Әкімдер есебі

Жалғасын табатын жұмыстар

Сәрсенбі күні Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегеновтің халық алдындағы есептік кездесуі Сазды ауылындағы №66 орта мектепте өтті. Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасованың төрағалығымен өткен жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ауыл тұрғындары жиналды.

Алдымен Бағжан Тілегенов өткен жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баяндама жасап, барлық салаға жеке-жеке тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылғанын атап өтті.

— Былтыр ұйымдастырылған Ашық есік күндері аудан әкімдігіне 273 адам жолығып, барлығы 384 сауал қойылды. Оның ішінде тұрғын үй мәселесі бойынша — 73, атаулы әлеуметтік көмек мәселесі бойынша — 120, білім беру, денсаулық сақтау, тағы басқа мәселелер бойынша — 86, жер мәселелері бойынша — 50, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инженерлік жерлер жүргізу бойынша 55 сұрақ келіп түсті. Бүгінгі күні аталған сұрақтардың 125-і өз шешімін тапты. Сондай-ақ 259-на түсініктеме беріліп, қажетті құжаттарды жинақтауға көмек көрсетілді. Жеке және заңды тұлғалардан 228 өтініш тіркеліп, 47 азамат жеке қабылдауда болды, — деді Астана ауданының әкімі.

Оның айтуынша, ауданда санитарлық тазалау жұмыстарымен 4 мердігер компания жұмыс жасайды. Күнделікті тазалау жұмыстарына орташа есеппен 116 жұмысшы, 15 бірлік техника жұмылдырылады. Былтыр көктемгі және күзгі кезеңдерде жалпы қалалық сенбіліктер мен «Бірге — таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізіліп, оған 40 мыңнан астам адам атсалысқан. Нәтижесінде қалалық полигонға 500 тоннадан артық қоқыс шығарылған.

Облыстық экология департаментінің мәліметі бойынша, Астана ауданында 146 заңсыз қоқыс тастайтын жер анықталды. Осы заңсыз қоқыс орындарын қалалық құрылыс компанияларының көмегімен тазартып, қазіргі уақытта 3 жарым мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Оның біреуі Сазды ауылы аймағында орналасқан.

Өткен жылы есептік кездесу барысында 15 сұрақ көтерілсе, оның ішінде Бауырластар-1 елді мекені тұрғындарын алаңдатқан көгілдір отын, көшені жарықтандыру мәселелері бойынша сұрақтар өз шешімін тапты. Қазіргі таңда Сазды ауылындағы 14 көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу қажет.

«Бауырластар-2» тұрғын үй алабында жалпы ұзындығы 3 километр болатын ауылішілік жолдарға қиыршық тас төселді.

Өткен жылы аудан бойынша 43 миллион теңгеге 6 мың шаршы метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады, — деді аудан әкімі.

Бүгінгі таңда Астана ауданында 43 мектеп бар. Оның ішінде үш ауысымдық 4 мектеп бар. Үш ауысымдық мектеп мәселесін шешу мақсатында былтыр Құрашасайда 600 орындық мектеп ашылған.

Сонымен қатар аудан әкімі кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 123 адам қысқы мерзімді курстарды оқып шыққан. Ал екінші бағыты бойынша 80 адамға 919 миллион теңге көлемінде шағын несие берілген. Атап айтсақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 63 адамға — 711 миллион теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы 13 адамға 137 миллион теңге берілген. Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша Астана ауданынан 394 адам оқуға бағытталған.

Атаулы әлеуметтік көмек бойынша былтырғы жылдың 1 сәуірінен бастап кедейлік шегінің өзгеруіне байланысты жаңа форматтағы әлеуметтік көмек алу мүмкіндігін түсіндіру мақсатында 7 жерден пункт ашылған.

— Былтыр 438 отбасының өтініші қабылданып, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолданды. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген азаматтарды қабылдау жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Сонымен қатар шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында қала бойынша 85 жерде көшпелі сауда орындарына рұқсат берілді, — деді Б.Тілегенов.

Бұдан соң тұрғындар толғандырған сауалдарын қойды. Ауыл тұрғыны Мұңайтпас Әбубәкіров биылғы жыл басынан бастап қар тазалау жұмыстарының жүйелі жүргізілмейтінін айтты.

Бұл мәселеге Бағжан Тілегенов былайша жауап қайтарды:

— Бұл тұрғыда халықтан көп шағым түсіп жатыр. Соңғы күндерде қар қалың түсуіне байланысты мердігер ұйымдар үлгере алмай жатыр. Ең алдымен қоғамдық көлік жүретін жолдар аршылады. Алдағы уақытта тиісті мекемелерге қосымша техника беру жөнінде ұсыныс берілді, — деді.

Қала әкімі Мавр Абдуллин бұл мәселені толықтай шешуді тапсырды. Бауырластар-1 ауылының тұрғыны Нұртай Ибраимов №6 автобустың жүру уақыты көрсетілмейтінін, қоғамдық көлікті ұзақ күтулеріне тура келетінін айтты. Сондай-ақ мектептің маңына жаяу жүргіншілер белгісін орнату туралы ұсынысын білдірді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарын көшелерде қаңғыбас иттердің көбейгені де мазалауда.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары бұдан өзге де бірқатар мәселелерді көтерді. Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин жиынды қорытындылап, қойылған сауалдардың шешімін табатынын жеткізді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button