Жастар

Жыл иелерінің жоспары — ерікті жастардың ертеңі

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Еріктілер жылына арналған іс-шаралар жоспарының тұсаукесері» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Оған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, ерікті жас, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінің жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы Нарқозы Қартжан, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жастар саясаты жөніндегі департаментінің директоры Айбек Наженов және облыстағы  еріктілер тобының жетекшілері мен мүшелері қатысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес «2020 жыл — Еріктілер жылы» деп жарияланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Біргеміз»  тұжырымдамасы негізінде 7 бағыт бойынша жалпыұлттық жобалар жүзеге асады.  «Білім», «Сабақтастық», «Таза Қазақстан», «Асыл Мұра», «Қамқор», «Үміт» атты бағыттар арқылы өңірде еріктілер қозғалысын дамыту шаралары қарқынды жүргізіледі. Бүгінде облыста құрамында1500-ден аса адамы бар 35 еріктілер тобы қызмет етеді. Олардың 17-сі облыс орталығында болса, 18-і — аудандарда.

Біраз жылдан бері тұрақты жұмысын жүргізіп келе жатқан, ресми тіркелген еріктілер тобы бар. «Д.А.Р.» еріктілер тобы 9 жылдан бері рухани, қоғамдық көмектер көрсетіп келе жатса, «Ақтөбе қайырымды жандар» тобы 5 жылдан бері көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылады. «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы қарттар мен аналар үйіне жиі барып, жетімдерге қолдау көрсетеді. «Медициналық еріктілер» мен «Қызыл жарты ай» қоғамының еріктілері  «Репродуктивті денсаулық», «Алғашқы медициналық көмек» бағытында жұмыс жасайды. «Ақтөбе–Дыши», «Таза өзен» тобы экологиялық бағытта, ал «Зелло-Поиск» тобы жоғалған адамдарды іздестіру бағытында төтенше жағдай және құқық қорғау органдарымен бірлесе қызмет атқарады.

Еріктілер деген кім? Олар туралы жастар арасында кеңінен түсінік жұмыстарын жүргізіп, біржақты көзқарастарын қалыптастыруға тиіспіз.Еріктілерді қайырымдылықпен шатастырмау керек. Көбінде «еріктілер көмектеседі, еріктілер жұмысымызды жасап береді» деген ұғым да жоқ емес. Бұл жастарды масылдыққа әкелуі мүмкін.Ондай бір сәттік көмектерден гөрі өмірлік азық бола алатын нәтижесі бар істерді ұйымдастырамыз. Мәселен, «Білім» бағыты бойынша аудандарға барып жастар мен оқушыларды оқу, жұмыс, кәсіпкерлік саласында білім алуға, жұмыс жасап кәсібін бастауға ұмтылдырамыз. Біздің оқу орнымызда шамамен 600-дей ерікті студент бар, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінің жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы Н.Қартжан.

Баспасөз мәслихатында еріктілерге қатысты маңызды сауалдарға жауап беріліп, жыл бойғы өңірлік жұмыс жоспарлары айтылды.

— Облыстағы еріктілер тобын ресми тіркеуден өткізіп жатырмыз. Еріктілер санын 2500-адамға жеткізу жоспарымызда бар.  Бұл жай тіркеу емес, Президентіміз 7 бағытты айқындап берді. Сол бойынша еріктілердің жұмыс істеуге мүмкіндіктерін ашып береміз. Еріктілер тобы тек мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттерінен құрылмайды. Онда жас ерекшеліктері шектелмейді. Ересектерден жасақталған еріктілер тобы біраз жұмыстар атқарды. Оларға алғысымызды айтамыз. Биыл еріктілердің тобының іргетасы нықтап қаланады. Жыл соңына дейін осыған байланысты барлық мәселелерді шешуге тырысамыз. Олардың құқықтары, міндеттері  мен қазір көп көтеріліп жүрген жалақы мәселесі Еріктілер жылы аясында жан-жақты зерттеліп, біржақты болады. Алдағы уақытта облысымызда еріктілер институтын қалыптасыру биылғы жылдың басты жұмысы болмақ, — деді басқарма басшысы.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button