Денсаулық

Абайлаңыз, коронавирус!

Өткен жылдың желтоқсанынан бастап Қытайдың Ухань қаласында этиологиясы белгiсiз пневмонияның өршуі тіркелді. Мамандар қоздырғыштың коронавирустың жаңа түрі екенін анықтады. Ол теңіз өнімдері арқылы жұққан болуы мүмкін деген болжам жасалды.
Қазіргі уақытта бұл вирус әлі толық зерттелмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирус адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін айтады. Осы орайда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті облыс аумағында инфекцияның таралуының алдын алуға бағытталған іс-шараларын күшейтті. Денсаулық сақтау басқармасына пневмония ауруын дер кезінде диагностикалауды қамтамасыз ету, Ақтөбе әуежай санитарлық карантиндік бекеті не сырттқы және iшкi рейстермен ұшып келетiн жолаушылардың денсаулығына бақылауды күшейту жөнінде ұсыныс хат жолданды. Облыстың туристік агенттіктеріне де сақтану қағидаларын көрсете хаттар жіберілді. Департамент басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, коронавирус инфекциясынан сақтану кезгелген вирустық инфекциялардан сақтану жолдарындай: жеке бас гигиенасын, тазалықты сақтаған жөн, қолды сырттан келгесiн мiндеттi түрде жуу қажет. Науқас адаммен байланыс жасасаңыз маска кию, адамдар көп шоғырланатын жерлерге милiнше аз бару, жануарлар, жабайы аңдардан аулақ жүріңіз. Жедел респираторлық инфекция симптомдары байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек, — дейді ол.
Департаменттің аумақтық басқармалары халық арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер вирус жұқтырған адам байқалса, мамандар толық іске кірісуге дайын.
Сондай-ақ Мұхтар Сербаев БАҚ өкілдеріне тұмауға қатысты мәлімет берді. ДДҰ-ның болжағанындай, биыл тұмаудың А Н1N1 «Брисбен», А H3N2 «Канзас» және В«Колорадо» түрлері айналымда болып ауырған адамдардан зертханалық әдicпен табылып отыр. Тұмау әдеттегiдей желтоқсан айынан басталып сәуір айына дейін жалғасады. Әсіресе, қаңтар-ақпан айларында ауру өрши түседi. Тұмаудың таралуына жол бермеу үшін жыл сайын эпидемиялық маусым қарсаңында тұрғындарды вакцинациялау науқаны ұйымдастырылады. Вакцинациялау тегін жүргізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және ұлттық дәрілік заттарды сараптау орталығында тексерудің барлық кезеңдерінен өткен сапалы екпе қолданылады. Биыл облыс тұрғындарының 10 пайыздан астамы, яғни 87 431 адам тұмауға қарсы екпе алды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен вакцина сатып алуға 30 696 881 теңге бөлінді. Қосымша, жұмыс берушілер есебінен 19083 адам егілді. Иммундаудан кейін қолайсыз көріністер байқалмады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button