Басты жаңалықтар

Көктау-2 ауылы — ілікті жобалардың бірі

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде талай қиындықты бастан кеше отырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Елімізде тың бастамалар жүзеге асырылып, өрісті қадамдарға жол ашылды. Осы жылдар ішінде ел игілігі үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Соның бірі — «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы. Бұл бағдарламаның басты мақсаты — этникалық көшіп келушілерді, яғни шеттегі қандастарымызды Қазақстанға қоныстандыру. Тәуелсіздік жылдарында кезең-кезеңмен іске асырылған бұл бағдарламаның арқасында ел аймақтарында жаңадан бүтін бір ауылдар пайда болып жатты. Сондай мекендердің бірі — Ақтөбедегі Көктау-2 ауылы.

300 отбасы, 75 үй

Көктау ауылының болашағы зор. Шаруаға ыңғайлы, жері құнарлы, мол өнім береді. Жергілікті биліктегілер осылай дейді.  Аталған ауыл облыс орталығынан аса қашық емес. Қала мен ауыл арасының ұзақтығы — 160 шақырым. Сондықтан бұл ауылға кезінде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша келгендердің бүгінде ісі оңға басып, ел қатарлы өмір сүріп жатыр.

Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияровтың айтуынша, ауыл екі бөліктен тұрады. Елді мекеннің жаңа құрылыс бөлігінде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша елімізге қоныс аударып, атажұртқа тұрақты тұруға келген қандас бауырларымыз үшін салынған тұрғын үйлер орналасқан.

Көктау ауылының негізі 1968 жылы құрылған. Десек те тәуелсіздік жылдарында қабылданып, жүзеге асырылған «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының аясында бұл өңірде жаңа ауыл пайда болды. Көктау-2 ауылы — мемлекеттің ілікті жобаларының бірі. Аталған бағдарламаның негізінде атажұртқа қоныс аударған отандастарымыз үшін жаңа Көктау-2 ауылының іргетасы қаланды. Бүгінде бұл өлкеде 300 отбасыға арналып 75 үй тұрғызылды. Әрбір мансард үй 4 отбасыға арналған. 2010 жылдан бері бұл жерге Өзбекстан, Ресей, Қарақалпақстан елдерінен қандас бауырларымыз көшіп келе бастады. Соның ішінде Қытайдан 4 отбасы қоныс аударды. Осылайша жер-жерден 134 отбасы қоныс аударған бұл аймақ қазірде бүтін бір ауылға айналып, ондағы тұрғындар мамыражай күн кешіп жатыр, — деді Нағымжан Алдияров.

Аудан басшысының айтуынша, Көктау-2 ауылына көшіп келгендердің барлығы тұрғын үймен және тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жол жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынады

Бүгінде 2400 тұрғыны бар Көктау ауылы, оның ішінде Көктау-2 елді мекені — «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған ілікті жобалардың бірі. Сол тұста құрылыс жұмыстары қарқын алып, түрлі әлеуметтік ғимараттар салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ең бастысы — ондағы халықтың сапалы өмір сүруі үшін бар жағдай жасалды. Қазір бұл ауылда 600 балаға арналған «Нұрлы көш»   орта мектебі жұмыс жасайды. Сол сияқты Көктау ауылдық дәрігерлік амбулаториясы тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетеді.

Нағымжан Алдияровтың айтуынша, Көктау ауылының болашағы зор. Ауылды көркейту, көгалдандыру жұмыстары — басты назарда.

Алдағы уақытта жаңа жобаларды іске асыру жоспарымызда бар.Көктау ауылындағы ұзындығы — 3,5 шақырым болатын екі көшенің жолын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ ауылда жаңадан Мәдениет үйін, ауыл әкімдігі ғимараты мен денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу да жоспарымызда бар. Аталған құрылыстарды жүргізу үшін құжаттар рәсімделді. Биыл жеке кәсіпкердің ықпалымен бұл ауылда жаңа балабақша ел игілігіне берілмек. Жоғарыда аталған жобалардың бірқатары биыл іске асырылмақ, — деді аудан әкімі.

Ертеңіне сенімді компания

Бүгінде облысымызда, оның ішінде Хромтау өлкесінде де түрлі инвестициялық жобалар іске қосылып, ел игілігі үшін жұмыс жасап жатыр. Оның үстіне, ескі зауыттар да қайта қалпына келтіріліп, іске қосылды. Жаңа зауыттардың салынуы облыста мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылып, жұмыссыздық деңгейін едәуір азайтты. Бұл салада тың жобалар мен бастамалар да жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы — кәсіпкерлік саласының кеңінен дамып, өркендеуіне мемлекеттен ерекше қолдау бар.

Хромтаудағы «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іргетасы Көктау ауылында қаланған. Өндірістік кешен бүгінде толағай жетістіктерге қол жеткізді.

Ресми мәліметтерде 2004 жылдың қыркүйегінен 2006 жыл­дың қыркүйегіне дейінгі ара­лықта «Коппер Текнолоджи» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігімен бірлесе жұмыс істеу шарты аясында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС Октябрьдің 50 жылдығы атындағы кеніштен жылына 2,5 миллион тонна мыс және құрамында 22-24 пайыз мыс бар 200 тонна мыс қоспа­сын өндіріп, қайта өңдеу жөнін­дегі тау-кен байыту комби­натының бірінші кезегінің құрылысын жүзеге асырды. Сол тұста тау-кен байыту комбинатының өнеркә­сіп алаңында мыс-мырыш руда­ларын қайта өңдеу жөніндегі екінші байыту фабрикасының құрылысы басталған болатын.

Ор маңы және Көктемгі Арал­шың кеніштеріне жақын орна­лас­қан бұл құрылысқа 200  мил­лион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.

Бүгінде «Ақтөбе мыс компаниясы» мен «Коппер Текнолоджи» серіктестіктері  облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Бірі мыс пен мырыш өндірсе, екіншісі оны байытады. Қазір қос компанияда 2000-ға жуық адам еңбек етеді. Аталған кәсіпорындар қарамағындағы еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше басымдық береді.

Бүгінгі күні Көктау ауылындағы әрбір отбасынан 2-3 адам «Ақтөбе мыс компаниясы» мен «Коппер Текнолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде еңбек етеді. Оның ішінде алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарымызды жұмысқа алу мәселесі бірінші кезекте шешілді. Бүгінгі күні Көктау ауылдық округінде 12 мердігерлік ұйым бар болса, солардың көбісінде отандастарымыз еңбек етіп жатыр. Ауылға қоныс аударғандардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтығын алды, — деді Н.Алдияров.   «Ақтөбе мыс компаниясы» қазірде өндіріске инвестиция тарту, қазақстандық мазмұнды арттыруға ерекше көңіл бөледі. Оның үстіне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де сезінеді. Ақтөбе қаласында жақын уақытта ғана ашылған «Аяла» балаларды оңалту орталығы — осы «Ақтөбе мыс компаниясының» ықпалымен жүзеге асырылған жоба. Аталған орталық қаланың Батыс-2 шағын ауданында тұрғызылды. Оның жалпы құны — 500 миллион теңге. Медициналық мекеме тиісті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда ерекше балаларға медициналық көмек көрсетіледі.

Жүрсінбай атаның алғысы

Көктау-2 ауылының тұрғыны Жүрсінбай Қоспанбетов 1932 жылы Өзбекстан Республикасының Зарафшан қаласында дүниеге келген. Атажұртқа бес баласымен 2011 жылы қоныс аударыпты.

Қазақ жері  — ата-бабамыздың кіндігі кесілген құтты мекен. Сондықтан бабаларымыз мекен еткен бұл аймақ біз үшін өте ыстық. «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының бізге тигізген шарапаты мол болды. Көктау ауылына қоныс аударғанымызға он жылға жуық уақыт болды. Міне, содан бері ауылдастарымыз бізді шеттетпей, өз қамқорлығына алды. Бүгінде балаларымыздың барлығы жұмыспен қамтылып, әрқайсысының өз баспанасы бар. Жұбайым Наршагүл Шинебекова — он баланың анасы. Көктау ауылы — мал мен жанға жайлы, құт-берекесі мол мекен. Осындай жерге келіп, мекендегенімізге шексіз ризамыз, — деді ақсақал.

Бүгінде 25 немере мен 9 шөберенің ата-әжесі Жүрсінбай ақсақал мен Наршагүл әжей ауылдағы той-садақалардың бірінен қалмайды. Қазыналы қарттарға ауылдастары ерекше құрмет көрсетеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button