Тарих

Өмір өткелдері

Өзгерістер кезеңі

1962 жылы елдің әкімшілік аумақтық құрылымында өзгерістер болды. Қазақстанда үш өлке құрылды. Ақтөбе, Орал, Гурьев, Маңғыстау облыстары бірігіп, Батыс Қазақстан өлкесі аталынды. Осы жылдарда аумақтарда кадрлардың ауыс-түйісі де көп болды. Мәселен, сол кезде Гурьев (қазіргі Атырау) облысының ішкі істер басқармасында жауапты қызмет атқарған Нығмет Серікбайұлы Ақтөбеге, өлкелік ішкі істер басқармасына ауысты. Ол жөнінде осы саланың ардагері өзінің 2009 жылы баспадан шыққан «Өмір өткелдері» кітабында: «1964 жылы қазан айының орта шенінде генерал З.Жексенов маған өлке орталығы — Ақтөбеге жұмысқа ауысуға ұсыныс жасады. Мен келісім бердім. Ұзын-ырғасы бір ай ішінде Батыс Қазақстан өлкелік ішкі істер басқармасының ОБХСС (мемлекеттік меншікті талан-таражға салумен күрес) бөліміне бастық қып тағайындау туралы бұйрыққа қол қойды» деп жазды.

Міне, сол Нығмет Айбатырұлы қоғамдық меншіктің көздің қарашығындай сақталуына уақытпен санаспай қызмет істеп, екі жылдың ішінде Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің қаулысымен милиция полковнигі атағын алады. Шынын айтсақ, ол кезде ұлт кадрларының шенінің бұлай жоғарылауы, бірінші басшылыққа тағайындалуы сирек болатын жағдай еді. Бұл ретте сол сиректің қатарында көрінген Нығметтің жолы болды. Өмірінің жастық шағын органда қылмысты іздестіру саласына беріп, одан қоғамдық меншікті қорғау ісімен түбегейлі айналысқан милиция қайраткері, 1972 жылдан облыстық ішкі істер  басқармасының тергеу бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Бұл оның тағдыры мылтық қарауылына ілінген талай әріптестерімен бірге әбден шыныққан, піскен ортасы еді. Осылайша  өлке кезінде өзін көрсетіп жұмыс істеген және ол тарағаннан кейін облыстық ішкі істер басқармасы бөлімдерінде қызметін жалғастырған милиция полковнигі 1974 жылы шілде айында Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына тағайындалды.

Осы қызметті атқарған кезінде қылмысты іздестіру, ОБХСС, тергеу, күзет, қоғамдық тәртіпті сақтау, паспорт, ақпарат бөлімдеріне және облыстық автоинспекцияға ұзақ жылдар куратор болып, бұл салалардың  тиімді жұмыс істеуіне ат салысады.

Облыста адам тонау, соққыға жығу, бұзақылық секілді қылмыс түрлері көбейген жетпісінші жылдардың ортасы мен сексенінші жылдардың басында басқарма бастығының бірінші орынбасарының тегеуірінді іс-қимылының, қылмысты жедел іздестіру, ұйымдастыру шараларын оңтайлы жүргізуінің арқасында көптеген қылмыстардың беті ашылады. Бүгін де олардың бәрін тізбелеп айтып шығу да мүмкін емес. Алайда, бір жақсысы, биыл туғанына 95 жыл толып отырған Нығмет Серікбайұлы органның жақсы басшысы болумен бірге, қолы қалт еткенде шығармашылықпен де шұғылданатын қаламгер адам еді.

Қаланы дүрліктірген оқиға

Оның артында Ақтөбе мен Атыраудың ішкі істер саласының әр жылдардағы қызметінің шежіресі дерлік бірнеше еңбектері қалды. Мысалы, өзі  қоян-қолтық араласқан оқиға туралы былай жазады:

«1981 жылы 10 қаңтарда таң қылаң бере Ақтөбе қаласының Ленин даңғылында тұратын шалдың пәтерінің есік қоңырауы безілдеп ала жөнеледі.

— Бұл кім? — деп сұрады, қыдырыстап кеткен баласын күтіп, ұйықтамай отырған шал.

Жауап ретінде есік сыртынан екі дүркін мылтық атылды. Оқ кеудесінен тиген шал ауыр жараланып, шалқалай құлады.

Арада бес күн өткен. Таң қылаң  бере шырылдаған қоңырау үні Ланглиц дейтін азаматтың отбасын шырт ұйқыдан оятты.

— Бұл қайсысы? — деп сұрады, есік жанына келген Ланглицтің әйелі ұйқылы-ояу күйде.

Шаңқ етіп мылтық атылды тыстан. Оқ жүрек тұсынан тиген әйел тіл тартпастан өліп кетті сол сәт…

Мұндай жантүршігерлік қылмыс облыс милициясын аяғынан тік тұрғызды. Қылмысты ашу қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы Шпаковқа тапсырылып, бірнеше оперативті топ құрылды.

Мән-жайы түсініксіз, ақылға сыймайтын қылмыстың таңғы сағат төрт пен бестің аралығында, қаланың бірнеше жерінде қайталануы тіптен жұмбақ еді. Оқиға болған жерді мұқият қарағанның өзінде есіктен өткен оқ пен бытырадан бөтен ешқандай айғақ табыла қоймады.

Қатты қинала бастадық. Себебі, жұртшылық арасында үрей туғызған қылмысты тезірек ашудың барлық мүмкіндігін қарастырсақ та еш нәтиже шықпай жатты.

1982 жылғы 16 желтоқсан болатын. Арада он бір ай өткенде белгісіз қылмыскер қанды жорығын қайта жалғастырып, Т.Дворникова  дейтін әйелдің пәтерінің есігіне шебер қолдан шыққан қопарғыш байлап кетіпті… Күкірт дәрісімен нығыздалған шыны ыдысқа тұтандырғыш салынып, оның бір шеті есікке желіммен жалғанған. Сонда есік ішінен ашылғанда, тұтандырғыш күкірт дәрісіне от беріп, қопарғыш жарылуға тиісті екен. Абырой болғанда, техникалық себептермен әлгі қастандық құралы жарылмай қалды.

Арада 14 күн өткенде әлгіндегідей қылмыс тағы қайталанды. Таңғы сағат төртте белгісіз жауыз құрылыс техникумының оқытушысы Войтовичтің есігін қағады. Келушінің кім екенін сұраған үй иесіне есік сыртынан оқ атылады. Бірақ ажал қорғасыны Войтовичке тимей жалап өтіп, жарға қадалады. Келесі күні Войтовичтің почта жәшігінен бір жапырақ қағаз табылады. Онда «Бұл жолы аман қалдың, бірақ сен өлуге тиістісің» деген жазу бар екен.

Екі жыл бойы Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының кәсіби мамандары мен тәжірибелі чекистері талай таңды ұйқысыз қарсы алды. Министрліктен келген білікті із кесушілер де аянып қалған жоқ. Бірақ еш нәтиже болмады. Жасалынған жоспар, белгіленген шара, жазылған қағаз… он екі томға жетті. Бұл не? Орган қызметкерлерінің әлсіздігі ме?

Бір ай өткенде қылмыстық оқиға таңғы төртте тағы қайталанды. Ажал бұлты бұл жолы қалалық мәдени-ағарту училищесінің оқытушысы Ерғалиевтің төбесіне үйірілген екен. Ертеңіне кешкісін «Сен тірі қалдың, бірақ өлуге тиістісің» деген ескерту қағаз, бұл үйдің де почта жәшігінен алынды. Қала халқы түн болса есік қоңырауынан сескенетін болды.

Ішкі істер басқармасына қарайтын барлық бөлімдердің кәсіби мамандарын қайта іріктеп, бұрынғы топтарды түбегейлі жаңғырту қажет деп шешілді. Хромтау, Алға, Октябрь қалаларынан қылмысты ашуға қабілетті қызметкерлер шақырылды. Қысқа мерізімде 30 оперативті топ құрылып, іске кірісті. Оның құрамындағы үш жүзге жуық қызметкерлер түнгі сағат 3 пен 5 аралығында қаланың түрлі аудандарында жабық бақылау жұмыстарын жүргізді. Оперативтік топтарға бақылау жасап, қажет кезде шұғыл көмек көрсету үшін басқармада тұрақты жұмыс істейтін штаб құрылды. Қосымша 15 оперативті қызметкер бөлінді. Штаб бастығы болып М.Т.Шпаков бекітілді.

Қаланың барлық оқу орындарында, жүйке ауруларын емдейтін диспансерде, техникалық училищелерде оперативті шаралар жүргізілді. Араларында бұрын адамдарға қастандық істегені үшін сотталғандары бар қаланың мыңдаған тұрғындары тексеруден өтті.

Осылардың ішінде мәдени-ағарту училищесінің оқытушысы Владимир Петрович Щетининнің болмыс-бітімі, жүріс-тұрысы назар аударарлық болды.

Сонымен Щетининнің жеке басы, мекен-тұрағы, жұмыс орны, күн ұзақ шұғылданатын ісі тәулік бойы жіті бақылауға алынды. Соңғы төрт-бес жыл көлемінде оның бірнеше мекемеде жұмыс істегені анықталып, кадр бөлімдеріндегі сенімді адамдар арқылы мінездемелер жинақталды. Щетининнің әр кезде іссапармен немесе жеке шаруамен Алматы, Орынбор, Қарағанды, Шымкент қалаларында болғаны ескеріліп, сол жерлерге арнайы тапсырмамен оперативті қызметкерлер, тергеушілер жіберілді.

1983 жылдың 12 наурызы болатын. Бақылауға алынған Щетинин  өз үйінен сағат он бірлер шамасында шығып, «Октябрь» кинотеатрының алдында белгісіз біреумен кездесті. Бірер минут сөйлескеннен кейін олар Батыс Қазақстан жылу қуаты бірлестігінің ылдиында орналасқан саяжай маңына қарай беттеді. Сол араға жеткесін Щетинин қол сандығын ашып, ішінен шүберекке оралған бірдеңені суырып алды. Онысы пистолет болып шықты.Сәлден кейін Щетинин есігі қалыңдау бір саяжай үйінен отыз қадам аралықты өлшеп алып, әлгі нысанасын атқылай бастады. Соңынан білсек, бұл атысы қолдан жасалған пистолеттің қуатын, оғының өтімділігін сынап-байқау екен. Атқан оқтарының қуаты мен дәлдігін тексеріп болған соң Щетинин қаруын қолсандығына қайта салып, қалаға оралды. Бірінші оперативті топ штабтағы  радиотелефон арқылы облыс прокуроры Әкімжановпен жедел түрде байланысып, Щетининді тұтқындауға рұқсат сұрады. Көп ұзамай ол ұсталды…

Толып жатқан бұлтартпас айғақтар Щетининнің жасаған қылмыстарын толық мойындауға мәжбүр етті. Сот үкімімен ол ату жазасына кесілді». («Нығмет Айбатырұлы Серікбаев. «Өмір өткелдері», Ақтөбе-2009).

Жиен

Осы ғұмырнамалық кітабында бізге жиен аға Нығмет туған нағашысы Ермағамбет ( менің әкем) туралы да естеліктерін жазып кеткен. Өйткені ол 1938 жылы Жылой қаласы маңындағы ауылында мектеп болмай, 5-сыныпты біздің үйде жатып жалғастырған. Осы оқиғаны  жоғарыда аталған кітабында былай суреттейді: «Мен барғанда Ғалымжан үш жаста екен, мені жатырқамай құшағыма кірді. Нағашым мен жеңешем Бақсұлудың тәрбиесінде, мен 1938  жылдан 1946 жылға дейін болдым. Әкем қайтыс болғаннан кейін, нағашым үйіне әжем мен інім Нығметолла қосылды».

Нығмет Серікбайұлы ішкі істер органында 40 жыл қызмет істеп, 1983 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлік демалысқа шықты. Мерейін тасытатындай ел-халық алдында алған марапаттары да аз емес еді, «Халықтар достығы» орденінің «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалінің (1954), Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасының (1967), иегері еді. КСРО ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер» атағы болды.

Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесіз!» дейді. Ол әулетімен ішкі істер органында қызмет істеді.  Інісі Нығметолла да Атырау облыстық ішкі істер басқармасында лауазымды қызметтер атқарды, милиция подполковнигі болды. Ағамыздың отбасында үш ұл, екі қыз тәрбиеленіп, өсті. Ұлдарының ішінен Асқар әке жолын қуып, Қарағанды қаласындағы Ішкі істер министрлігінің жоғарғы мектебін бітіріп, жауапты қызмет атқарып жүріп, жол апатынан қайтыс болды. Ал үлкен қызы Маржан, жоғары білімді офицер — полицияның подполковнигі атанды.

Отбасында өзін бақытты адаммын деп есептеген ағамыздың арты шүкір, ұрпақтары өсіп жетілуде. Немере-шөбере, тіпті шөпшектеріне дейін Серікбаевтар әулетіне лайық жақсы атқа ие.

Адам ұрпағымен мың жасайды деген — осы.

 Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button