Жастар

Адамзат мейірімге ғана мұқтаж

«Ұлтымызда «Асар» деген әдемі дәстүр бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Кез келген адамға көп болып, жұмыла көмектесу қай заманда да болған. Осы үрдісті тоқтатып алмай, қайта жандандыра түсуіміз керек. Бір-бірімізге қамқор болсақ, оның соңы тек қана жақсылыққа ұласады».

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

 

«Ақтөбе қайырымды жандар» еріктілер тобының ұйымдастырған кештері басқаларға ұқсамайды, аталған клубтың басты ерекшелігі де осы.

Жер-жердегі жұртшылыққа, әсіресе, қайырымдылық жасауға етене жақын адамдарға «Ақтөбе қайырымды жандар» еріктілер тобын таныстырып жатудың өзі артық. Өздерінің тақырыптық һәм ерекше кештерімен белгілі волонтерлер 2016 жылдан бері игі істерін атқарып келеді. Қамкөңіл жандарға дастарқан жайып, сол арқылы олардың бір сәтке болса да көңілін көтеруді көздеген үлкен жүректі жастар әртүрлі топтағыларды қатар қамтиды. Ал олардың осылай клуб құруына алматылық Айдын Тоқсанбаева деген белсенді қыздың бастамасы әсер еткен, ол — идея авторы.

Әлқисса… Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2015 жылы Айдын өзі тұратын қалада «Алматы қайырымды жандар» тобын құрады. Оған себепші болған — әжесі Лена. Кейуананың: «Тағдыры ауыр замандастарымның көңілін көтеріп, олардың басын бір қосайықшы…» деген сөзін жерге тастамай, өзі секілді жігіттер мен қыздардың көмегімен дастарқан жаюды қолға алады. Кейін бұл игі үрдіс Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент, Тараз қалаларында жалғасын табады. Біздің қаламыз — Ақтөбеде де 2016 жылы осындай клуб құрылады.

— Қазіргі таңда еліміздегі үлкенді-кішілі 20 қалада біз секілді қайырымды жандардың тобы бар. Мақсатымыз — аз қамтылған, көңілі жүдеу адамдардың басын қосу, кез келген қиындықтардың уақытша екенін түсіндіру, оларға қолдан келгенше көмектесу. Біздің өзге топтардан айырмашылығымыз — ешкімге ақшалай жәрдемдеспейміз, арасында тек азық-түлік таратамыз. Ең басты жобамыз — дастарқан жаю. Яғни жылына үш рет мейрамханада 200-250 адамды жинап, той жасаймыз. Бірінші кезекте ата-әжелерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, сосын ата-анасынан айырылған балаларға осындай қамқорлық көрсетеміз, — дейді «Ақтөбе қайырымды жандар» еріктілер тобының жетекшісі Әсем Жұмабаева.

Көпшілікке «100 ата-әже кеші», «Нағыз батырлар кеші», «Ертегі әлемі кеші» атаулары таныс болар. Бұл — жоғарыда айтылған кештердің тақырыптары. Қарттар мен балалар үйлеріндегі үлкен-кішіні, мүгедек жандарды лек-легімен шақырып, оларға арнап ет асып, шай беретін еріктілер былтыр тағы бір жобаны іске асырған. Ол «Анаға тағзым» деп аталады. Қайырымдылық кешке жалғызбасты, көпбалалы аналар қатысады. Артынша әзиз тілектер айтылып, құран оқытылады. Жиналғандар бір-бірімен танысып, билеп, ән шырқайды.

Асылы, қазіргі таңда аш жүрген ешкім жоқ, тек хал сұрасып, шер тарқатып, жалпы көңіл сергітуді құнттай бермейтініміз рас. Ұйымдастырушылар күнделікті күйбең тіршілік, қым-қуыт шаруалар мен жұмысбастылықтан басқаға мойын бұра бермейтін өмірімізде осы бір олқылықты барынша түзеуге тырысып-бағып жүр…

— Тобымызда 50 шақты адам бар. Олардың 80 пайызы — студент жастар. Тек кәмелет жасынан асқандарды қабылдаймыз. Мұқтаж жандарға көмектескендіктен, волонтерлердің өздері қай жағынан да мықты болуы керек. Бірінші кезекте, әрине, рухты айтып отырмын.

Басты талап — әр мүшеміз әлгінде айтқан тақырыптық кештерге билетті өзгелерге өткізуі қажет. Сол арқылы олар өздерімен қоса, бірнеше арнаулы топтағы адамның шарамызға қатысуына мүмкіндік жасайды. Әр билеттің бағасы — 3 мың теңге. Еріктілердің арасында бізді қаржылай қолдап, бірақ отырысымызға келмейтіндер де кездеседі. Яғни олар өзгелерге көрінгенді, жариялы түрде жәрдемдескенді онша көп қаламайды. Негізінен еріктілердің көпшілігі өзіміз сияқты қарапайым жандар. Әрқайсысында тек «басқаларға қол ұшын созсам» деген ниет-тілек бар, — дейді әңгімелесушіміз Әсем.

«Ақтөбе қайырымды жандар» тобының өкілдері мерекелер қарсаңында көмекке зәру адамдарға сый-сияпаттар жасап, арасында үй-жайы жоқ, далада жүргендерге ыстық тамақ та таратады. Ең бастысы — мейірім таныту. Еріктілер өз сөзінде адамзаттың алдымен осы бір сезімге мұқтаж екенін, жылы сөздің өзі жан жадыратынын атап өтті…

— Тұрақты түрде ешкімге көмектеспейміз. Себебі адамдар жақсы нәрсеге тез үйренеді, соған қалыптасып кетеді. Сондықтан кез келгеніне «біздің асып-тасып бара жатқан байлығымыз жоқ, тек жақсылық жасауға құштармыз. Жағдайы қиын басқалардың да барын ұмытпаңыз» деп ескертеміз. Шынымен солай ғой, шекесі шылқып жүрген ешкім жоқ, — деп әңгіме арасында сыр шертті топтың жетекшісі.

Біз тілге тиек етіп отырған клубтың алға қойған жоба-жоспарлары көп. Соның бірі — ақпан-наурыз айларында кезекті «100 ата-әже кешін» жақсы деңгейде өткізу. Одан соң басқа топтағы адамдарға осылай дастарқан жаю.

Әсем Жұмабаева БАҚ-та қайырымдылық туралы көптеп айтылса, жастар арасында қамқорлық, ізеттілік, мейірім туралы кеңінен сөз қозғалса деген тілегін жеткізді. Оның ойынша, бәрібір де оның оңды әсері болады. «Еріктілер жылында басты ұтқанымыз осы болар еді…», — деп өзінің ойымен бөлісті ол.

ӘҢГІМЕ АРАСЫНДА…

 «Өзім бала күтімімен үйде отырған жас анамын. Осы Ақтөбенің жігітіне тұрмысқа шыққан алматылық қызбын. Негізгі мамандығым — қаржыгер.

Үйде қол қусырып босқа отырғанша, көмекке мұқтаж адамдарға көмектесейін деп осы топқа мүшелікке ендім. Айтайын дегенім, бірде замандастарыммен Ақтөбе қаласындағы Қарттар үйіне бардық. Алғаш рет табалдырығын аттаған кезім… Көзі жәудіреген, әрқайсысы кішкентай бала сияқты ата-әжелеріміз көп екен. Соған кәдімгідей таңғалдым. Қатты жыладым… Аядым. Тағдыр ғой. Бірақ көңіліміз асқақтағанда, пендешілікпен әр нәрсені айтқанда, соларға баруға кеңес беремін. Тәубеге түсесіз. Жалпы, мүмкіндік болса сондай мекемелерге барып тұрған дұрыс. Қолыңызда ештеңе болмаса да, әңгімелесіп, жағдайын біліп тұрған артық етпейді…»

Айтарым бар

Ләззат ТӨЛЕУОВА,

«Медициналық еріктілер» клубының мүшесі:

— Жастар жылының жалғасы ретінде көрініс тапқан Волонтерлар жылының жариялануы — жақсы бастама деп ойлаймын. Бұл жастарды алға тартып, жақсылықтың жаршысы болуға шақырады. Бұның жастардан бөлек, халыққа, Жер-анаға берері мол. Себебі аталған жыл мейірбандыққа, бауырмал болуға, жалпы қоршаған орта, табиғатқа қамқорлықпен қарауға үйретері сөзсіз.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Ресми деректерге сүйенсек, облыста 35 еріктілер ұйымы тіркелген. Ал ондағы мүшелердің саны 1500 адамнан асады.

Еріктілік — еріккендік емес. Кез келген адамның қолынан келмейді. Ол үшін үлкен жүрек, дархан көңіл, ең бастысы — игі ниет керек.

Атаулы жылға орай, елімізде волонтерлікті қолдау мақсатында көптеген гранттар, ақшалай сыйлықтар бөлінеді деп жатыр. Әйтсе де, еріктілерге нақтылы жеңілдіктер қарастырылса деймін. Мысалы, оларға арнап қоғамдық көліктерде, кинотеатр, театрларда, фитнес залдар мен ағылшын тілін үйрететін орталықтарда белгілі бір жеңілдіктер болса, керемет болар еді. Сол кезде ғана еріктілер қызметі жаңа деңгейге көшеді.

Өзіме келер болсақ, студент атанған күннен бері еріктілік жұмысты қатар алып жүрмін. Мен — Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің жас еріктілері қатарындамын. Ой-мүддеміз бір, көмекке мұқтаж жандарға медициналық тұрғыда жәрдемдесу. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының күнтізбесіне сай жұмыс істейміз. Мәселен, Қант диабетімен күрес күні адам көп жиналатын орындарда халықтың қан құрамындағы қант деңгейін анықтаймыз. Бұл — ауруды ерте сатысында анықтауға үлкен көмек.

Әлеуметтік бағытта Балалар үйі, Қарттар үйі сияқты әлеуметтік мекемелерге де барамыз. Көңілді кештер ұйымдастырамыз. Сол сияқты былтыр Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай 150 көшет ектік.

Бұның бәрін айтып отырған себебім, еріктілікпен кез келген адам айналыса алады. Ол үшін қалталы болуыңыз міндетті емес. Тек шынайы ниетіңіз болсын…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button