Басты жаңалықтар

Дұрыс тамақтанбасақ не болады?

Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған қоғамда адамдардың тамақтануы да өзгеріп барады. Айталық, донер, бургердің сан түрі, фри, пицца, айтпақшы, жегенімізді кока-кола сусынымен «итереміз»…теңіз тамағы деп суши, ролиге тамсанамыз…

«Керуен сити» мен «Макдональдске» бас сұққандар өзіміздің айран мен сүтке араластырып жейтін тары-талқанымызды ұмытқалы қашан?!

Бабаларымыз «Ауру — астан» деп ескертіп кетсе де, кейбіреулер тамақтануға мән беріп, бас ауыртып жатпайды. Сондықтан да қалай реті келеді, солай тамақтана салады. Ал енді біреулер таңғы, түскі, кешкі асқа не ішіп-жейтініне аса маңыз беріп жатады. Расында да біз осы қалай тамақтанып жүрміз?

Тақырыпқа орай біз осы саланы жетік меңгерген профилактикалық медицина саласындағы маман, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Ғылыми-зерттеу қызмет менеджменті бөлімінің жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ақмарал Баспақовамен сөйлескен едік.

Ол әуелі бізге профессор Төленді Кәрімұлының қоғамдық бірлестігінің ізімен биыл сәуір айында «Дараланған профилактика орталығы» қоғамдық бірлестігін ашқанын айтты.  Бірлестік халық арасында, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға салауаттылықты насихаттау, тиімді тамақтану жөнінде кеңес беру, ең бастысы, Төленді Кәрімұлының ісін жалғастыру, тоқтап қалған жұмыстарды жандандыруды мақсат етіпті.

Сонымен қатар, соңғы уақытта назар аударылып жүрген бейімделген дене жаттығуларын жасауды да қолға алып отыр. Кейбір ғылыми зерттеулерге сәйкес,  бейімделген дене жаттығулары аурулардың бастапқы сатысында науқастың тіпті жазылып кетуіне де әсер етіп жатады.

Ақмарал Баспақова бірлестіктің Қазақ тағамтану академиясымен біріге отырып, ғылыми-әлеуметтік зерттеу жобаларын жүзеге асырып жатқандарын, салауатты өмір салты, тиімді тамақтану туралы семинарлар өткізіп тұратындарын әңгімеледі.

«Семинарлардың бағдарламасын Қазақ тағамтану академиясы дайындап беріп, солардың негізінде өткіздік. Өткізілген шаралардың тиімділігін анықтау мақсатында сауалнамалар жүргізілді. Тиімділігіне, дұрыстығына осындай зерттеу, талдау жұмыстары арқылы көз жеткіздік. Бұл тек біздің облыста ғана емес, еліміздің басқа облыстарында да жүргізіліп жатыр»,  — дейді ол.

  • Әрине, оқушылар мен студенттердің тамақтануына баға беретін болсақ, соңғы ғылыми-зерттеу жұмыстарына сәйкес, олардың көбінесе тамақтану режимін сақтамайтындығы, бірінші-екіншілік ас ішпейтіндігі, кейде шамадан тыс тамақтанса, кейде жеткіліксіз тамақтанатындығы макро-микронутриенттердің өлшем бірлігі бойынша жетіспеушілігі анықталып отыр. Жастар арасында фастфуд өнімдеріне сұраныс көп. Ол ең әуелі қала көшелерінде көз тартарлық жарнамасын іліп, түрлі бургерлер мен донер ұсынып тұрған дүңгіршектердің көбеюімен байланысты. Зерттеушілердің пайымдауынша, аурудың 70-75 пайызы ішкен тамаққа байланысты пайда болады екен. Айталық, қазіргі балалар ет жеп, айран-сүт ішкеннен гөрі, бургер немесе донер жеп, кола ішкенді ұнатады. Қайсысының құнарлы екені бәрімізге аян. Десек те адамдар біле тұра, саналы түрде балаларына фастфуд өнімдерін алып беріп жатады, — дейді Ақмарал Баспақова жастардың тамақтанғанына көңілі толмай.

Адам өмірінің барлық сатысында да дұрыс тамақтануға мән беру аса маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғана емес, үйдегі аналарымыз да жаңа туған баланы екі жасқа дейін ана сүтімен қоректендірудің маңызды екенін айтып отырады. Бала суалғаннан соң да оған дұрыс тамақтануды үйретіп, күнделікті дағдысына — өмір салтына айналдырып жіберуіміз қажет екен. Ақмарал Баспақованың айтуынша, баланың әр кезеңі өсу үстіндегі организмнің тіндері мен ағзаларында өтетін өзгерістердің сапасымен ерекшеленеді. Сондықтан жасының әр кезеңіндегі тиімді тамақтануы ерекше талаптармен сипатталады, осыны ескеру арқылы баланың ақыл-ойы мен денесінің қалыпты дамуына, өмірлік  әлеуетін арттыруға ықпал етуге болады.

  • Салауатты тамақтануға қатысты дәріс оқуға шақырса, әрине, біздер барамыз. Ұсыныстар түсіп жатса, қалмаймыз. Білгенімізбен бөлісеміз. Қазіргі таңда түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып жатырмыз. Егер сәтін салып жатса, бірлестік жұмысын одан әрі жандандырып, жұмыс істейтін боламыз. Бәрі де қаражатқа келіп тіреледі ғой, — дейді Ақмарал Баспақова.

ДОНЕР МЕН БУРГЕРГЕ ҮЙІР ЖАСТАР

Cондай-ақ, ол «Дараланған профилактика орталығы» қоғамдық бірлестік жұмысынан бөлек университетте де салауаттылықты насихаттауға қатысты, аурулардың алдын алу бойынша бірқатар шаралар жүргізіп жатқанын айтып өтті.

  • Былтыр қазан айында Ирландияның Дублин қаласында тағамтану тақырыбында өткен халықаралық конференцияға қатысып келдім. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырғысы келетін ғалымдарды әрқашан қолдап отырады. 2018 жылы ғылыми тобымызбен бірге бір жылдық жоба жүзеге асырылды. Жоба тақырыбы — «Ақтөбе қаласындағы арнайы орта оқу орындарындағы жасөспірімдердің дұрыс тамақтануына және денсаулығына қатысты гигиеналық баға беру». Бұл жобаның нәтижесінде жасөспірімдердің фастфудты жиі тұтынатындары анықталды. Сонымен қатар, жастардың балық өнімдерін және сүт өнімдерін аз тұтынатындары белгілі болды. Бұл ғылыми зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесіне сәйкес, арнайы орта оқу орындарындағы білім алушылардың тамақтануына жалпы баға беру барысында дұрыс тамақтану принциптері және режимі, ережелері сақталмайтындығы, заман талабы мен уақыт тығыздығына байланысты кейбір тағам түрлерінің белең алуы анықталды. Айталық, фастфудты тұтыну бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелері бізді алаңдатып отыр. Зерттеу жұмыстарына қатысқан жасөспірімдердің 51,7 пайызы донер, бургер және фри картобын, 11,9 пайызы қытырлақ нандар (кириешки) мен қытырлақ картопты (чипсы) тұрақты тұтынатындарын жазыпты, — дейді университеттің Ғылыми-зерттеу қызмет менеджменті бөлімінің жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ақмарал Баспақова. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, көкөністер мен жемістердің үлесі тамақтану рационында 400 грамнан кем болмауы керек екен. «Өкінішке қарай, зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша балалар мен жасөспірімдер көкөністер мен жемістерді аз тұтынатыны анықталып отыр. Ата-аналар осы жайтты ескерсе дейміз», — дейді А.Баспақова.

  • Айтпақшы, былтыр Жастар жылы аясында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті Арал қаласындағы қаназдығы бар оқушыларды сауықтыру жөніндегі жобаға да қолдау көрсетті. Сондықтан медицина университетінің бірқатар мамандарының жұмылуымен қаназдығы анықталған оқушыларды іріктеп алып, жан-жақты сауықтыру шаралары орындалып жүр. Сауықтыру шараларына, ең біріншіден, темір препараттарын қабылдау, екінші, бейімделген дене шынықтыру жаттығуларын орындау жəне үшінші, салауатты тамақтану қағидаларын ұстану жатады. Сондықтан балалар міндетті түрде емін уақытында ішіп тұру керек. Бейімделген дене шынықтыру бойынша біздер жаттығу жасайтын арнайы залдарда доп, лента секілді арнайы құрал жабдықтармен жаттығулар жасаймыз. Ал балалардың қаназдықтан сауығып кетуі бірден-бір құнарлы, салауатты тамақтануына байланысты. Негізгі қағидалары — қуырылған тамақ түрлерінен бас тартып, буға піскен немесе бұқтырылған тағам түрлерін тұтыну керек. Тағам өнімдері ақуызға бай болу керек, — дейді Ақмарал Баспақова әр сөзін нығыздап.

Дұрыс тамақтанбасақ не болады? Әрине, адам денсаулығына тұқым қуалаушылық, экология, зиянды әдет сияқты факторлар әсер ететіні анық, оған қоса дұрыс тамақтану да маңызды рөл атқарады. Зиянды тағамдардың залалы бірден байқалмаса да, уақыт өте келе міндетті түрде өзі жайлы сыр бере бастайды. Дұрыс тамақтанбау көптеген аурулардың тууына ықпал етеді. Ал негізгі дұрыс тамақтанбау түсінігінің аясы кең. Бұған шамадан тыс тамақтану, зиянды тағамдарды жиі тұтыну, қатаң диеталар, аштық және тағы басқалар да кіреді.

ҚОЗҒАЛЫС ЖОҚ, ТАМАҚТАНУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде дұрыс тамақтануды үйрететін маман диетологтар мен осыны ақша табудың көзі етіп отырған пысықтар да жетіп артылады. Олардың кейбірі шынымен оқыған, сертификаттары бар. Ал кейбірі өз білгендерімен бөлісіп отырады. Әрине, бір айлық, екі айлық марафондар өткізіп, соңына дейін сіздің салмағыңызды өлшеп, күнделікті тамақ ішу тәртібін үйретіп отырады, ескертулер жасайды. Олардың осындай қызметтеріне артық салмақтан арылғысы келетін, семіздікпен күрескен адамдар 2 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін төлеп жатады. Мұндай дұрыс тамақтануды үйрететін марафондарға ер азаматтар да барады, алайда әйелдердің саны басым. Бұдан өзге қазір небір желілік маркетингтер де артық салмақтан арылуға көмектесетін коктейльдерін, капсулаларын ұсынғыш-ақ.

Үлкендер өзіміздің ет және сүт өнімдерінен жасалатын ұлттық тағамдардан артығы жоғын күн сайын айтып отырады.

  • Әрине, ұлттық тағамдардың да өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, бұрын біздің аталарымыз бір қойдың етін бір өзі тауысқан деп жатады, шұбат, қымыз ішкен ғой. Соған сай бабаларымыздың қозғалысы да көп болған. Қазір адамдардың өмір сүру салты өзгерді, қозғалыс азайды. Бұрынғыдай атқа шауып мініп, қыстау мен жайлауда мал бағып жүргендердің саны да азайып барады. Қазіргі ауылдардың да тірлігі қала секілді. Кірді де өзіміз жумаймыз, автоматтандырылған. Стационар телефон шырылдаса, орнымыздан тұрып барып алатын едік, қазір әр адамда бір телефон, онысы жан қалтасында жүреді. Тіпті теледидарлар да сезімтал, пультпен дейтінбіз, қазір қол қимылы арқылы басқарылады. Соның барлығы гиподинамия, яғни, қозғалыстың азайып кетуі тамақтану тәртібіне де әсер етпей қоймай отыр. Тамақтану рационында көкөністер мен жемістердің мөлшері неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалырақ, әрине, аллергиясы болмаған жағдайда.  Көбіне тез дайындалатын тағамдарды тұтыну уақыт жағынан ұтымды болғанымен, құнарсыз болады, — дейді Ақмарал Баспақова.

Маманның айтуынша, 2-3 минутта дайындалатын ботқаларда минералдар мен дәрумендер жоқтың қасы, сондықтан да жартылай дайын өнімдерді, анығы, тез дайындалатын тағамдарды тұтынудан бас тартқан абзал.

  • Дүкенде келілеп сатылатын қарақұмық, бұршақтың сан түрі, сұлы, тары дақылдарынан өзіңіз ерінбей ботқа дайындасаңыз, сол пайдалырақ, реті келсе, табиғи сүтті пайдаланған жөн. Әрине, қазір дүкен сөрелерінде сүттің түрі көп, тіпті, майлылығының пайыздық көрсеткіші де көрсетіліп тұрады. Бұл жерде табиғи сүтке, болмаса, отандық өнімдерге басымдық берген дұрыс. Алыстан келетін өнімдерге ұзақ сақталуы үшін арнайы қоспалар қосылады, ал өзіміздің өнімдер анағұрлым дәрумендер мен минералдарға бай, — деп кеңес береді А.Баспақова.

 

P.S. Негізі бәрі біледі мұны. Қайталай берейік. Маманмен сөйлескеннен кейін  тағы да айтуды жөн көрдік. Түс мезгілінде бірінші асқа сорпа түрлері, оның өзі майлы болмағаны дұрыс. Екінші асқа гарнир мен бұқтырылған ет, міндетті түрде салат болуы керек. Зерттеулерге сүйенсек, зәйтүн майын салатқа қосқан кезде ағзаға олардың минералды элементтері мен дәрумендер сіңімділігін жоғарылатады екен. Одан кейін екінші түскі асқа жеміс-жидек немесе көкөністердің біреуін жеген жақсы, болмаса сүт  немесе сүт қышқылды тағам өнімдерінің бірін қолданған тиімді. Негізі ас ішудің тәртібі бойынша, кешкі сағат 7-8-ге дейін кешкі асты тұтынып болу керек.

Қолдан келсе, негізі адамдар күніне 4-5 рет тамақтануы керек. Бұл орайда «Таңғы асты өзің же, түскі асты досыңмен бөліс, кешкі асты жауыңа бер!» деген сөзді басты қағидаға алған жөн-ау осы.

  Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button