Басты жаңалықтар

Абайлаңыз, снюс!

Снюс —  түтінсіз темекінің бір түрі. Оның құрамына темекі, ылғалдандырғыш ретінде су, дәмін күшейту үшін сода және консервант ретінде тұз немесе қант, жағымды  дәм беру үшін ароматизаторлар қосылады (эфирлік майлар, жидектердің бөлшектері).

Снюстің басты қауіптілігі —  оның құрамында никотиннің мөлшері темекімен салыстырғанда бірнеше есе көп болуы (1 дана темекіде 1,5 мг болса, снюста  20 мг- 250 мг).

Снюсті жасөспірімдер мен жастар жиі пайдаланады. Себебі бұл қарапайым темекі сияқты иіс шығармайды, сондықтан ата-аналар байқай бермейді.

Снюстің ағзаға зияндылығы:

– бой өсуінің баяулауы және тоқтауы;

– есте сақтау қабілеті мен назар аударудың концентрациясы нашарлауы;

– ашушаңдылық пен тітіркенудің жоғарлауы;

– иммунитеттің төмендеуі;

– ауыз қуысында, асқазанда онкологиялық аурулардың пайда болуы.

Осыған орай ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.М.Бекшиннің «Снюс» шегуге арналмаған темекі және өнімді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу туралы» қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бірқатар жұмыстарды қолға алды. Облыстық прокуратураға, облыстық ішкі істер департаментіне, облыстық ішкі саясат, білім, денсаулық сақтау және жастар басқармаларына, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына хаттар жіберілді.

Департаменттің техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы Айсәуле Оралбаеваның айтуынша, снюстің алдын алу үшін  қазіргі таңда 22 акция өткізіліп, 30 дәріс оқылған және қала тұрғындарымен 55 рет кездесу өткен. Адамдар жиі шоғырланатын аумақтарға 501 брошюра таратылып, темекі өнімдерін сатушыларға ақпараттық хаттар жолданды. Снюстің зияндылығы туралы жадынамалар облыстық білім беру басқармасына жіберілді, сонымен қатар департаменттің және  басқармалардың әлеуметтік желілерінде жарияланды. Жергілікті БАҚ арқылы да хабар таратылып жатыр.  Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесе  кеңес өткізілді.

— Егер тұрғындар снюстің қайда сатылып жатқанына куә болса, 55-77-21 немесе 55-77-38 телефон нөмерлеріне хабарласуын сұраймыз. Темекінің бұл түрі біздің болашақ ұрпағымыз үшін өте зиян. Қазір мамандар қаладағы білім беру мекемелеріне барып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деді Айсәуле Оралбаева.

Мәселен, осы аптада  қаладағы Ақтөбе автожол колледжінің оқушыларына снюстің зияны туралы айтылып, ақпараттық парақшалар таратылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button