды.

Алматыда өткен Абай шығармашылығына арналған байқауға еліміздің әр өңірінен  жалпы саны 122 бала (9-11 сынып оқушылары) қатысты. Шара барысында оқушылар Абай шығармашылығын қаншалықты деңгейде оқып-білгендерін сарапқа салды. Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші сында қатысушылар Абайдың қара сөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазды. Екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Сайыс қорытындысында 12 оқушы І орын иеленді.  ІІ орынға 18 бала ие болса, ІІІ орын 33 үміткерге бұйырған.

«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Абайтану» олимпиадасының облыстық кезеңінен 6 оқушы жеңімпаз атанып, республикалық жарысқа жолдама алған болатын. Облыс намысын қорғауға қатысқан алты оқушының алтауы да жүлдесіз, марапатсыз қалған жоқ.

  • Нұрай  Қабдол мен Рамазан Бақырадинов бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ
    Мақсот Құсайынов атындағы  облыстық дарынды балаларға арналған   мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Мүбарак Тыныштықбай   
    мен Байғанин  ауданы  Қарауылкелді  орта мектебінің  оқушысы Әйгерім Нұржанқызы   ІІІ орынға ие болды. Ақтөбе қаласындағы №41   мектептің  оқушысы Анель Наурузова     мақтау қағазымен,  Байғанин  ауданы Жарқамыс орта мектебінің  оқушысы Ақтоты Теңел Алғыс хатпен  марапатталды, —

дейді оқушыларды жарысқа бастап барған «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Айгүл Бисекова.

  • Білім бәйгесінде жеңімпаз атанғаныма шексіз қуаныштымын. Сайыс тапсырмалары оңай болған жоқ. Бірақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жетекшім Сәуле Қоңқайдың дайындығының арқасында еңбегім жоғары бағаланды.

Айта кету керек, біздің мектептің оқушысы Мүбарак Тыныштықбай да жүлделі орын алды. Оның жетекшісі —  Гүлзат Жолаева. Орайы келгенде мектебіміздің педагогтеріне алғысымды білдіремін, — дейді  «Абайтану» олимпиадасының жеңімпазы Нұрай Қабдол.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button