Денсаулық

Вирустың алдын алуға арналған оқу-жаттығу өтті

Кеше Ақтөбе халықаралық әуежайында коронавирустық инфекцияның тіркелу жағдайында денсаулық сақтау ұйымдары мен құзыретті органдардың бірлескен іс-қимылдарын пысықтау жөнінде оқу-жаттығу өтті.

Оқу-жаттығудың мақсаты — облыс аумағына короновирустық инфекцияның келу және тіркелу жағдайында арнайы қызмет құрылымдарының дайындығын қамтамасыз ету.

Санитарлық-карантиндік тексеру жүргізу кезінде Нұр-Сұлтан-Ақтөбе бағыты бойынша №965 рейс жолаушысының тепловизормен байланыссыз тексеру кезінде дене қызуы бар екені анықталып, арнайы хабарлау схемасы бойынша короновирустық инфекцияға күдікті адамның бар екендігі туралы мүдделі мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау ұйымдарына ақпарат берілді. Соның нәтижесінде әуежайдағы эпидемиолог мамандар күдікті науқасты оқшаулағышқа апарды. Кейін әуежайға жедел жоспарға сәйкес індетке қарсы іс-шараларды жүргізу үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары, атап айтсақ, құрамында дәрігер-инфекционист, дәрігер-эпидемиолог, дәрігер-вирусолог және дәрігер-консультанттар келіп, науқасты толығымен тексерді. Сондай-ақ науқасты дәрігерлер облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызу үшін жедел жәрдем көлігімен алып кетті.

Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, бұл вирустық инфекция Қытай Халық Республикасының Хубэй провинциясы Ухань қаласында пайда болған.

— Қытай мемлекетінде пайда болған бұл вирустық ауру жөнінде қазіргі таңда халық құлағдар. Бұл аурудың көзі теңізде өмір сүретін жәндіктен және жарқанаттан тараған деген болжам бар. Негізі бұл ауру — табиғаттан болатын вирус, алайда ол жәндіктен адамға жұғып, қазіргі таңда жұқпалы қасиетке ие болып отыр. Осыған орай бүкіл әлемде, оның ішінде елімізде, облыс аумағында осы вирустың алдын алу, оны жұқтырған адамдарды оқшаулау бойынша оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бүгін арнайы сценарий бойынша біз Нұр-Сұлтаннан ұшып келген бір жолаушыдан жоғары дене қызуы, жөтел сияқты ауру көріністерін тауып, оны оқшаулау бойынша жаттығу жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Айта кету керек, бүгінде біздің облыста бірқатар Қытай компаниялары жұмыс жасайды. Осыған орай вирустық инфекцияға қарсы іс-шаралар, науқастарға ем-дом көрсету бойынша жан-жақты жұмыстар жасап жатырмыз. Бұл жерде, ең бастысы, ауру жұқтырған деген күдік бар адамды дер кезінде оқшаулау керек. Себебі вирустық инфекцияның басқа тұрғындарға тез жұғу қаупі бар, — дейді ол.

Мамандардың айтуынша, короновирустық инфекцияға тән негізгі клиникалық белгілер мен симптомдар мыналар: жоғары температура, жөтел, ентігу, тыныс алу жолдарының ауыруы, т.б.

Оқу-жаттығу кезінде сондай-ақ әуе кемесінің бортына және науқас болған үй-жайларға дезинфекциялық өңдеу жүргізіліп, қарым-қатынас жасаған өзге азаматтар толығымен тексеріледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button