Әкімдер есебі

Көлік жолына жарық керек

Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегеновтің халық алдындағы кезекті есептік кездесуі Оқушылар сарайында өтті.

Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасованың төрағалығымен өткен жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, аудан ақсақалдары, көпбалалы аналар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Алдымен Бағжан Тілегеновтің ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасы тыңдалды.

— Астана ауданында 1,3 миллион шаршы метрді құрайтын 56 гүлзар мен саябақ бар. Шаһардың былтырғы 150 жылдық мерейтойы аясында бірқатар облыс аудандары саябақтарда абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күні аудан аумағында 234 балалар ойын алаңы орнатылды. Өткен жылы «Орман отырғызу» республикалық акциясы аясында арнайы бекітілген орындарда 12 мыңнан астам көшет егілді, — деді аудан әкімі.

Ауданда 43 мектеп бар. Сонымен қатар 30 мемлекеттік және 41 жекеменшік балабақша орналасқан. Бүгінгі таңда Батыс-2 ауданында 1200 және 600 орындық екі мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Үш ауысымдық мектептердің алдын алу мақсатында №12, 23, 47,51, 68 мектептерде және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде қосымша кеңейту құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін биылғы жылға жобалық-сметалық құжаттар дайындау жоспарланып отыр.

Аудан әкімі кәсіпкерлік саласына да кеңінен тоқталды. Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 523 адам қысқа мерзімді курстарды оқып, 314 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша 80 адамға 919 миллион теңге көлемінде шағын несие берілген.

Былтыр атаулы әлеуметтік көмек бойынша 438 отбасының өтініші қабылданып, құжаттар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолданған.

Кездесу барысында тұрғындар, әсіресе, жер мәселесі, көшелерді жарықтандару жайы, сондай-ақ көшелерге қазақша атау беру, аулаларда балалар ойын алаңдарын салу мәселелерін қозғады.

— Облыстық аурухана мен «Табыс» базары аралығындағы тасжолы жарықтандырылмаған. Соның салдарынан көлік жүргізушілер жаяу өткіншілер белгілерін байқамайды. Жол бойында балабақша мен мектептер бар. Балаларымызға алаңдаймыз. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметімен хабарласу өте қиын. Желі үнемі бос болмайды, — деді Жаңақоныс ауылының тұрғыны Айнагүл Бекмұханова.

Қала әкімі барлық сұрақтар шешімін табатынын айта келе, биылғы жылы жарықтандыру жұмыстары қолға алынатынын, ал жедел жәрдем мәселесі облыстық денсаулық сақтау басқармасына жеткізілетінін атап өтті.

Жалпы бұған дейін аудан әкімі тұрғындармен 5 есептік кездесу өткізді. Барлық қойылған сұрақтар хаттамаға түсіріліп, тиісті мекемелерге жолданды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button