Жаңалықтар

113 жолаушы жылыту бекетіне жеткізілді

Қыс бораны

Қаңтар айының соңғы онкүндігінде ауа райы құбылмалы болып тұр. Қатты жел мен боранның, көктайғақтың салдарынан облыста бірқатар бағыттағы жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылып жатыр. Құзырлы органдар жолаушылар мен жүргізушілерге жолда абай болуын, тұрғындарға ұялы байланыс телефонына «112» нөмірінен келген хабарламаларға ерекше мән беруді ескертеді.  

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 22 қаңтарда түнгі мезгілде облыс аумағында автожол бойында 58 көлік қар құрсауынан шығарылып, 172 адам құтқарылған. Ал 113 жолаушы жылыту бекеттеріне жеткізіліпті.

Мұндай жағдайдың бірі сол түні Ақтөбе-Орск тасжолының 86-шақырымында орын алған. Департамент мамандарының айтуынша, аталған тасжолдың бойында 21 жеңіл көлік қар құрсауында қалыпты. Эвакуациялық іс-шараларды өткізу үшін төтенше жағдайлар басқармасының 3 қызметкері мен 1 бірлік техника (Трекол), «Көквест» ЖШС-нан 2 адам мен 1 бірлік техника (Урал КДМ) жіберілді. Сағат 18.50-де барлық автокөлік қардан шығарылып, жолаушылар Қарғалы ауданының орталығы Бадамша ауылына жеткізілген. Себебі жолда қалған жолаушылардың барлығы — Бадамша ауылының тұрғындары.

Сол түні ауа райының қолайсыздығына байланысты сағат 19.40-та Қосестек кенті маңында 40 автокөліктің жолда қалғаны туралы департаментке хабар түседі. Көліктердің ішінде болған 100 жолаушы Қосестек ауылдық округіндегі жылыту бекеттеріне (мектеп, кафе) орналастырылды. Сондай-ақ Әлімбет орта мектебіне  ресейлік екі жолаушыға жағдай жасалған.

Мұндай шаралар сол күнгі ауа райының бұзылуына байланысты Мұғалжар, Шалқар, Ойыл өңірлерінде де жедел атқарылып жатты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button