Басты бет » Абай — 175 » Абай және апай

Абай және апай

Ұзақ жылдар Жұрын орта мектебінде шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген ұлағатты ұстаз Сақыш Қоғабаеваның өмір жолында өзгеше өнеге шуағын шашып тұратын сәттер аз емес.

Соның ең бастыларының бірі — Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алуы.

— Бізге Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейсембай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев, Ханғали Сүйіншәлиев секілді ғұлама ғалымдар дәріс берді. Соның ішінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің лекцияларын ерекше құштарлықпен тыңдайтынбыз,— дейді бүгінде сексеннің бесеуіне бет алған әже.

Ол студент кезіндегі көп жәйттерді күні бүгінгідей етіп алдымызға жайып салды. Мәселен, атақты «Абай жолының» авторы оларға бірінші курста қазақ халқының ауыз әдебиетін таныстырған. Екінші курста Абайтану пәнін жүргізген, сонымен бірге қырғыздың «Манас» жырын да арнаулы бөлім етіп алыпты. Ал үшінші курста КСРО халықтарының әдебиетін ұғындырған.

«Былай қарағанда ақын Абайды бәріміз де білетін сияқтымыз ғой, бірақ оның шығармашылығын нақ Әуезовтей терең талдап, тыңдаушысына жеткізіп айтып бере алатын адам сирек шығар. Сол кездегі тыңдаған лекцияларымыз бізге өмір бойы азық болды. Мен мектепте мұғалім болған жылдарымда шәкірттерімнің ең алдымен «Абай жолы» романын оқып шығуын қадағалайтынмын. Әрине, кез-келген оқушы үшін бұл игерілуі қиын, күрделі шығарма. Сондықтан, балалардың мүмкіндіктеріне қарай, жекелеген тарауларды оқып келуді тапсырып жүрдім. Ал Абай өлеңдерін жаттап өспеген баланы қай жерден де таба алмайтын шығарсыздар»,— деп бір түйді ойын әңгімешіміз.

Сақыш әженің бес жыл бірге оқыған курстасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков — үздік студенттердің бірі болған. Күні кешеге дейін олар жолдастық байланыстарын үзбеген. Мырзатай аға жеті томдық еңбегін сыйға да беріп жіберіпті. Сақыш әже де ғалым құрдасының еңбектерін күні кешеге дейін баспасөз бетінен қалт жібермей оқып тұрыпты.

«Осыдан он шақты жыл бұрын Мырзекеңнің «Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрміз бе?» деген еңбегін оқыдым.  Сонда «Абайдың алысып өткені — өз заманындағы надандар мен тоғышарлар ғана емес еді, сонымен қоса адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік еді» деп жазыпты. Оның Абай сөздерін алға тарта отырып, бүгінгі күннің кедергі-кесапаттары туралы жасаған толғамдарынан Әуезов даналығы ұшқынын сезгендей болдым» деп кезекті тұжырым жасады ол.

Сөз реті келіп тұрған соң біз ұстаз әженің өмірбаян беттерінен де сыр шерткенін қалағанбыз. Ол Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп келген соң қазіргі Мұғалжар ауданындағы Ломоносов атындағы орта мектепте еңбек жолын бастапты. Бір жылдан соң Жұрында ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет атқаратын Мәлік атты азаматқа тұрмысқа шыққан. Ол — Кеңес Одағының Батыры Мәлгаджар Бөкенбаевтың туған інісі екен.

«Сөйтіп батырдың келіні болып шыға келдім. Бүгінде Ақтөбедегі Мәлгаджар Бөкенбаев атындағы заң институтының курсанттары, сондай-ақ қаладағы бірқатар мектеп оқушылары кездесулерге шақырып тұрады. Жастарға ең алдымен адам болу, азамат атану қажеттігін айтамын. Сондайда Абай өлеңдерінен мысалдар келтіремін, қара сөздерін алға тартамын. Қысқасы, Абай — бағдаршымыз. Менің ұстанымым осы». Бұл — Сақыш әже айтқан тағы бір тағылым.

Сақыш Қайырғалиқызы өзінің шәкірттері — полковник Төлеу Мұхамбедияров, білім беру ісінің үздігі Бигелді Қожа-Ахмет, көлік саласының ардагері Ғиният Балғазин, бүгінде Түркістан облысында тұратын зейнеткер Гүлбану Әділова, осылардың қай-қайсысының да Абай өлеңдерін жаттап өскенін ерекше мақтанышпен айтты.

…Ия, Абай тағылымын ғұмыр бойы жас буынға жалықпай жеткізіп келе жатқан апай еңбегі талайға үлгі болары анық.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.