Жаңалықтар

Биікке жеткізген жол

Мерей

Бүгінгі алдыңғы буын аталатын ағаларымыздың балалық шағынан бастап талай қиындықтармен бетпе-бет келіп, жалаң киім, аш құрсақ жүріп, қатарынан кем қалмауға тырысып, білім алуға ұмтылғаны, ең бастысы, адам болсам асыл ниет жетегімен көңілдеріне кіреуке түсірмегені, сөйтіп, мақсаттарына жасымай жеткені кейінгілерді еріксіз тәнті етеді. Сондай жігерлі жандардың бірі ретінде біз Есенғос Мәмбеталин есімін ерекше мақтанышпен атар едік.

Есенғос Сағынайұлы сонау соғыс басталар қарсаңдағы үрейлі бір кезеңде — 1940 жылдың қаңтарында дүниеге келген. Елдегі жағдай белгілі, бұған дейін ашаршылықтың азабын тартып, одан беріде қуғын-сүргіннің қысылтаяңынан әлі шығып үлгермеген жұрттың есі кіресілі-шығасылы халде жүргенімен алдағы күнінен күдерін үзбеген көпшілік бәрібір баласын үйлендіріп, қызын ұзатып, немересін сүйіп, мынау тіршіліктің қызығынан күдер үзе қоймаған тұс еді бұл. Сондай жақсы күннен үміт күткен үлкендер дүниеге жаңа келген перзенттерінің атын да Аманғос, Есенғос деп қойған екен.

Бала Есенғостың мектепке дейінгі шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді. Ауылдың азаматтары бірінен соң бірі майданға аттанып, елдің ішін қара бұлт басқанын оның сәби көңілі сезбеген де болар, бірақ сол кездің сызы бүкіл ғұмырына  серік болғаны анық. Есейе келе айналасындағы адамдарға жақсылық жасасам, олардың ауырлықтарын жеңілдетсем деген ізгі ойы оның дәрігерлік мамандықты таңдауына жол ашқаны сөзсіз. Сөйтіп, 1957 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбеде жаңадан ашылып жатқан медицина институтына құжаттарын тапсырады.  Бұл оқу орнын 1963 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша 157 түлек тәмамдайды.

Институтты бітірген алғашқы түлектердің жетеуі үздік диплом иегерлері екен. Солардың бірі медицина ғылымдарының докторы, профессор, «КСРО медицина ісінің үздігі» белгісінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің және «Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігінің ең жоғары наградасы — «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері Есенғос Мәмбеталин болып шықты.

Есенғос ағаның институтта бірге оқыған курстастарының көпшілігі адал еңбектерімен халық құрметіне бөленді, биік белестерге шықты. Мысалы, Сембай Марданов, Абай Жанғабылов, Әбдікәрім Хамзин медицина ғылымдарының докторы атағын қорғады, профессор атанды. Қызыл Жаңабаев, Нәрікбай Әбсадықов, Үкіметалы Әлниязов жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, жас мамандар даярлауға үлес қосты. Тұрғанбай Маханов, Жолдыбай Жүсіпов, Бақтығали Жазықов, Ереван Баймұхамбетов, Тұрар Шерияздан, Разия Сарина, Әскербек Тұрышев, Мақсат Ұлықпанов секілді жолдастары адам денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етті.

Ал Есағаң өзінің ақ халат киген еңбек жолын Шалқар теміржол ауруханасында хирург болудан бастайды. Осында еңбек ете жүріп, Алматы, Мәскеу қалаларындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институттарында хирургия, урология бойынша маманданудан өтеді. Тәжірибе жинап, маман ретінде таныла бастаған дәрігерді көп ұзамай орталық өңірдегі Қандыағаш теміржол ауруханасына бас дәрігер етіп жібереді. Ол осында халыққа хирургияның барлық саласынан жедел және жоспарлы операцияларды жасап, сырқат жандардың алғысына бөленеді, өз саласынан жетекші маман ретінде танылады.

Жетпісінші жылдардың басынан бері қарай Есенғос Сағынайұлы бірыңғай урология саласына қарай бейімделеді. Осы бағытта маманданып, бір жағынан ғылыми зерттеулермен шұғылданады әрі ұстаздық қызметін де осы ауқымда өрістетеді. 1973 жылы Мәскеудің орталық дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында аспирантурада білім алып, медицина ғылымының кандидаты дәрежесін қорғайды. Диссертацияның тақырыбы қай уақытта да адам денсаулығының ең бір нәзік тұсы — бүйректің созылмалы жеткіліксіздігіне қатысты болатын. Бүйрек функциясын зерттеуге радиоизотоптық динамикалық сцинтиграфия әдісін енгізу жас ғалымның ғылыми еңбегінде жан-жақты зерттеліп, тәжірибелі әріптестері тарапынан жоғары бағаға ие болады. Осылайша ол кешегі КСРО аумағында урологияға динамикалық сканерлеу және радиоизотоптық ангиографияны алғашқы енгізушілердің бірі ретінде бағаланады.

Есенғос Сағынайұлы өзі түлеп ұшқан алтын ұясына он жылдан соң жас ғалым, сонымен бірге практикада тәжірибе жинақтаған дәрігер маман ретінде қайта оралады. Бастапқыда ассистент, содан кейін доцент дәрежесінде еңбек етеді. 1978 жылы институттың урология кафедрасының меңгерушілігіне тағайындалады.

Осы жылдары ол облыстың бас урологі ретінде сырқат жандардың сауығып кетуіне жағдай жасап, түрлі емдер қолдануға басшылық етеді. Сондай-ақ көршілес Атырау, Орал, Маңғыстау облыстарына жедел жағдайда санитарлық ұшақпен барып, емдеу-консультациялық кеңестер беріп, тікелей қабылдау жасаған кездері де аз болмаған.

Оның отыз жылдай үздіксіз еңбегі, жинаған тәжірибесі, алған білімі ғалымның 1994 жылы республикамыздың медицина жоғары оқу орындары үшін қазақ тілінде алғашқы урология оқулығын жазып шығуға мүмкіндік береді.

Есенғос Мәмбеталиннің ғылым жолындағы ізденістері ешқашан да саябырсып қалған емес. Оның  докторлық жұмысы қатарынан екі саланы — урология мен гигиенаны қамтиды. Ол тақырып аясын кеңейте отырып, «Хром қосындыларының және басқа нефроуытты заттардың адам несеп-жыныс жүйесіне әсері» деген тақырыпта клиникалық-эксперименталдық зерттеуді жүзеге асырды.

Адам денсаулығын қорғауда бас ауырғаннан балтыр сыздағанға дейінгі аралықта ауыр-жеңіл деп бөлуге келмейтін жайттар бар. Көпшілік арасында айтылып жүргендей, «адамның қай жері ауырса — жаны сол жерде». Дегенмен білікті дәрігерлердің өзі беттей бермейтін урологияның өзінің қиындықтары бар. Сондықтан да бұл саладағы әрбір тың жаңалық, өрісті зерттеулер ықылас-ынтамен қабылданады. Ал сол бір кезде урология бойынша диссертациялық ғылыми кеңестің төрағасы академик Н.А.Лопаткин, гигиена саласының белгілі, беделді ғалымдары — академик И.В.Саноцкий, профессор А.В.Рощин Есенғос Сағынайұлының докторлық еңбегін урология ғылымының жаңа бағытының негізі, экологиялық уронефрологияның бастауы деп бағалайды.

Есенғос ағаның өмір жолында өзінің біліктілігімен үлгі болған, таңдаған мамандығына адал қызмет еткен бір адамды айтпай кетуге болмайды. Ол — Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бинеш Жарбосынов. 1955 жылы Алматы медицина институтын бітірген ол Атырау, Ақтөбе қалаларында уролог-дәрігер болып еңбек жолының алғашқы сатыларынан жүріп өтеді. Сондай-ақ Ақтөбе медицина институтының жалпы және факультеттік хирургия кафедрасының ассистенті болады.

1990 жылы Бинеш Жарбосыновтың жетекшілігімен Алматы қаласында урология ғылыми орталығы ашылады. 1994 жылы осы орталықтағы урология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми-клиника жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне Ақтөбеден арнайы шақырылуы Есенғос Сағынайұлының ең алдымен білгір маман ретінде бағалануы еді.

Білікті маман 1994 жылдан бастап тоғыз жыл бойы Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының клиникалық жұмыстарына басшылық жасайды. Ол бұл қызметте өзінің терең білімділігін, ауқымды тәжірибесін көрсете біледі. Клиникалық тәжірибеге жаңа технологиялық әдістемелерді, урологиялық ауруларды емдеудің стандарттарын енгізуге көп еңбек сіңіріп, сырқаттарға урологиялық көмек көрсетуді жетілдіруде тың қадамдар жасады. Осылайша ғалымның есімі республика көлемінде кеңінен танылды.

Есенғос Сағынайұлы он жылдай Қазақстан Республикасы урологтар қауымдастығының төрағасы болды, сондай-ақ урология мамандығы бойынша диссертация қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, республикалық фармакологиялық комитет мүшесі ретінде қызмет атқарды. Осының бәрі оның өз кәсібіне берілгендігінің, таңдаған мамандығына адалдығының көрінісі еді.

Кеңестер Одағы кезінде ол көп жылдар бойы Бүкілодақтық урологтар қауымдастығы басқарушы алқасының мүшесі болды. Жоғары деңгейдегі съезд, конференцияларға, симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасады.

Профессор Есенғос Мәмбеталин — 153 ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 5 монография, 3 оқулық, 4 өнертабыс туындылары бар. Оның жетекшілігімен бір докторлық және жеті кандидаттық диссертация қорғалды. Денсаулық сақтау ісінің үздігі, бірнеше медальдің иегері. «Ұлттық медициналық ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары наградасы — «Алтын дәрігер» төс белгісінің иегері.

Есенғос ағаның өмірлік серігі Анастасия апа — дәрігер-акушерка-гинеколог, медицина институтында, ұлттық медицина университетінде оқытушы болды. Отбасында олар Серікжан, Әлихан есімді екі перзент өсіріп, олардан он бір немере, бір шөбере сүйіп отыр.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті өзінің 60 жылдық мерекесін салтанатпен атап өткен кезде жоғары оқу орны мақтан ететін алғашқы түлектер қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор Есенғос Мәмбеталин есімі ерекше құрметпен аталды. Бүгінгі күні осы оқу орнының құрметті профессоры.

Қазір де Ақтөбе өңірінде Есенғос Сағынайұлының көптеген шәкірттері жемісті еңбек етуде. Олардың қай-қайсысы да ұстаз тәрбиесін, тәлімі мен өнегесін ұмытпайды.

Бүгінгі күні сексен жасқа келіп, ғибраты мол ақсақалдық ауылына абыроймен еніп отырған ғалым ағаға алда да сергек көңіл, шуағы мол ғұмыр тілейміз.

 Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВ,

жоғары санатты дәрігер-уролог.

Басқа жаңалықтар

Back to top button