Әкімдер есебі

Атқарылған істер мен жоспарлар

Кеше Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаевтың халық алдындағы есепті кездесуі Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде ұйымдастырылды. Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сұлупан Шынтасованың төрағалығымен өткен есепті кездесуге Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин, мемлекеттік мекемелердің басшыларымен қатар құқық қорғау саласының өкілдері, сондай-ақ Пригородный, Садовое, Шилісай, Украинка және К.Нокин ауылдарының тұрғындары жиналды.

Кездесуде Әділкерей Әуелбаев Ақтөбе қаласы Алматы ауданының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті баяндамасын оқыды. Халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту — Президент Жолдауында айтылған нақты міндеттер. Бұл бағытта жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ.

Ә.Әуелбаевтың айтуынша, есепті мерзім ішінде жеке және заңды тұлғалардан 487 арыз-шағым түсіп, тұрғындармен 15  кездесу ұйымдастырылған. Нәтижесінде тиісті жоспарлар құрылып, абаттандыруға қатысты,  көшелерді жарықтандыру, газ, сумен жабдықтау, қоғамдық көлік қозғалысы, жолдарды жөндеу, балалар ойын алаңдарын салумен қатар басқа да жұмыстар қолға алынған.

Былтыр 1 мамырдан бастап аудан аумағын санитарлық тазалау жұмыстары бойынша 3 лотқа бөлініп, келісім шартқа сәйкес 3 мердігер компания жұмыс жүргізіп келеді. Олар — «Протон МК», «Қарғалы Сервис» және «Өтес Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бүгінгі таңда «Протон МК» кәсіпорны Заречный-2, Заречный-4, Қарғалы, Ақжар-1, Қызылжар-1,2,3, «Нұр Ақтөбе», Кеңес Нокин, Пригородный, Шилісай, Бекқұл баба, Рауан тұрғын үй массивтеріндегі тұрмыстық қалдықтарды тазалаумен айналысады. Бүгінгі таңда аудан аумағында 311 қоқыс алаңы мен 1150 контейнер бар. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша да бірқатар мекеме іс жүргізеді. Сіздердің ауылдарыңызда бұл іспен бұған дейін  «Басқарушы компания №27» айналысып келді. Алайда тұрғындар төлемді уақтылы өтемеуіне және арнайы техникаларының жетіспеуіне байланысты бұл компания өз жұмысын тоқтатып, қала әкімдігінің шешімімен былтыр 1 желтоқсаннан бері «Таза Қарғалы» жеке кәсіпкерлігі осы істі жалғастырып жүр, — деді Ә.Әуелбаев.

Былтыр ауданға қарасты мектептер бойынша 6 қылмыстық іс тіркелген. Кәмелетке толмағандар арасында полицейдің есебінде 18 оқушы, ал 100 оқушы мектепішілік есепке алынған. Аудан әкімі өз баяндамасында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында атқарылған шараларға тоқталды. Есепті мерзім ішінде осындай 8 рейд ұйымдастырылыпты.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң ауыл тұрғындары жеке және әлеуметтік мәселелерді алға тартты.

К.Нокин ауылы тұрғындарын алаңдататын басты мәселе — Мәдениет үйінің жағдайы мен құрылысы аяқсыз қалған электр желілері. Сол сияқты ауылдағы жол мәселесі де өзекті болып тұр. Көше бойында жаяу жүргіншілер үшін жол салынбаған, қаңғыбас иттердің көбейгені жергілікті тұрғындардың үрейін қашыруда.

Ауылымызда мектепке қатысты ешқандай мәселе жоқ. Алдағы күні ауылдықтар үшін  үлкен проблема туғызатын мәселе — балабақша. Қазіргі күні жаңа балабақшаның құрылысы басталды. Іргетасы салынды. Бірақ балабақша жоспарға сәйкес емес, басқа жерден, яғни халықтан 1,5-2 шақырымдық жерге тұрғызылып жатыр. Екіншіден, жаңа нысанның құрылысы жүргізіліп жатқан аумақ жеке үйлердің шаруашылық алаңына тым жақын орналасқан. Жергілікті тұрғындар балабақшаның мектеп маңына жақын, яғни жоспарға сәйкес орналасқанын қалайды, — деді ауыл ақсақалы Бақытжан Абылайұлы.

Бұл мәселелерге Әділкерей Әуелбаев былайша жауап қайтарды:

Ауылдағы Мәдениет үйінің жағдайымен таныспыз. Бұл нысанды қалалық мәслихат депутаттары да өз көздерімен көрді. Бүгінгі таңда Кеңес Нокин ауылына жаңа Мәдениет үйін салу үшін жалпы құны 280 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттың әзірленгеніне 2-3 жыл болған екен. Бұл мәселе биыл шешімін табады. Электр энергиясына қатысты мәселе әлі шешімін таппай тұр. Ол рас. Бірақ күн жылынып, жаз шыға бұл мәселені қолға аламыз. Бүгінгі күні бұл іске жауапты мекемемен тікелей байланыста отырмыз.

Бүгінгі күні Алматы ауданына қарасты Шилісай ауылы тұрғындарын Ақтөбе қаласымен байланыстыратын қоғамдық көліктердің қызмет сапасы алаңдатады. Олар жүргізушілердің жұмысына наразы. Шилісай ауылындағы №778 участоктың иесі Мира Мұсырманованың айтуынша, екі аралыққа қатынайтын №39 автобустың жүргізушілері жолаушыларды жетер жеріне уақтылы жеткізбейтін көрінеді. Сол сияқты Шилісай ауылының тұрғындарын ауызсу мәселесі де алаңдатып отыр. Жергілікті тұрғындар төрт жылдан бері ауызсуды тасып ішеді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары бұдан өзге де мәселелерді көтерді. Әкімдер, құзырлы орган өкілдері жауап беріп жатты.

Жалпы атқарылған жұмыстан гөрі атқарылатын жұмыс одан да көп. Халық бар жерде мәселе болады. Сіздердің айтып, көтеріп жатқан проблемаларыңыздың барлығы осы елді мекендерді дамыту, көркейту, инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етуге бағытталады. Қыстың көзі қырауда кейбір мәселелерді шешу кейінге қалып тұр. Жолды тазарту, қар аршу сияқты маусымдық жұмыстар қай-қай жерде де бар. Дегенмен тұрғындарды сабырлылыққа шақырамыз. Қыс болғаннан кейін боран болады, басқа да мәселелер туындауы мүмкін. Арнайы техникалардың көмегімен қар шығару, жол тазарту сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кеше ғана Шилісайдың жолын тазартқанмен, бүгін тағы қар басып жатыр. Қазір қала көшелерін қардан тазартып үлгере алмай жатырмыз. Сондықтан шыдамды болайық, — деген Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин жиынды қорытындылап, айтылған мәселелердің алдағы уақытта оңтайлы шешілуіне ықпал ететінін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button