Басты жаңалықтарМәселе

Үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіледі?

Үш ауысымды мектептерді жою — еліміздің білім саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларында бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, Тұңғыш Президент өткен жылғы Жолдауында: «Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні,  мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған  өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын» деген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аталған мәселені шешуге басты басымдық беріп отыр. Былтыр республикалық тамыз кеңесіне қатысқан ел Президенті үш ауысымды мектептерді жою  маңызды міндет екенін нықтап айтқан болатын. Кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде жалпы білім беретін 7 014 мектептің 128-і үш ауысыммен жұмыс істейді. 31 мектеп апаттық жағдайда. 2019-2020 жылдар аралығында үш ауысымды оқытуды жойып, апаттық мектептерді алмастыру үшін республикалық бюджет есебінен 35 мектеп салынады. Тәуелсіздік жылдарында 1 198 мектеп салынған. Біз демографиялық тенденцияларды ескере отырып, мектептер салу және жаңғырту ісін әрі қарай да жалғастырамыз», — деді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин де үш ауысымды, апатты мектептерді жою мәселесіне айрықша назар аударып, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарды жіті бақылап отыр. Өткен жылы облыстық тамыз кеңесінде облыс басшысы Оңдасын Сейілұлы облыстық білім басқармасына, аудан әкімдеріне, сондай-ақ тиісті басқармаларға білім саласында кезек күттірмей шешілуі тиіс бес міндетті нықтап тапсырды. Сол бес міндеттің бірі — білім сапасын көтеруде үш ауысымды және апатты мектептерді жою. «…Төртіншісі — Елбасы тапсырмасына сәйкес, апатты, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу. Бұл мәселелерді шешу мақсатында облыста бірнеше мектеп салынып жатыр. Дегенмен, құрылысы жылдарға созылған, дер уақытында тапсырылмаған құрылыс нысандары да жетерлік» деп облыс әкімі бұл жұмыстарды бақыламаған тиісті мекемелердің басшыларын сынға алған болатын (Оңдасын Оразалиннің осы тапсырмасынан кейін сыннан қандай қорытынды шыққанын білу мақсатында тиісті мекемелердің басшыларымен сөйлесіп, мақала әзірледік. «Мектеп құрылыстары неге кешіктіріліп жатыр?». «Ақтөбе» газеті, 17 қазан, 2019 жыл).

Сонымен, бұл өзекті мәселені шешуде не тындырылып жатыр? Облыста қанша үш ауысымды мектеп бар? Онда қанша бала оқиды? Үш ауысымда оқып жатқан сыныптар қанша?

Біз бұл мәселе өршіп тұрған Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында орналасқан №63 және №64 мектептерге бардық. Оқу кабинеттерін араладық, бір кабинетте тығылысып, зорға сыйып отырған оқушыларды көрдік. Талапқа сай оқу кабинетінде 25-26 оқушыдан отыруы тиіс болса, бұл мектептерде 30-32 оқушыдан отыр. Тіпті парталары да жас ерекшелігіне сай емес. Мысалы,  №64 мектептің 5-сынып оқушылары бастауыш сынып оқушыларына арналған парталарда отыр. Соның салдарынан кеуделерін тік ұстай алмай, иықтары еңкейіп, аяқтарын да бүгіп отыруларына тура келеді. Әрине, бұл балалардың дене бітімінің дұрыс қалыптасуына қиындық туғызады.

№63 мектептегі  педагогтердің арнайы кабинеті жоқ. Оларға арналған кабинетте сабақ өтеді. Әдістемелік кабинет те екіге бөлініп, оқу кабинеттері үшін берілген. Ал әдіскерлер шап-шағын ғана бөлмеде отыр. Мұнда да педагогтердің әдістемелік жұмыстармен айналысуына, әдіскерлердің жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетулеріне өте қолайсыз. Дәлізден де оқу кабинеттері жасалған. Сыйымдылығы 320 орындық мектепте қазір 1235 оқушы оқып жатыр! 44 сынып-комплектінің 37-сі талапқа сай емес. Сол себепті де аталған мектепті СЭС сотқа беріпті.

Сонымен…    

ТӨРТ КЕЗЕҢДЕ ОҚЫП ЖҮР…

 Жадыра АШЫҚБАЕВА, №64 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

 — Біздің мектеп 2017 жылы ашылды. Бастапқы кезде 39 сынып-комплекті болған еді, қазір 54 сынып-комплект бар. Былтыр бір ғана 11-сыныпты 27 бала бітірді. Дегенмен оның орнына бір емес, жеті 1-сыныпқа 201 оқушы қабылданды (қазір олардың саны 210-ға жуық). Оның 4-еуі — қазақ сыныбы, 3-еуі — орыс сыныбы. Жалпы кабинет саны 23 қана. Кейбір сыныптарда 28, 30, 32 оқушыдан отыр.

Мектептің сыйымдылығы — 600 орын. Екі кезеңде 1200 баланы қабылдай алады. Дегенмен қазір 1608 оқушы білім алып жатыр. Осыған байланысты жаңа оқу жылынан бастап үш кезеңде жұмыс жасаймыз. 1-сыныптар үшін сабақ негізі екі тоқсан бойы таңғы сағат 9.00-де басталуы тиіс-тін. Дегенмен 1-сыныптардың бәріне сабақ таңертең сағат 8.00-де басталады. Сондай-ақ, 2-сыныптардың барлығы да (сегіз 2-сынып бар) сағат 11.00-де келеді. Ал 3-сыныптар (алты 3-сынып бар) мектепке түстен кейін сағат 15.00-де келеді. Сонда үш ауысымдық дегенмен, оқушыларымыз үш емес, төрт кезеңде оқуға мәжбүр болып отыр.

Сағат 11.00-де оқитын 2-сынып оқушыларының ата-аналары үшін бұл уақыт қолайсыздық тудырып отыр. Ата-аналар наразы. Өйткені бастауыш сыныптың оқушыларын үйлеріне ата-аналары әкеліп, алып кетуі тиіс. Ал ата-аналар күн сайын бұл уақытта жұмыстан босай алмайды.  Ата-аналардың арасында балаларын бір кезеңде ғана емес, тіпті үш кезеңде — сағат 8.00-де, 11.00-де, 15.00-де әкелетіндері де бар. Оларға тіпті қиын.

Уақыттың қолайсыздығын айтып, 1-сыныптың ата-аналары әкімдікке шағымданды. Дегенмен басқа амал жоқ болып отыр. Өйткені 1-сыныптардың сабағы сағат 9.00-де басталса, сағат 11.00-де мектепке келетін 2-сыныптың оқушылары кабинетсіз қалады.

Бастауыштың ата-аналар үшін де, мұғалімдері үшін де бес күндік оқу жүйесі қолайлы еді. Екі жыл қатарынан 5 күн оқыды. Алайда жаңа оқу жылынан бастап бала санының көптігіне байланысты бастауыш сыныптар 6 күндік оқу жүйесіне көшуге тура келді. 54 сынып-комплектінің 28-і — бастауыш сыныптар.

Батыс-2 шағын ауданында мүлде орыс мектебі жоқ. Аралас мектеп осы ғана. Сол себепті, бұл шағын аудандағы барлық үйде тұратын орыс сыныбының оқушыларын біздің мектеп қабылдайды. Міндеттіміз. Дегенмен, мектепке сыймағандары бар. Олар 8-шағын аудандағы №1, №27 мектептерге барып жүр.

Мектепке бала қабылдауда Ата Заң мен қолданыстағы  «Білім туралы» Заңның арасында қайшылық бар. Конституция бойынша қай бала қай мектепті таңдаса да өз қалауы, өз еркі. Дегенмен «Білім туралы» Заңда мектепке алдымен  өз аумағында тұратын балалар қабылдануы тиіс. Біз «Білім туралы» Заң талабына басымдық береміз. Алдымен өз аумағымызға қарасты үйлердің балаларын қабылдаймыз, орын болған жағдайда ғана басқа ауданның, басқа үйлердің балалары қабылданады.

Батыс-2 шағын ауданы — жаңа аудан. Жаңа құрылыстар көп салынып жатыр. Жаңадан пайдалануға беріліп жатқан үйлер де жетерлік. Бірақ бұл жаңа үйлердің балаларын қабылдай алмаймыз. Өйткені орын жоқ. Балаларды резервке ғана ала аламыз. Сөйтіп, ата-аналар тағы да наразылық тудыруда. «Кейбіреулер баласының партасын әкеліпті ғой, біз де парта алып келейік, қабылдасаңыздар» деген ата-аналар да болды. Баланы алғанмен, орын тығыздығы соншалық — оқу кабинеттеріне парта қоятын орын жоқ.

Кабинет саны аз болғандықтан 1-5 сыныптардың оқушылары 3 сыныпқа ортақ бір кабинетпен қамтылған. 5-сыныптар 1,2-сыныптардың оқу кабинеттерінде оқиды. Әрине, бұл 5-сынып оқушылары үшін қолайсыз. Өйткені парталары 5-сыныптың оқушыларына арналмаған, шағын ғана. Еңкейіп отыруларына тура келеді.

Ата-аналар партаның жеткіліксіздігіне де шағымданды. Кейбір ата-аналар демеушілік көмек көрсетіп, балаларының парталарын да әкеліп берді.

Бұл шағын ауданда мектеп салынбаса, мәселе шешілмейді. Осы оқу жылында біздің мектептен тағы да бір ғана 11-сынып бітіреді. Ал оның орнына бірнеше 1-сынып ашылады.

Мектепте 85 педагог еңбек етеді. Жалпы қызметкер, мамандар саны 100-ге жуық. Бастауыш сыныптарға сабақ беретін орыс тілінің педагогтері жетіспейді. Екі бастауыш сыныпқа бір педагог сабақ беріп жатыр.

СЭС СОТҚА БЕРДІ

Дәмелі ПАРТПАҒАМБЕТОВА, №63 мектептің директоры:

— Мектебіміз бұдан үш жыл бұрын ашылды. Сыйымдылығы 320 орындық ғимаратта қазір 1235 бала оқып жатыр. Яғни, 4 есе артық баланы қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Бастапқы жылы 385 бала қабылданған болатын.

Мектептегі орын тығыздығына байланысты мені әкімшілік сотқа шақырды. Қалалық СЭС 44 сынып-комплектінің 37-сінде артық бала отыр деп сотқа берді. Талапқа сай бір оқу кабинетінде 24-25 баладан отыруы тиіс. Әр оқушыға 2,5 шаршы метрден тиесілі. Оқу кабинеттердің көлемі әртүрлі: 60,6, 61,9, 62,8 шаршы метр.

Бір ғана 11-сынып бар. Олардың орнына келген 1-сыныптар көп. Мектепте бала санының шектен тыс көптігіне байланысты келесі оқу жылында 1-сыныптарды қабылдау қиындық туғызады.

Биылғы оқу жылынан бастап үш ауысымда жұмыс істейміз. 44 сынып-комплект бар.  Оның тоғызы — 1-сыныптар (250 бала). Ата-аналарға қолайлы болуы үшін балаларды сыныптарға бөлгенде бір үйде тұратын балаларды бір сыныпқа бөлуге тырыстық.

22, 23 баладан отырған екі 1-сынып бар (басқаларында 28, 28, 30 баладан да отыр). Бұл сыныптарда баланың аз болуының себебі, әрқайсысында бір-бір мүгедек бала оқиды. Ал инклюзивті білім берілетін сыныпта оқушы аз болуы тиіс. Өйткені, бір мүгедек баламен жұмыс істеу үш дені сау баламен жұмыс істегенге тең.  Жалпы, мектепте 8 мүгедек бала оқиды. Сонымен қатар 4 баланың үйінде сабақ өткізіледі.

1-сыныптар таңғы сағат 8.00-ден бастап оқиды. Заң бойынша 9.00-ден бастап оқуы тиіс. Сағат 11.00-де мектепке 2-сыныптың оқушылары келеді. Екінші кезеңде оқитын жоғары сынып оқушылары үшін сабақ сағат 13.40-та басталады. Ал үш ауысымда оқитын 3-4-сыныптар үшін сабақ 14.25-те басталады. Яғни оқушылар 4 кезеңде оқиды.

Өткен оқу жылын 820 оқушымен бастап, 920 баламен аяқтадық. Сол кезде 5 сыныпқа 75 парта және оқулықтар жетіскен жоқ. Қалалық білім бөлімі 5 мектептің  артық парталарын жеткізіп берді. Оқу жылы аяқталғанда парталар иелеріне қайтарылды. Былтыр қалалық білім бөлімі партамен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, екі ата-ана демеушілік көмек көрсетіп, жалпы саны 25 парта әкелді.

Оқу кабинеттері жетіспейді. Сол себепті, мұғалімдер кабинетін, оқу-әдістемелік кабинеттерін босатып, оқу кабинеттерін аштық. Сонымен қатар дәлізден де екі оқу кабинетін ашуға тура келді. Мұғалімдер орынбасарларымның шағын-шағын кабинеттерінде бөлініп отырады. Болашақта мұғалімдер үшін пластикпен бөліп, бір кабинетті ыңғайластырып ашу жоспарда бар.

Мәселе күн өткен сайын күрделіленіп барады. Былтыр күзде біздің мектептің дәл қасынан №338 және №338 Б үйлер пайдалануға берілді. Ол үйдің ата-аналары мектепке әлсін-әлсін келіп, «балаларымызды қабылдаңыз» деп айқай салып кетеді. Ата-аналар: «Орта буын мен жоғары сыныпта оқитын балаларымызды қабылдамасаңыздар да, тым болмаса бастауышта оқитын балаларымызды алыңыздаршы» дейді. Ал мектепте 1,2-сыныптар толық. Парта қоятын орын да жоқ. Оқушылардың көптігі соншалық — бір ғана 5 «А» үйде 1-сыныпта оқитын 25-30 бала тұрады. Бұл үйге әлі тұрғындар толық орналасып болмаған кезде алынған дерек. Ал жаңадан қоныстанушылар келгенде мәселе бұдан да күрделі болатыны анық.

Бұл мәселенің бәрін басшыларым біледі.

P.S.

Қазір облыста 12 үш ауысымды білім шаңырағы бар. Жалпы оқу жылының басында 13 үш ауысымды мектеп болған еді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Марал Мыржықбаеваның айтуынша, өткен жылғы Білім күні қарсаңында пайдалануға берілген мектептердің арқасында 5 мектептің үш ауысымды мәселесі шешілген. Дегенмен, тұрғындардың өсіміне байланысты жаңа оқу жылында тағы да 4 мектеп үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр.  Әсіресе, Батыс-2 шағын ауданындағы мәселе өршіп тұр. Мәселені шешу мақсатында аталған шағын ауданда мектеп салу үшін 2 жер телімі бөлінген. Марал Мыржықбаеваның айтуынша, бұл екі мектептің екеуін де жеке кәсіпкерлер салмақ. 1200 орындық жеке мектептің бірін  Ақтөбе қаласындағы бірқатар білім беру мекемесін, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізген жеке кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова салып жатыр. Осыған байланысты облыс әкімі, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығы және жеке инвестор арасында үшжақты келісімге қол қойылған.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button