Басты бет » Басты жаңалықтар » Димаш джаз фестиваліне қатысады

Димаш джаз фестиваліне қатысады

Жерлесіміз Димаш Құдайберген 22-24 мамырда Жапонияның астанасында өтетін ХІХ Tokyo Jazz Festival-іне қатысады.

2002 жылдан бері Күншығыс еліндегі ірі музыкалық фестивальдерінің бірі саналатын бұл шараға джаз жанрында өнер көрсететін танымал әртістер қатысады.

Музыкалық фестивальдің ұйымдастырушылары биыл мәдени шараға 90 мыңнан астам көрермен жиналатындығын айтып отыр. Бұған Қазақстаннан баратын қонақтардың да үлесі зор болуы ықтимал. Себебі Tokyo Jazz Festival-дің Facebook парақшасында жарияланған аңдатпасына пікір қалдырғандардың басым бөлігі Димаштың аталған шараға қатысатындығын қуана жазып жатыр. «Таңғажайып Токиода Димаштың қатысуымен өтетін джаз фестиваль тамаша болары сөзсіз», «Токиода Димашты көргенше асықпын», «Мен үшін Димаштың қандай ән орындайтындығы қызықты. Ол — классикалық және поп-музыкамен қатар, джаз вокалында да таңғажайып әнші», — деп әншінің әлемнің әр қиырындағы жанкүйерлері жазба қалдырған.

Сондай-ақ жас әнші Димаш Құдайберген алдағы үш айда Еуропа елдерінде жеке концертін өткізбек. Атап айтсақ, 16 ақпанда — Краснодарда (Ресей), 20 ақпанда — Қазанда (Татарстан, Ресей), 23 ақпанда — Екатеринбургта (Ресей), 7 наурызда — Ригада (Латвия), 9 наурызда — Мәскеуде (Ресей), 11 наурызда — Киевте (Украина), 19 наурызда — Гамбургте (Германия), 21 наурызда — Дюсселдорфта (Германия), 23 наурызда — Штутгардта (Германия), 25 наурызда — Прагада (Чехия) және 4 сәуірде — Минскіде (Беларусь). Бұл туралы әнші өзінің инстаграм парақшасында жариялаған болатын.

«ҚазАқпарат».