Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетіндер есеп берді

Қалалық Мәдениет үйінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, сондай-ақ департамент жанындағы арнайы мониторингтік топтың және ақпараттық-ағартушылық штабтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті.

Есептік кездесуде әуелі департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.

  • Былтыр департамент сыбайлас жемқорлық қаупіне сыртқы талдау және мониторинг бойынша 16 мемлекеттік субъектіні қамтитын 12 сыртқы талдау жүргізіп, 100-ден астам сыбайлас жемқорлық қаупін анықтады. Оларды жою бойынша ұсыныстар енгізіліп, бүгінгі таңда олардың 81 пайызы орындалды. Мысалы, облыстық білім басқармасының қызметін талдау кезінде техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыратын әрбір колледж емтихан сұрақтарын өздері бекітіп және өз ғимараттарында емтихан өткізетіндігі анықталды. Бұл емтиханды нәтижелі тапсыру үшін алдын ала тиімді жағдай жасап, сыбайлас жемқорлық қаупіне әкелді. Осыған байланысты тест қабылдау пункттерінің аудитория қорларын пайдалану туралы ұсыныс енгізілді, — дейді Мирлан Мұхамбетов.

Департамент басшысының баяндамасына сүйенсек, былтыр жыл басынан ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 676-бабы бойынша (жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі) 5 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2,5 миллион теңге болатын айыппұл салынды. Сондай-ақ, облыс бойынша құрамында 37 мыңнан астам оқушысы бар 399 «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы және 24 мыңнан астам студент мүшесі бар 41 «Саналы ұрпақ» студенттік клубы құрылып, жұмыс жасап отыр. Жыл бойы осы клубтар жастар арасында жемқорлыққа қарсы сипаттағы 2854 іс-шара өткізді.

«Protecting business and investments» жобасы аясында инвесторлармен кездесіп, 2019 жылы салынған инвестицияларды қорғау мақсатында жалпы сомасы 598,3 миллиард теңге болатын 30 келісімге қол қойылды. Бүгінгі күні инвесторлардың 55 мәселесі өзінің оң шешімін тапты.

«Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен 2019 жылы 113 қылмыс анықталған, 2018 жылдың ұқсас кезеңінде 101 болатын. 2018 жылмен салыстырғанда тіркелген ауыр және аса ауыр қылмыстардың 5,6 пайызға өскендігі, яғни 53-тен 56-ға, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 79-дан 95-ке дейін 20,3 пайызға өсуі байқалады», — дейді департамент басшысы.

ҚР Қылмыстық Кодексінің баптары бойынша департамент 2018 жылмен салыстырғанда бюджет қаражаттарын ұрлау және лауазымдық өкілеттерді теріс пайдалану фактілерін анықтады.

Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша 43 қылмыс, бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 38 қылмыс, сондай-ақ, парақорлық фактілері бойынша 21 қылмыс анықталғаны да осы жиында белгілі болды.

Жалпы, былтыр облыстық және аудандық деңгейдегі басшылардан тұратын барлығы 53 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Есептік кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетіндердің жұмысына қысқаша шолу жасалған бейнематериал көрсетілді.

Одан соң «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев, департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық  штаб басшысы Жеңіскүл Мұхамбетпайызова және арнайы мониторингтік топ мүшесі Жаңалық Ахаш есеп берді.

Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бір жыл көлемінде заңдылықты және құқық тәртібін қамтамасыз етуде өзінің қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін бірқатар қызметкерді агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың Алғыс хатымен марапаттады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button