Жаңалықтар

Баланы қалай тәрбиелеу керек?

Семинар

Облыстық әйелдер ісі жөніндегі комиссия мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жазасыз бала тәрбиесі» тақырыбында отбасылық коуч-тренер Елжас Ертайұлының семинар-тренингі өтті. Қаладағы №31 мектепте өткен шараға Алматы ауданына қарасты мектеп мұғалімдері мен ата-аналар шақырылды.

— Бала тақырыбы — қазіргі таңда қоғам үшін де, ата-ана үшін де өзекті тақырыптардың бірі. Сондықтан осы тақырып кеңінен ашылсын, ата-аналар өздерінің көкейде жүрген сауалдарына жауап алсын деген ниетте бүгінгі шараны өткізіп жатырмыз. Педагогтар мен ата-аналарға арналған семинардың негізгі мақсаты — оларды баланы жазасыз тәрбиелеуге шақыру. Бала ешқашан тілмен тәрбиеленбейді. Ол ата-анасының іс-әрекетіне қарап бой түзейді. Сол себепті, адам алдымен өзін тәрбиелеуі тиіс. Содан соң барып қана, баланың тәрбиесіне кіріскені жөн, — деді ұйымдастырушылардың бірі отбасылық әйелдер ісі жөніндегі комиссия мүшесі Бибігүл Халел.

Семинар барысында коуч-тренер балаға қоғамдағы проблеманың көзі ретінде емес, өзіне тән өмірі бар қоғамның кішкентай бөлшегі ретінде қарау қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол бала тәрбиесі тек материалдық қажеттіліктерін алып беруден ғана тұрмайтындығын айтып, бала тәрбиелеу әдістерінің заманауи үлгілеріне тоқталды.

— Баланы тамақтандырып, киіндіріп, күнделікті өміріне қажетті заттарды сатып алып беру бала тәрбиесі категориясына жатпайды. Біз бала тәрбиесі деген ұғымды кеңінен түсінуіміз қажет. Өйткені бала тек материядан тұрмайды. Оның сезімдері, ішкі жан дүниесі бар. Біз баланың сезімі мен  ішкі жан дүниесіне үңілудің орнына «Бұл бала ғой, не біледі дейсің», «Бала ғой, не түсінеді дейсің» деген сөздер арқылы  баланың ішкі сезімін жаралап, өзімізден алыстатып аламыз. Қазақта «Айтылған сөз — атылған оқ» деген керемет сөз бар. Осы ретте әрбір ата-ана өзінің «атқан оғының» баласының жүрегіне қадалып қалмауын ойлауы тиіс. Үнемі онымен ашық әңгімелесіп, сырласып отыруы қажет, — деп түсіндірді коуч-тренер.

Ол бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан бала тәрбиесіне қатысты мәселенің барлығы ата-ана мен баланың арасындағы сырласудың болмауынан екенін айтады.  

Шара барысында Елжас Ертайұлы мұғалімдер мен ата-аналарға біршама кеңестер беріп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кезекті отбасылық коуч-тренердің семинар-тренингі ақпан айының соңына жоспарланып отыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button