Әкімдер есебі

Қала тәртібі мен ажары — басты назарда

Шалқар қаласының әкімі Тұрлан Төлегенов тұрғындармен кездесіп, қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және биылғы жылға арналған міндеттері туралы есебін берді.

Есепті кездесуге аудан әкімі Бауыржан Қаниев, құқық қорғау органдарының, мекеме, кәсіпорын басшылары және еңбек ардагерлері қатысты.

Тұрлан Төлегенов өткен жылы қаланың әр саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қалаға қарасты 60 шаруа қожалығы және 4 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Қала бойынша 4959  мүйізді ірі қара, 8979 қой-ешкі, 1640 жылқы, 1123 түйе бар.

— Биыл қысқа 23300 тонна мал азығын дайындау жоспарланып, бұл жоспар 100,7 пайызға артығымен орындалды. Қала бойынша 394,5 гектар жерге бау-бақша егілді. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артық. Сондай-ақ 2 бау-бақша кооперативі, 9 бау-бақша егумен айналысатын шаруа қожалығына және бау-бақша егуге ниет білдірген 9 азаматқа уақытша жер учаскелері берілді. Шалқар көліндегі балықтарды құтқару және көбейту мақсатында жеке кәсіпкер Ғанибек Сұлтанов көлге 50,0 мың балық жіберді. Қаланың ауыл шаруашылығы құрылымдарына 15,0 миллион теңге көлемінде республикалық және жергілікті бюджеттен қолдау көрсетіліп, субсидиялар төленді.

Аудан әкімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізілді. 5 ірі сауда орны және 1 газ құю бекетімен бағаны тұрақтандыру мақсатында меморандум жасалды, — деді Т.Төлегенов.

Өз кезегінде тұрғындар бірқатар сауалдар қойды. Олар 74 жылдық тарихы бар №2 мектеп-гимназиясы ғимаратының шатыры жөнделсе, кейбір көше атаулары мен үйлердің реттік нөмірлері жазылып, ретке келтірілсе, Кеңес Одағының Батырлары Ідіріс Үргенішбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова көшелеріне асфальт төселіп, абаттандырылса деген ұсыныстарын білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев көшелерге тротуарлар салу, аялдамалардың маңына және халық көп шоғырланатын жерлерге қоқыс салатын арнайы контейнерлер қою мәселесін қозғады.

Тұрғындар тарапынан туындаған барлық сауалдарға қала әкімі және тиісті бөлім басшылары нақты жауап берді.

Жиынды қорытындылап, сөз сөйлеген аудан әкімі Бауыржан Қаниев жалпы ауданда ел игілігі үшін атқарылып жатқан істерге және алдағы жұмыстарға қысқаша шолу жасап, қоғамдық тәртіп, тазалық мәселелері әрдайым басты назарда болуы керек екендігін айтты.

 Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар қаласы.

НЕСИЕ АЛЫП,  КӘСІП АШТЫ

Әйтеке би ауданының әкімі Мәди Елеусізов Әйке ауылдық округінде есеп берді.

Жиында алдымен округ әкімі Нұрлан Әліпбаевтың есебі тыңдалды.

Аталған округке Әйке мен Тереңсай ауылдары кіреді. Әйкеде — 209, Тереңсайда 187 үй бар. Екі ауылда 2050 адам тұрады. Тұрғындар негізінен егін, мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда 38 шаруа қожалық белсенді түрде жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде 22 қожалық егін, 19 қожалық мал  шаруашылығымен айналысады. Былтыр 17 408 гектар жерге бидай, 3808 гектар жерге арпа егілді. Мал азығын дайындайтын қожалықтар да шаруаны өз уақытында тиянақты атқарды. Қыстақтарға шөп тасу, мал азығын дайындау жұмыстары жүргізілді.  Шөп шабуға 15 агреграт қолданылып, шамамен 14000 тонна шөп тасылды. Н.Әліпбаевтың айтуынша, округте соңғы  санақ бойынша барлығы 3690 ірі қара,  820 жылқы және 4550 құс бар.

Ауыл тұрмысын жақсартудың бір жолы — жаңа жұмыс орнын ашу. Екі округте де несие алып, кәсіп бастаған азаматтар көп.  Қазір округте 29 жеке кәсіпкер бар. Мәселен, «Әлинұр» жеке кәсіпкерлігі Қарабұтақ-Қостанай тасжолы бойында техникалық қызмет көрсетеді. Ал кәсіпкер Бекберген Жаназаров осы жолдың бойына кемпинг салып жатыр. Биыл құрылыс жұмыстары аяқталады.

«Таланды» шаруа қожалығы 2018 жылы ауыл шаруашылығын дамыту үшін 5,5 миллион теңге несие алып, мал бағатын баз салды. Округ әкімі осы және өзге де мәселелерді баяндады.

Аудан әкімі Мәди Елеусізов өткен жылы атқарылған шаруаларды баяндап, алдағы жұмыс жоспарлары туралы айтты. Жиын соңында тұрғындар басшыларға сұрақ қойды. Көкейлерінде жүрген ойларын ортаға салды.

«Әйтеке би ақпарат».

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button