Әлеумет

Әңгіме арқауы — атаулы көмек

Әлеуметтік қорғау

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың жетекшілігімен отбасылардың әлеуметтік қорғалуы тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Үстел басына ана мен бала, отбасы мәселесімен айналысып жүрген үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі мүшелері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма, бөлім басшылары, ата-аналар жиналды.

Әуелі былтыр атқарылған жұмыстар туралы айтылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, былтыр облыс бойынша 237 отбасы атаулы әлеуметтік көмектің біржолғы төлемін алып, отбасы игіліктеріне жұмсады. Айталық, оның 216-сы жеке қосалқы шаруашылықтарын нығайтты, яғни 199 отбасы мал басын көбейтумен айналысса, 14 отбасы құс өсіре бастаған, 3 отбасы техникалық құралдар сатып алыпты. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмектің төлемін 15 отбасы жеке кәсібін ұйымдастырып, 6 отбасы кәсіпкерлігін дамытуға пайдаланды. Былтыр АӘК алушылар қатарындағы көпбалалы, аз қамтылған 121 адам 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грант алып, жеке ісін бастаған.

— Ал биыл атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуына өзгерістер енгізілді. Бүгінгі күні барлық аудандық жұмыспен қамту орталықтарында құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Учаскелік комисссиялар түскен өтініштер бойынша отбасы жағдайын тексеруде. Бүгінгі таңда жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекке барлығы үш жарым мыңнан астам адам өтініш беріп, оның тек 700-ге жуығының ғана құжаттары мақұлданды. 75 адамның құжаты кейін қайтарылды. Олардың кейбірінің табысы көбейген, енді бірі ұсынылған жұмыстан бас тартып отыр. Әлі де құжат қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Тағайындалған төлем әр айдың ортасында беріледі, бірақ атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын жаңартылады, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 1500  бос жұмыс орны бар. Бұл бос жұмыс орындары ең әуелі жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бергендерге ұсынылатынын айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button