Әкімдер есебі

Биылғы жылдың жүгі

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев Ясный ауылының тұрғындары алдында есеп берді. Өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланған кездесуге Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова, мемлекеттік мекемелер басшылары мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ жоғарыда аталған ауыл мен 41-бекет елді мекенінің тұрғындары қатысты.

Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназия ғимаратында өткен жиында Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев өзі басшылық ететін аудан құрамына 28 елді мекеннің кіретінін, тұрғындардың жалпы саны 230 мыңнан асатынын атап өтті. Артынша 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму туралы есеп берген ол әр сала бойынша жасалған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Мәселен, оның айтуынша, Алматы ауданы аумағында 42 орта мектеп, 9 арнаулы орта, 3 жоғары білім беретін мекеме, 2 музыкалық мектеп, 2 спорттық мектеп, «Жас натуралистер станциясы», 2 Мәдениет үйі, 9 кітапхана, 84 мектепке дейінгі білім беретін ұйым жұмыс істеп тұр. Сол сияқты денсаулық сақтау саласында барлығы 30 мекеме тұрғындарға қызмет көрсетеді екен. Өткен жылы Ясное-2 елді мекенінде жаңа амбулатория, Ақшат елді мекенінде 140 балаға арналған «Алаң» балабақшасы, ал Украинка мен Бекқұл баба елді мекенінде 300 орынғашақталған мектептер пайдалануға берілген.

Сонымен қатар нәтижелі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар аясында қысқа мерзімді кәсіби оқуға, соның ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға 349 жұмыссыз азамат жіберіліп, соның 277-сі курсты тәмамдаған. Кейіннен 209 ақтөбелік соның арқасында тұрақты жұмысқа орналасыпты. Ал жоғарыда аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 32 адам 377032 мың теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 17 адам 149 300 мың теңге, «Ақтөбе ауыл микрокредит» арқылы 1 адам 16 млн теңге, «Ақтөбе Несие» ЖШС арқылы 1 адам 6 млн теңге қаржы көлемінде шағын несие алғанын айта кету керек. Барлығы 51 адам былтыр 548 332 мың теңге қаржы көлеміндегі несие алған. Сол секілді «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өз бизнесін ашуға98 адам 47589128 теңгенің грантын иеленген. Мұнымен бірге, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздерін 126 адам оқыған. Дей тұрғанмен,жұмыссыздар саны әлі де аз емес.Ресми дерекке сүйенсек, Алматы ауданы бойынша қазіргі таңда тіркелген жұмыссыздар саны — 597.

Кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Оған мысал ретінде Алматыауданыбойынша кәсіпкерлік бағытында қызмет ететін тұлғалардың санының 17 мыңнан асқанын келтірсек те болады. Өз кезегінде өткен жылы өз ісімді жүргіземін деген азаматтарға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін  8  жер телімі бөлінген. Олар: кемпинг, 2 газ құю станциясы, көлік жуу бекеті, 2 жылыжай, т.б.

Ауданның қолданыстағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері — 56 086 га, оның ішінде егістік — 14124 га, шабындық – 2728 га, жайылым – 31734 га, тыңайған жерлер – 3945 га. Ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істеп тұрған тауар өндірушілер құрылымының саны — 116.

— Картоп дақылы 311 гектарға егіліп, одан 4535 тонна өнім жиналды. Ауданымыздың ірі шаруашылықтарында өндірілетін картоп, көкөніс өнімдері толығымен қала тұрғындарын қамтамасыз етіп, облыс аудандарына сатылып жатыр.

 «Green Capital Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 5-ші буындағы жаңартылған жылыжай кешені іске қосылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Алғашында 5,5 гектар алқапқа құрылған негізгі блокта жылына 2,7 мың тонна қызанақ өндіріледі. Алдағы уақытта қосымша 15 гектар жерге жылыжай салыну жоспарлануда, — деді Әділкерей Әуелбаев.

Тұрғындар тарапынан сұрақтар көбіне-көп әлеуметтік, медицина салаларына қатысты болды. Атап айтсақ, емхананың ішінде тіс емдейтін дәрігер мен күндізгі стационардың жоқтығына шағымданғандар көп болды. Сондай-ақ, Ясный-1 мен Ясный-2 елді мекендерінің тұрғындары үшін көлік жолының нашарлығы, қыс мезгілінде оның қардан тазартылмауы — басты мәселелердің бірі. Жол бойындағы аялдама павильондарының жоқтығы да ясныйлықтарды әбден тығырыққа тіреген, «Көлік қағып кете ме деп қорқамыз. Соның салдарынан жазда көлеңке, қыста ық таппай, қатты қиналамыз», — дейді олар. Жол белгілерінің жоқтығы, көшелердегі жарықтандыру жайы, бұралқы иттердің шектен тыс көбейіп кетуі де сын тезіне алынды. Балабақша санын арттыруды сұрағандар да кездесті. «Орталықтандырылған кәріз жүйесі қашан салынады?» деп сұрақ қойғандар да болды. Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев қойылған сұрақтардың бәрі орынды екенін айта келе, қарды шығаруда қолда бар техниканың жұмылдырылып жатқанын, жол жөндеу мен аялдама павильондарын орнату бойынша мәселелерден Ақтөбе қаласы әкімінің хабардар екенін, бұның жоспарға енгенін атап өтті. Жол белгілерін қою, балабақша ашу да биылға жоспарланған. Соңғысы жекеменшік негізде болуы бек мүмкін.

* * *

Қоғамдық көлік, учаскелік полицейлердің жұмысы, пошта байланысын реттеу, жол мен жайылымдық жердің мәселелері Алматы ауданы әкімі  Әділкерей Әуелбаевтың Өрлеу ауылындағы №57 мектепте өткен  есебінде жан-жақты айтылды. Оған  Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова мәслихат депутаттары кәсіпорын басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

2018 жылдың  28 мамырында құрылған Алматы ауданының аумағында 230 мың тұрғын бар. Ақтөбе агломерациясына кіретін бұрынғы Мәртөк ауданының құрамындағы Родниковка елді мекені — бүгінде Өрлеу болып өзгертілген. Өрлеу тұрғындарының  соңғы жылдарда көрген игілігі — 300 оқушысы бар екі қабатты жаңа мектеп, ауылға жүргізілген ауызсу, қаладан 10 шақырым тіке тартылған асфальт жол. Ауыл көшесінде 139 бағана  жарықтандырылып, 4000 көше шамы ауыстырылған.

Әділкерей Әуелбаев басты назарды жұмыссыздықты шешу жолдарына, әлеуметтік көмек беру тәртібіне  аударды. Ақтөбе қаласының Алматы ауданында тұратын  6 мыңға жуық адам 2 миллиард 970 миллион теңгеге әлеуметтік көмек алған. 6811 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 349-ы  аспаз, тігіншілік, кондитер, дәнекерлеуші мамандықтарына қысқа мерзімді курстарға жіберіліп, оны бітірген 209 адам нақты жұмысқа орналасқан. «Даму» бағдарламасымен 32 адам 377 миллион теңгеге  несие рәсімдеген. Алматы ауданының  51 азаматы 548 миллион теңгенің  несиесін алып, өз кәсіптерін жүргізген.

Ашық диалог форматында өткізген кездесуде ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы  Ғафу Мәдиұлы  бірнеше сұрақтарды қамтыды. Ол ең алдымен аз қамтылған отбасыларының ата-аналары көмек сұрап келгенде,  демеушілік ұйымдастырғаны үшін және  ауылдағы мектепті музыкалық аппаратпен толық жабдықтап, 300 оқушыны қуантқан Әділкерей Әуелбаевқа  тұрғындар атынан алғыс айтты. Тағы бір жай, қазір қалаға таңертеңгілік жұмысқа қатынау өте қиын. Басты мәселе — қоғамдық көлік. Ауылға келетін №41 маршруттағы ескі автобустың іші салқын, газдың жағымсыз иісі шығып тұрады. Әрі жүру кестесі қысқа, демалыс пен мейрам күндері өте аз жүреді. Ақсақал  қаладағы троллейбус паркіне қарасты мекеменің осы автобусты жаңартуын сұрайды. Мекеме басшысымен сөйлескенде, ол осы ескі «Пазиктің» мекемеге шығынмен жүріп жатқанын айтқан. Ақсақалдың айтуынша, Силикат зауыты, «Алинекс» мекемесінде, ферроқорытпа және хром қосындылары зауытында ауылдың  жұмыс істейтін 500 азаматы автобуспен қатынайтынын ескеріп, олардың күніне 40 мың теңге жолақыға тапсыратынын айтты. Ендеше күніне 40 мың теңге  пайда түсіріп жатқан автобустың жұмысын жолға қою керек. Зейнетақыны көшеде таратады, өйткені «Қазпоштаның» ғимараты жоқ. Өткен жылы ғана пайдалануға берілген Ақтөбеден 10 шақырым тікелей тартылған асфальт жолға ауыр көліктер көп жүретіндіктен, ойықтар түсе бастаған.  «Мектепке 5-6 бала келсе, олардың соңдарынан иттері бірге еріп жүретіндіктен, көшеге бала жіберуге қорқамыз». Тұрғындардың сұрақтарына Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев және Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин де жауап беріп, «Иесіз иттер мәселесі қай ауылға барса да алдынан шығып отырғанын, әркім өз итіне  өзі ие болуы керектігін» айтты.

Ғафу Мәдиұлы саяжайда 4 баласымен тұратын, №57 мектептің әйел мұғалімінің  Ақтөбе қаласында тұрған жер кезегін Өрлеу ауылына ауыстырып беруін сұрады. Мавр Абдуллин бұл мәселені өз жауапкершілігіне алды. Индира Бектиярова 5 баласымен саяжайда салған үйіне газ кіргізе алмай отыр. Жаңа ереже бойынша, аумақта салынған тұрғын үйлер саны 15-ке жетсе ғана газ жүргізіледі.

1-топтағы мүгедек Қобылан Мұратов 2007 жылы тұрған үй кезегінің қашан келетінін сұрады. Қазір 39-орынға жылжыпты. Биылғы кезекпен  берілетін тұрғын үй саны — 353. Қала әкімі кезегі жақындаған мүгедек ардагердің биылғы жылы үй алатынын айтып қуантты.

Ауыл учаскелік полицейлерінің жұмысын жандандыруды қала басшылығының тұрғындармен кездесулерінде тұрғындар жиі көтеріп жүр. Ақжар елді мекенінің тұрғындары бір күнде талтүсте 28 үйге ұры түссе де, ешбір ұрлықтың ашылмай жатқанына алаңдаушылық білдірген. Бүгінде Алматы ауданының 2-3 ауылына — бір учаскелік полицей. Оған Мавр Абдуллин: «Учаскелік полицей мәселесі жақында құқық қорғау органдарының басшыларымен өтетін кеңейтілген жиында жан-жақты талқыға салынбақшы. Учаскелік полицей әр үйдің тұрғындарын жете танып, ауылдағы жағдайды бақылауда ұстауы тиіс», — деп жауап берді. Ауыл малының жайылатын өрісі жоқ.  Өйткені, ауылдың жан-жағындағы жерлер жеке адамдардың иелігінде. Олардың немен айналысатыны белгісіз, не шөп шаппайды, не мал бақпайды, не егіс екпейді. Бірақ қарауылдары  ауылдың малы жайылып бара қалса, жетіп келеді де, менің жерім деп жақындатпайды. Сондай-ақ  ауылдың төңірегіндегі зираттарды қоршамаса, зират  тасжолға тіреліп, ауылға тақады. Жұртшылық осы жерлерді иеленген шаруа қожалықтарының тізімдерін анықтау жөніндегі мәселені де ортаға салды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button