Басты жаңалықтарСпорт

Балуандарымызға Италиядан жүлде бұйырды

Күрес

Италияда грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен Маттео Пелликоне рейтингтік турнирі аяқталды. Аталмыш жарыс Бүкіләлемдік күрес федерациясының күнтізбесіне енгізілген 2020 жылдың алғашқы бәсекесі.

Балуандар өз рейтингтерінде ұпай санын арттыру үшін сайысқа түсті.

Жарысқа еркін күрестен ақтөбелік Қазақстан құрамасының балуандары Нұрислам Санаев пен Юсуп Батырмырзаев қатысып, қос балуанымыз да жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2019 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрислам Санаев олимпиадалық емес 61 келі салмақта үш кездесу өткізді. Бұл салмақта бар-жоғы төрт балуан ғана тіркеліп, айналмалы жүйе бойынша жеңімпазды анықтаған болатын. Нұрислам алғашқы айналымда командалық әріптесі Нұрболат Абдуалиевтен 9:2 есебімен басым түскенімен, екінші кезеңде Әлем чемпионатының қола жүлдегері үндістандық Рави Кумарға есе жіберді. Үшінші айналымда молдовалық Александру Чиртоаканы ұтып, күміс медальға қол жеткізді.

125 келіге дейінгі салмақта жастар арасындағы Әлем чемпинатының жүлдегері Юсуп Батырмырзаев үздік үштікке енді. Жарысты ширек финалдан бастаған жерлесіміз ирандық жас балуан Амир Хоссейн Аббас Зареге еш қарсылық көрсете алмады. Белдесу есебі 5:0. Иран өкілі финалға шыққандықтан Юсуп қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Жарыстың қола жүлдесіне таласта жерлесіміз германиялық балуан Ник Матухинді 8:3 есебімен ұтты. Батырмырзаев 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының ширек финалында да осы ирандық балуаннан ұтылған болатын. Қазақстандық еркін күрес шеберлері турнир қорытындысында 1 күміс, 3 қола медаль иеленді.

Айта кететін жайт, Нұрислам Санаев Нұр-Сұлтанда өткен Әлем чемпионатында 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алған болатын. Дегенмен күрес түрлерінен алынған жолдама атаулы емес, бұлар — ұлттық құрамаға берілетін жолдамалар. Ал Олимпиада ойындарына нақты кім қатысатынын құраманың бас бапкерлері шешетін болады.

 Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button