Абай — 175Пікір

Абайды ұлықтау — ұлттың парызы

Баян БОРАШ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Өткен аптада Мемлекет басшысы Хакім Абайдың рухани мұрасын еліміздің ХХІ ғасырдағы алға ілгерілеу міндеттерімен орайластырған көлемді, кең тынысты, елді толғандыратын біраз мәселелерді қамтыған мақаласы жарық көрді.

Университет оқытушысы ретінде мен бірінші кезекте Президенттің Абайдың білім мен ғылым мәселесі жөнінде айтқан ойларын қазіргі таңда елімізде осы саладағы кемшіліктерімен сабақтастырып, сын айтуын орынды деп ойлаймын. Және мұны халықтың толық қолдайтынына сенімдімін.

Бүгінгі күні еліміздегі оқу орындарында мұғалімдер мен оқытушылардың  қағазбастылықтан бас алмай, реформалардан көз аша алмай қалғаны рас. Осы орайда

Президенттің «Педагог мәртебесі» туралы Заңды құптап, ұстазға деген құрметті арттыру, биліктің олардыңалаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау керектігін айтқаны көңілімізге қонды. Бұдан мектептер мен жоғары оқу орындарында Абайды насихаттауға байланысты жұмыс жүрмей жатыр деген пікір туындамауы керек. Көптеген білім беру мекемелерінде ұлы ақынға арналған әртүрлі кештер, Абай өлеңдеріне арналған байқаулар өтуде. Мәселен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндеашылған «Абай орталығы»ұлы ақынға байланысты жұмыстардың ұйытқысы деуге болады. Сондай-ақ С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Абайтану» пәні оқытылып, жақында облыста алғашқылардың бірі болып Абайға арналған қалалық ғылыми конференция өткізілді. Конференцияда жерлесіміз Қ.Жұбановтың абайтанудағы сүбелі туындылардың бірі «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты еңбегі туралы оқытушылар мен студенттердің баяндамалары тыңдалып, Абай өлеңдері мен қарасөздері оқылды.

Ғылыми жиынның жаңалығы ретінде Абайдың А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романы негізіндегі төл туындысы болып таныла бастаған эпистолярлық романы бойынша қойылым дайындалып, Абай романын ғылыми жағынан түсіндіруге арналған квест ойыны ұйымдастырылғанын айтуға болады.

Президент өз мақаласында Абайдың «Толық адам»іліміне тоқталып өткен. Бұл ілім туралы көп жазған, тіпті негіздеушісі ретінде абайтанудың үлкен білгірі М.Мырзахметовті атауға болады. Бұл ілімге Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мән беріп, ұлы ақынның «Толық адам» тұжырымын қайта зерделеуді ұсынды. Себебі Президент «Толық адам» концепциясы мемлекетті басқару ісіне де, білім жүйесіне де, тіпті кәсіпкерлік пен отбасы мәселесінің ұйытқысына айналу керек деп санайды.

Шындығында, бұл ілім рухани жаңғыру мәселесімен үйлесімін тауып, жастардың бойына ізгілік, кісілік, қанағатшылдық, парасаттылық сияқты ізгі қасиеттерді ұялатып, теріс мінез-құлықтан сақтандырады.Қазір республикада «Толық адам» формуласы бойынша 8 жоғары оқу орнында сабақ жүргізіле бастады. Біздің университетте де осы ілімді зерделеу қолға алынып, пән ретінде оқытудың дайындығы көзделіп отыр.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бұл мақаласы ұлы Абайдыңрухани мұрасын тануға, оның «Толық адам» ілімін бойымызға сіңіруге қосатын үлесі мол. Сондықтан еліміздегі барлық оқу орындарында, мекемелер мен өндіріс орындарында Президенттің бұл мақаласы насихатталса, біздің болашағымыз жарқын, рухани болмысымыз бүтін болып, болашақ ұрпағымыз білімді, патриот болып қалыптасады. Ал ең бастысы, Ұлы Абайды ұлықтау — ұлттың парызы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button